Басты ақпаратҚоғам

Париж-2024: Кімнен, қандай нәтиже күтеміз?

Кеше әлем жұрты Париж Олимпиадасының ашылу салтанатына көз тікті. Бұған дейін 1900 және 1924 жылы ойындарды өткізген-ді. Тұңғыш рет Олимпиаданың ашылу салтанаты стадионда емес, Сена өзенінде өрбіді. Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шықты.

Күткен күн

Төртжылдықтың басты бәсекесінде 208 елдің 10 500 атлеті 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығына таласады десек, кеше жүлдеге үмітті мықтыларды шеруден көрдік. Иә, ұлттық құрама мүшелері жеке қайыққа мініп, өзен бойымен шығыстан батысқа қарай алты шақырымды кесіп өтіп, Трокадеро алдында аяқталды. Онда ашылу рәсімінің соңғы элементтері мен мерекелік шоуларға куә болдық. Енді Париж Олимпиадасының алауы 11 тамызға дейін жанып, әлем үздіктерін анықтайды. Алғаш рет спорттық көше биі – брейкинг бойынша жарысады. Олимпиада бағдарламасында екінші рет серфинг, жартасқа өрмелеу және скейтбордингтен спортшылар бақ сынайды.

ХОК Олимпиада бітім шартын бұзғаны үшін Ресей мен Беларусьті команда ретінде қатысудан шектеді. Алайда ұлттық идентификациясы жоқ «жеке бейтарап спортшылар» ретінде қатысуға мүмкіндігі бар. Олардың нәтижесі медальдар кестесінде делегация ретінде қарастырылмайды.

24 шілде – регби және футбол, ал 25 шілдеден бастап – гандбол және садақ атудан бәсеке басталды. Боксшылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды. 1/8 финалда Сәкен Бибосынов түрік Самет Гумушпен қолғап түйістірсе, Махмұд Сабырхан испан Хосе Гуелес Бротонспен кездеседі. Біздің боксшылар ширек финалда әлем чемпиондары өзбек Хасанбай Дусматовпен және Абдумалик Халоковпен жолығуы мүмкін. Команда капитаны Асланбек Шымбергенов екінші айналымға өтсе, жапон Севон Оказавамен кездеседі. Естеріңізде болса, Азия ойындарының финалында жапоннан ұтылған еді. Сарапшылар Асланбекті бірінші орын алатынына сеніп отыр. Нұрбек Оралбай мен Қамшыбек Қоңқабаевқа жеребе жолдас болды, енді екеуінен де жүлде күтеміз.

Дзюдо жеребесі тартылып, 48 келіде әлемнің рейтингте үшінші орында тұрған Абиба Әбужақынова олимпиадада финалына дейін өтуге мүмкіндігі бар. 60 келіде Елдос Сметов бірінші айналымда нидерландтық Торнике Чакадоэа белдеседі. Елдостың бабы мен бағы сай келсе, үшінші рет Олимпиада жүлдесін алуы мүмкін. Садақ атудан іріктеу кезеңі басталып кетті. Теннистің жеребесі тартылып, Елена Рыбакина жүлдегерлер санатына қосып отырғанымыз­да, чемпионымыз жарыстан бас тартты. Одан бөлек, жеңіл атлетика, құзға өрмелеу, мылтық ату, ескек есу, күрес түрлерінен жүлде күтетініміз анық. Әсіресе, Азия ойындарында алтын медаль сыйлаған мергендерге сенім басым.

Еленаға не болды, турнирге қанша адам барды?

Әлеуметтік желідегі пікірлер екіге бөлінді. Басым көпшілігі Елена Рыбакинаны даттап, «кезекті рет лақтырды» деген айдар тағуда.

Ал Туризм және спорт минис­трлігінің телеграмдағы парақшасында «Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина XXXIII жазғы Олимпиадаға денсаулығының нашарлауына байланысты қатыса алмайды.

Оның Уимблдон турнирінен кейін тыныс алу жолдары қабынып, ісініп, ауырған. Соған қарамастан Елена дайындалып, Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсеткісі келді. Алайда дәрігерлер оған кортқа шығуға, ұшуға тыйым салған» деп мәлімдеді.

