Басты ақпаратДенсаулық

Өлімнен кейін өмір сыйлау

Егер Қазақстанда донор мәселесі өз деңгейінде шешілер болса, қаншама адамның өмірін сақтап, ғұмырын ұзартуға болар еді… Алайда, елімізде өлімнен кейінгі донорлық мәдениет айтарлықтай төмен деңгейде екенін мамандар айтып отыр.

Қазақстанда донорлар неге аз?

Заманауи медицинада ағзалардың трансплантациясы – қазіргі кездегі емдеудің жаңа әдісі. Сол арқылы адамның өмірін ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартуға болады. Әрине, ол үшін донорлық дене мүшелері қажет. Оған тірі донордан гөрі қайтыс болған адамның мүшелерін алу әлдеқайда тиімді. Біздің елде бұл бағытта әзірге тапшылық өте жоғары деңгейде. Көбінесе өмірден қайтқан адамның мүшесін алуға туыстары келіспей жатады. Сондықтан Қазақстанда трансплантологияның дамуы өлгеннен кейін ағзаларын басқа науқастарға беретін донорларға тікелей байланысты. Әлемдік өлшеммен қарасақ, бүгінде транспланттау – әр сәтті жасалған операциямен бағаланып, сол мемлекеттегі медицина деңгейінің басты көрсеткіші болып саналады.

Кардиолог Юрий Пя жуырда қазақстандықтардың қайтыс болғаннан кейін донор болғысы келмейтінін түсіндірді. Белгілі қазақстандық кардиолог біздің елімізде өлімнен кейінгі донорлық мәдениеттің неге нашар дамығандығы туралы айтты. Еліміз бойынша 40 донорлық стационар бар, бірақ азаматтардың басқа адамдарға көмектесуге қатысу деңгейі мүлдем танымал емес. Өткен аптада Астананың кардиохирургиялық орталығында дәрігерлер бір донордың арқасында бірденнен бес пациентке операция жасаған бірегей жағдай болды. Жүрек, өкпе, екі бүйрек және бауыр қолданылған.

Көптеген дәрігерлер өлімнен кейінгі донорлық мәдениеттің төмен деңгейінің себебі халықтың хабардарлығының төмендігінде екеніне сенімді. Қазақстандықтар оның маңыз­дылығын білмейді.

«Біреу тұрмыстық жарақаттан, ал біреу апаттан немесе қан кетуден қайтыс болады. Бұл адамдардың барлығы – әлеуетті донорлар. Өткен жылы мен полициямен сөйлестім, олар бір жыл ішінде апат салдарынан үш мың адам қайтыс болғанын айтты» дейді Юрий Пя.

Білім беру бағдарламалары мен ақпараттық науқандардың жетіспеушілігі адамдардың қайтыс болғаннан кейін басқаларға қалай көмектесе алатынын түсінбеуіне әкеледі. Ал Қазақстанда кейде өлімнен кейінгі донорлық идея­сына қайшы келетін дәстүрлі және діни нанымдар үлкен рөл атқарады.

Шариғат не дейді?

Бізде көп жағдайда донорлыққа адамдардың діни наным-сенімі кедергі болатын сияқты. Әсіресе, мұсылмандар арасында. Бірақ дін өкілдері исламда тыйым жоқ деп отыр. Діндарлар мүше ауыстыруға қайшы емес, егер ол адам өмірін сақтап қалуға тегін берілсе дейді. Керісінше сауапты іс екен. Бірақ өлген адамның ағзалары ақша табу мақсатында жасалса, оған түбегейлі қарсы.

Иә, өлім – хақ. Бірақ мәйітті жерге бергенше, басқа адамдардың да өмірін ойлап, осындай әрекетке барсақ, ол Аллаға да, адамға да жағатын сауапты іс емес пе?!

Донор болу – ізгілікті іс

Биыл Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде өлімнен кейінгі міндетті донорлықты енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіргені белгілі. Оның айтуынша, ағза донорлығын дамыту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуі керек.

– Жалпы, Қазақстанда заң деңгейінде адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тәртібіне қатысты жұмыс реттелген. Дегенмен, бұл салада жетілдіретін тұстар бар шығар, бірақ ол тек заңнамалық базаға байланыс­ты емес. Бұл жерде халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі өте үлкен мәселе. Атап айтқанда, осы саладағы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтаймыз. Менің ойымша, халықтың өзі бұған дайын болуы керек. Біріншіден, мұны мәжбүрлі түрде жасауға болмайды. Біздегі заңнама ағза донорлығын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан аталған мәселелер бойынша тиісті қадамдар жасап, ақпараттық жұмыс және халықтың қолдауы арқылы осыны кезең-кезеңмен іске асыру керек, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Министрдің айтуынша, 2019 жылға дейін жыл сайын өлімнен кейінгі ағза донорынан жасалған ағза алмастыру оталарының саны 86-ға дейін жетіп отырды. Әлемде өлімнен кейінгі ағза донорлығының көрсеткіші бойынша АҚШ, Испания, Хорватия елдері көш басында тұр. ТМД елдерінің ішінде Беларусь тізімнің алдында. Бұл елдерде өлімнен кейінгі ағза донорлығының көрсеткіші орта есеппен 1 млн адамға 31-ден келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық есебі бойынша, Қазақстанда бұл көрсеткіш — 0,021 деңгейінде.

