Тегін үйірме – болашаққа салынған инвестиция
Кез келген елдегі қоғамның болашағы – балалар. Сондықтан мектеп жасындағы балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелерімен толықтай қамту мақсаты күн тәртібінде тұрғаны рас. Бұл өзі өскелең ұрпақ игілігі, болашағы үшін жасалған жарқын бастама болды. Нәтижесінде мемлекет есебінен қаржыландырылатын үйірмелер көптеп ашылып, спорт пен өнерге баулитын орталықтар құрылып, бірқатар құқықтық акті бекітіліп, қабылданды.
Атап айтқанда, бірінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары. Екінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары. Үшінші – мемлекеттік тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі. Төртінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің және спорт секцияларының рейтингін анықтау қағидалары.
Алайда қоғамдық ортадағы мәдени және интеллектуалды деңгейдің төмендеуі дәстүрлі құндылықтар иерархиясын жандандыруды талап етеді. Мүліктік саралаудың күрт күшеюі және қолайлы өмір сүру деңгейі үшін күрес, өзімшілдік пен прагматизмге негізделген әдет-ғұрыптардың стихиялық қалыптасуына алғышарттар жасады. Адамгершілік бағдарларының жоғалуы мен құнсыздануы қоғамдағы жағымсыз салдарға әкелді, олар: әлеуметтік әлімжеттік, жасөспірімдер арасындағы криминогенділіктің өсуі, қаңғыбастық, кәмелетке толмағандар арасында нашақорлық, балалардың оқуға және өзін-өзі жетілдіруге деген қызығушылығының төмендеуі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ұлттың шығармашылық әлеуетін дамыту үйлесімді және орнықты қоғамды қалыптастырудың негізгі факторы деп, «Шығармашылық – бұл өзін-өзі көрсету тәсілі ғана емес, сонымен бірге елдің мәдени бірегейлігін қалыптастырудың қуатты құралы» екеніне назар аударды. Бұл процестің маңызды аспектісі – жастарға арналған шығармашылық бағдарламаларға қолжетімділікті арттыру және суретшілер мен шығармашылық ұжымдарды қолдау жүйесін нығайту. Бүгінде әр баланың өз талантын дамытуға және өз кәсібін табуға мүмкіндігі болуы қажет әрі бұл өз кезегінде елде серпінді мәдени ортаны қалыптастыратыны даусыз.
Damubala.kz – жаңа платформа
2021 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл жергілікті атқарушы органдарға ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға және халықтың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік берді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаны іске асыру үшін платформаны таңдау өкілеттігі жергілікті органдарға беріліп, ол тапсырмалардың тиімділігін арттыруға ықпал етті. 2023 жылдың мамыр айында мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру жаңа платформаға – damubala.kz көшірілді. Астана қаласы әкімінің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы «Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы» қаулысына сәйкес дирекция құрылып, бұл осы саланы жүйелі басқаруға жасалған маңызды қадам болды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап дирекция мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға кірісті.
Дирекцияның негізгі мақсаттары: 1.Шығармашылық бағдарламалардың кең ауқымы арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін қолжетімді орта құру. 2. Ұлттық өнерді, дәстүрлерді дамыту арқылы ұлттың мәдени бірегейлігін нығайту. 3. Шығармашылық білім беру сапасын және әртүрлі әлеуметтік топтағы балаларға арналған шығармашылық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру.
Қазіргі уақытта бағдарламамен 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Ашық дереккөздерге сәйкес, платформадағы белсенді ваучерлердің жалпы саны – 24067. 2024 жылы жаңа ваучерлер берілді. Бұл шығармашылық бағдарламаларға деген қызығушылықтың артқанын растады. 2024 жылы берілген ваучерлердің жалпы саны – 11500, барлық ваучерлер жеткізушілер бойынша бөлінді. 2024 жылғы 1-10 қарашада жеткізушілер үшін өтінімдерді қабылдауда 2500 өтінім қабылданып, оның 680-і мақұлданып, 868-і кері қайтарылды.
Сұранысқа сай үйірмелер
Белсенді ваучерлердің едәуір саны балаларға әртүрлі шығармашылық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беретін бағдарламаның сәтті жүзеге асуын әрі түрлі салаға қызығушылығы бар балаларды қызықтыратын үйірме бағыттарының кең таңдауының болуын көрсетеді. Танымал үйірмелердің саны бойынша сұранысқа ие: 1. Кескіндеме және сурет: 230 үйірме, 6909 ваучер; 2. Ұлттық (Халықтық) билер: 126 үйірме, 3915 ваучер; 3. Домбыра: 151 үйірме, 3095 ваучер; 4. Заманауи (эстрадалық) билер: 107 үйірме, 2840 ваучер.
