Арзанның жілігі татымайды
Соңғы жылдары Қазақстанның автомобиль нарығында Қытай автомобилінің үлесі жылдан жылға артып келеді. Әсіресе, Ресей санкцияның садағына ілініп, автомобиль зауыттарына еуропалық және жапон жабдықтарын жеткізу тоқтатылғалы бері Ресей мен Қазақстанда Қытай көліктері қаптап кетті. Қазақстандағы Еуропаның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның көліктерімен салыстырғанда Қытай көліктерінің бағасы да арзан. Қажет болса, жеке куәлікті апарып бөліп төлеу тәсілімен де алып кетуге болады. Бірақ Қытай көліктерінің сапасы қандай? Сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған жоқ па?
Қазақстанның жеңіл көлік нарығында қытайдың Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour және FAW көліктері бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ең көп сатылған көліктің жетеуі Қытайда шығарылған. Әсіресе, Chery, Haval және JAC-тың Қазақстандағы саудасы өте жоғары. Өйткені Қытай көліктерінің бағасы арзан, іші-сырты көрер көзге жылтырап тұрғандықтан, жүргізушілер ескі көлікпен алысып, есім шыққанша, бір жыл болса да жаңа көлік мінейін деген ішкі есеппен арзан бағадағы Қытай көлігін алуға асығады. Бірақ, Қытай көлігі бізге арзан сияқты көрінгенімен, біздің елде Қытайдағы бағасынан 2-3 есе қымбатқа сатылатыны тағы бар.
Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы Қытайдың автомобиль экспорты тұңғыш рет Жапонияны басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Әсіресе, Қытай электрлі көлік өндіру жағынан әлем елдерінен көш ілгері кетті. Осы жағдайға байланысты Tesla компаниясының басшысы Илон Маск «Егер үкімет сауда шектеулерін енгізбесе, Қытай автокөлік өндірушілері басқа автомобиль компанияларының көпшілігін басып озады» деп мәлімдеме жасаған еді. Еуропалық Одақ (ЕО) Қытай көліктерінің импорттық тариф мөлшерлемесін 48%-ға дейін көтеру жағын қарастыруда. Әзірше қытайлық көліктерге төтеп беріп тұрған нарық АҚШ қана. Олар Қытайдан көлік кіргізуге қатысты алымды көлік құнының 27,5%-ына жеткізген.
2023 жылы Қазақстанда 149 150 жеңіл автокөлік құралы кедендік рәсімдеуден өткен. Мұның 45 984-і Қытай көлігі болса, 39 395 көлік Грузиядан әкелінген. БАӘ – 20 320, Оңтүстік Кореядан – 14 870, Жапониядан 11 438 көлік импортталған
Қытай көліктерінің әлемдік нарықта арзан болуындағы басты себеп: Қытай шетелге экспортталатын көліктерге субсидия беру, салықтан босату сияқты тәсілдерді қолданса, ал импорттық көліктерге жоғары алым салып, өз елі кәсіпкерлерінің мүддесін барынша қорғап отыр. Алайда бұл кәрі құрлық өндірушілеріне мүлде ұнамайды. Одақ көлемінде бәсекелестікке қатысты шағым көбейген соң Еурокомиссия Қытайдың көліктерге беретін субсидиясына қатысты тексеруді бастады. Олардың пікірінше, бұл бағаны әдейі төмендетуге әкеледі. Ал біздің елде көлемді көлік өндірісі болмаған соң, Үкімет бұл мәселені ескеріп отырмаған сияқты.
2023 жылы Қазақстанда 149 150 жеңіл автокөлік құралы кедендік рәсімдеуден өткен. Мұның 45 984-і Қытай көлігі болса, 39 395 көлік Грузиядан әкелінген. БАӘ – 20 320, Оңтүстік Кореядан – 14 870, Жапониядан 11 438 көлік импортталған. Демек, қазақстандықтар утиль алымының жоғарылығына қарамастан Қытай көлігін алып жатыр. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай Қытай көлігі біздің нарықта үш еселеніп сатылса да, бәрібір басқа көліктерден арзан болып отыр.
Дей тұрғанмен, еуропалық, жапондық көліктермен салыстырғанда қытайлық көліктердің турбореактивтік қозғалтқышында, коробкасында, сондай-ақ тіректі қаңқасында кінәраттар болуы мүмкін. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қытай көліктері техникалық жақтан әлі толық пісіп-жетілген жоқ. Қауіпсіздік жағынан қамтамасыз етілуі де Еуропа, Жапония көліктері мен сапасы тең дей алмаймыз. Сондай-ақ материалдарының көбі ұзақ уақытқа жарамсыз болуы мүмкін. Зауыттан шыққанда жылтырап тұрған көліктері бірер жылдан кейін сыр беріп, есік-терезесінен шаң кіріп, шаршағаны біліне бастайды. Әсіресе, жолының көбі ой-шұңқыр Қазақстанда Қытай көліктері тіпті тез сыр береді.
Қазір Қытайда да автокөлік бағасы күн сайын арзандап барады. Әсіресе, Қытайдың өзі нарыққа шығарған Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour және FAW көліктері сол елдің өзінде сатылмай, бағасы сабан боп жатыр. Өйткені қытайлықтардың өзі де қалтасы көтерсе, Toyota, Kia, Mitsubishi, Audi, Ford, Lexus… көліктерін мінеді. Себебі бұл көліктер техникалық жақтан сенімді, қытайлық көліктермен салыстырғанда ғұмыры ұзақ, қосалқы бөлшектері тез табылады. Құнын сақтайды, бірер жыл мініп, сатсаңыз да бағасы тым түсіп кетпейді. Ал Қытайдың өзі жасаған көліктері салоннан шыққан сәттен бастап бағасы түсіп, бірер жылда жарты бағасына да сатылмайтын деңгейге жетеді. Қытайдың арзан көлігіне қызығып жүрген отандастарымыз осы мәселені ескеруі керек.
Ең маңызды мәселе, Қытай көліктерінің Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour және FAW деген түрлері болғанымен, олардың ішкі бөлшектерінің қалыптасқан өлшемі жоқ. Қытайлық өндірушілер көліктердің қосалқы бөліктерін жыл сайын, тіпті ай сайын өзгертіп отырғандықтан, қазір қытайлық машиналардың қосалқы бөлшектерін табу қиынға соғуда. Осыдан бір қанша жыл бұрын зауыттан шыққан көліктердің қосалқы бөлшегін таба алмаған қытайлар жақында осы мәселеге байланысты наразылыққа да шықты. Демек, Қытай көлігін сатып аларда осы мәселені айырықша ескерген жөн. Ал Қытайдың электрлі көліктеріне келсек, оның да артықшылығынан кемшілігі көп сияқты. Әсіресе, қуаттағыш жүйесінің ғұмырының қысқалығына және оны ауыстыруға жұмсалатын қаражаттың өзі машинаның құнымен қарайлас болуына байланысты қытайлық электр көліктердің көбі Қытайдың өзінде 3-4 жылдан кейін кір жаятын темірге айналып қалып жатқан жайы ойлантады.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