Естеріңізде болса, Рыбакина Азия ойындарына да қатыса алмаған еді. Енді төртжылдықтың басты бәсекесінен тыс қалды.

Ойындарға 209 қазақстандық барды. Оның 149-ы – жаттықтырушылар мен спортшылар. Егер 80 атлет өнер көрсетеді десек, сонда 69 бапкер шәкіртінің бабына жауап береді деген сөз. Туризм және спорт министрлігінің 5 өкілі төбе көрсетеді. Ұлттық Олимпиада комитетінен 10 адам, Спортты дамыту басқармасынан 6 адам ұлттық құраманың жанкүйері болады. Ал спорттық медицина және оңалту орталығының дәрігерлері, массажистерінің саны – 23, журналистер 16 адам болады.

Рекордтар, тағы да рекордтар…

1886 жылдан бастап 32 рет Олимпиада ойындары өтсе, соның 18-інде АҚШ командалық есепте бірінші орын алды. 6 рет КСРО, Қытай, Франция, Германия, Ұлыбритания бір реттен төртжылдықтың бас­ты додасында үздік атанды. АҚШ құрама командасының спортшылары 25 мың медаль еншілесе, соның 1 мыңға жуығы – алтын медаль. Бұл – олимпиадалық командалар арасындағы рекордтық көрсеткіш. Енді ше, бір ғана жүзгіш Майкл Фелпс командасына 23 алтын медаль сыйлады. Олимпида тарихында командалық есепте алғашқы үштікке Греция, Куба, Швеция, Финляндия, Италия, Венгрия, Аустралия, Румыния, Болгария және Ресей кірді. Токио Олимпиадасында алғашқы үштікті АҚШ, Қытай, Жапония өзара бөлісті. Париж Олимпиадасында үздік үштікке АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Франция таласатыны анық. 1990 жылы француздар Олимпиада ойынын қабылдап, командалық есепте бірінші орын алған-ды. Өз елінде осы нәтижені қайталай ала ма? Бұған өзге ұлттық құрама командалар келіспейтіні анық.

Қазір әлем спорты ғылымның араласуымен қатты дамып кетті. Жеңіл және ауыр атлетика, суға жүзу және тағы басқа спорт түрлерінен адамның мүмкіндігі енді жетпейді деген рекордтық көрсеткіштерді қайта-қайта бұзып, таңғалдыруды тоқтатар емес. Мәселен, Токио Олимпиадасында Норвегияның намысын қорғаған Якоб Ингебригтсен 1500 метрлік қашықтықты 3:28,32 бағындырды. Америкалық Райан Краузер ядраны 23,30 метрге лақтырып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Жалпы, Пекин-2008 және Лондон-2012 турнирінде 8 рет олимпиадалық рекорд жаңартылса, Токиода 10 рекордтың мұрты бұзылды. Міне, осыдан-ақ әлем спортының қарқынын аңғаруға болады. Париж төрінде талай рекорд бұзылып, адамның мүмкіндігі зор екеніне куә болатынымыз анық. Біз спортшылардың рекордтарымен мақтана алмасақ та, Вэла Баркер кубогын алған Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиевтің жетістігін алға тартамыз.

Велосаяхатшының ерлігі

Туризм және спорт министрі Қазақстанның Париждегі елшілігінде велосаяхатшы Рәббім Борашевті күтіп алды.

Велосаяхатшының сапары Маңғыстаудан басталып Франциядағы «Салтанатты аркада» мәреcіне жетті. Оны Франция­дағы Қазақстан Елшілігінің ұжымы мен француз қоғам қайраткерлері салтанатты түрде қарсы алды.

Ведомство басшысы Маңғыс­тау облысының тұрғынын Қазақстан елшілігінде қошеметпен қарсы алып, велосипедшінің спорттық дайындығы мен ерік-жігерін ерекше атап өтті.

Ол адымен Ақтаудан Бакуге, содан кейін Грузия арқылы Түркияға жетті. Әрі қарай Аустрия, Германия арқылы Парижге жетті.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button