Қазақстанда трансплантация тек мемлекеттік медицина мекемелерінде ғана жасалады. Елде осындай алты мекеме бар. Оның үшеуі Астанада, қалғаны Алматы, Шымкент пен Ақтөбеде орналасқан.

Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы республикалық трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру орталығының басшысы Әділ Жұмағалиев елде трансплантология мен донорлықты дамыту қиындағанын айтады. Спикердің пікірінше, бүкіл трансплантология саласының тағдыры қыл үстінде тұр.

– 2012 жылдан бері адам мүшесін ауыстыратын 1800-ден астам ота жасалса, сонша донор қайдан шықты? Мұндайға кез келген адам келісе бермейді ғой. Аталған жағдайлардың бәрінде науқасқа туыстары, жақындары мен достары донор болған. Тірі адамның ағзасын алмау үшін, қайтыс болған адамды донор ретінде пайдалануды дамытуымыз керек, – дейді ол.

Орталық басшысының дерегінше, қазір екі жыл бұрын құрылған донорлық мүше күту кезегінде тұрған науқастар тізімінде 3242 адам бар, оның 116-сы – балалар. 2958 науқасқа – бүйрек, 136 азаматқа – бауыр, 146 адамға жүрек қажет. Бір адам – өкпе, тағы бірі жүрек пен өкпе кезегінде тұр. Жыл басыннан бері донорлық мүше тапшылығынан 238 адам қайтыс болған. Кезекте тұрған науқастар арасындағы өлім көрсеткіші 2019 жылы – 146, 2018 жылы – 120 адам болған.

– Бұл қайғылы статистика жыл өткен сайын артып келеді. Оған себеп – донорлық мүше тапшылығы. Кезек күтіп тұрғандардың үміті азайып барады. Науқастар көз жұмып, кезекте тұрғандар саны артып келеді. Бұл тек Қазақстандағы жағдай емес. Мұндай тенденцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мойындап отыр. Біз «Қайтыс болған адам донор болуы керек пе, жоқ па?» деген тақырыпты талқылап жүргенде, сондай мүшеге мұқтаждар арасында ажал құрығына ілінгендер көбейе береді. Әлемде шамамен миллионға жуық адамға донорлық мүше керек. Бірақ өкінішке қарай, әрбір оныншы адам ғана қажет мүшеге қол жеткізіп, ота жасатады, – дейді халықтың трансплантологияға деген сенімін арттыруды өзінің негізгі міндеті санайтын Ә.Жұмағалиев.

Осы саладағы білікті дәрігерлердің сөздеріне қарағанда елімізде жалпы потенциалды донор жеткілікті көрінеді. Мәселен, жылына көлік апатынан шамамен 3 мыңға жуық адам қайтыс болады десек, олардың жартысы – жастар. Халықаралық тәжірибеде донор мәселесі қалай шешілген дегенге келсек, мамандардың айтуынша, әртүрлі тәжірибелер бар. Мысалы, көп елдерде азаматтар жүргізу куәлігін алғанда, қандай да бір жағдай болып жатса, мүшесін беруге келісетіндігі базада тұрады. Сондықтан адам қайтыс болған жағдайда туыстарын іздеп жатпай-ақ мәселе бірден шешіледі. Өйткені, адам көз жұмғаннан кейін жүректі – 4, бауырды – 6-8, бүйректі 24 сағат ішінде басқа адамға салып үлгеру керек екен. Ал кейбір елдерде егер сен тірі кезінде өзіңнің келіспегеніңді жазбаша қалдырмасаң, автоматты түрде туыстарының келісімінсіз-ақ мүшесін ала бересің. Өйткені ол қарсы болмаған. Жалпы дәрігерлер туыстарының келісімін алады. Әрине, бұл – адами әрекет. Сондықтан ең соңғы сөз туыстарына қалдырылады… «Кім донор бола алады?» дегенге келсек, инфекцияға ұшырамаған, бауыры, бүйрегі, жүрегінің кінәраты жоқ кәмелеттік жастан 60 жасқа дейінгілер.

Елімізде ауруханада өткізілген трансплантацияның бәрі тегін жасалды. Үкімет ота жасауға ғана емес, операциядан кейінгі уақытқа да тегін дәрі береді. Себебі, олар тұрақты түрде дәрі ішіп тұруы керек. Оның үстіне әр ота жасалған адамның денсау­лығын дәрігерлер мұқият бақылауда ұстайды. Себебі, нәтиже жіті бақылауға да байланысты. Дәріні азайту, көбейту, ультрадыбыстық тексеру жасауды ота жасаған мамандар өздері жүзеге асырады. Мемлекетіміз қолдан келген көмегінің бәрін жасап отыр. Дәрігерлер де үкіметтің үдесінен шығуға тырысып, күндіз-түні қажетті оталарды жасап, тамаша көрсеткіштерге қол жеткізіп жатыр. Тек халық енді осыны түсінуі қажет. Қалай да науқас адам өз проблемасымен қалмауы керек.

P.S: Адамның өміріне жетер байлық жер бетінде жоқ. Оның бағасы өлшеусіз қымбат, құнсыз. Ал, донор болып адамға екінші өмір сыйлау – теңдессіз ерлік, жанды тербеп, ерекше толқытады. Айналамыз­дағылар осындай адами қасиеттен айырылмай, бір-біріне өмір, қуаныш сыйлай берсе екен деген тілек бар бізде.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button