2024 жылы дирекция бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар өткізді. 2024 жылғы 12 сәуірден бастап дирекция жеткізушілерге ресми хабарламамен 195 рет ашық түрде байланысқа шығуды жүзеге асырды. Нәтижесінде анықталған ескертулер негізінде 4 өнім беруші мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде қызмет көрсетуді тоқтатты. Ескертулердің негізгі түрлері – платформадағы сабақ кестелерінің сәйкес келмеуі – 24, материалдық-техникалық жарақтандырылмауы – 33 бұзушылық. Сондай-ақ ата-аналарға қоңырау шалу кезінде шығармашылық үйірмелерге бармайтындар анықталып, жосықсыз жеткізушілердің бюджет қаражатын мақсатсыз алғаны, соның нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 285024,96 теңге қайтарылды. Ол бақылаудың маңызын және мониторингті одан әрі күшейту қажет екенін көрсетті. Жалған алғашқы медициналық көмек сертификаты бар 3 жаттықтырушы анықталды. Әрі жеткізушілердің ата-аналардың электрондық цифрлық қолтаңбасын олардың рұқсатынсыз пайдалану фактісі бойынша материалдар прокуратураға және Астана қаласының Полиция департаментіне жіберілді. 2025 жылы Қоғамдық кеңес және мәслихат депутаттарының өкілдерімен бірлесіп сабаққа қатысу бойынша іс-шаралар жоспарланған.
Дирекция 2024 жылдың үшінші тоқсанында есеп беру концерттерін өткізді: «Балет» бағыты бойынша жеткізушілердің шығармашылық жылдың шарықтау шегіне жеткен «Астана Опера» театрындағы есептік концерті; Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде өткен «Нағыз қазақ – домбыра» ауқымды іс-шарасы. Бір уақытта 3 мыңнан астам жас домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Өнер әлеміндегі бірегей оқиға Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енді. Биыл наурыз айында жетігенде 500 баланы қамту жоспарланып, алдағы іс-шараларға арналған шығыстар бюджетке салынды.
Бастысы, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты құру айтарлықтай артықшылықтар көрсетті.
Олар:
1. Шығармашылық оқытудың қолжетімділігі: бағдарлама әртүрлі әлеуметтік топтағы балаларға арналған шығармашылық үйірмелерге кең қолжетімділікті қамтамасыз етеді әрі бұл барлығына бірдей мүмкіндік береді.
2. Мәдени бірегейлікті дамыту: халық биі және дәстүрлі музыка сияқты ұлттық өнер бағыттарын қолдау мәдени бірегейлікті нығайтуға және мәдени мұраны жеткізуге көмектеседі.
3. Жергілікті шығармашылық топтарды қолдау: бағдарлама мәдени инфрақұрылымды жақсартатын және жаңа жұмыс орындарын құратын жергілікті суретшілердің, музыканттардың және театрлардың дамуына ықпал етеді.
4. Шығармашылық әлеуетті қалыптастыру: балалар мен жастардың өз потенциалын дамытуға мүмкіндігі, бұл өз кезегінде олардың жеке және кәсіби өзін-өзі дамытуына ықпал етеді.
5. Әлеуметтік интеграция: шығармашылық әрекеттер балалардың әлеуметтенуіне, командалық рухты және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға көмектеседі.
6. Жаңа бағыттарды дамыту: бағдарлама өзекті тенденцияларға сәйкес келетін цифрлық өнер және театр шеберлігі сияқты заманауи шығармашылық бағыттарды енгізуді қолдайды.
7. Іс-шараларды ұйымдастыру: есеп беру концерттері мен көрмелерді өткізу қатысушылардың жетістіктерін көрсетуге көмектеседі, бұл оларды сабақты жалғастыруға ынталандырады және жұртшылықты тартады. Бұл әртүрлі және динамикалық мәдени ортаның қалыптасуына ықпал етеді әрі қаланың, елдің жалпы өмір сапасына әсер етеді.
Қоғам деңгейін арттырады
Шығармашылық – бірінші кезекте балалық қиял мен ойдағы арманға баланы ынталандыру. Шығармашылық, ең алдымен, қиялдың дамуына ықпал етеді, бұл әсіресе күрделі мәселелерді шешуде және ойлаудың жаңа тәсілдерін табуда маңызды. Өнермен айналысатын адамдар шеңберден тыс ойлауға және инновациялық идеяларды дамытуға бейім. Шығармашылық сурет салуды, музыканы, биді және драманы қоса алғанда, өрнектің көптеген түрін қамтиды.
Шығармашылықтың осы түрлеріне қатысу қарым-қатынас пен экспрессивтілік дағдыларын жақсартуға көмектеседі, бұл өмірдің барлық саласында пайдалы. Өнердегі жетістіктер, мейлі ол кескіндеме, музыкалық шығарма немесе театр қойылымы болсын, балаларда қанағат пен өзіне деген сенімділікті дамытады. Өз кезегінде бұл баланың үлгілі оқуына, болашақта мамандық таңдауына, мотивация мен сенімділікке негіз қалайды. Шығармашылықпен айналысу қоғамның жалпы деңгейін арттыруға ықпал етеді. Өйткені өзіне сенімді адамдар – сенімді мемлекет кепілі. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс балғынның жас кезінен бастап халықтық мәдениетін, ұлттық құндылықты қастерлеуін қалыптастыруға көмектеседі және бағдарлама туралы қоғамдық пікірді орнықтырады.
Игілікті істің жемісті болуына Астана қаласының әкімдігі, мәслихат және депутаттық корпус қолдау білдіруде. Себебі балаға жасалған тың бастаманың нәтижелі болуына қоғам және ата-ана жауапты. Әрбір ата-ана баласының жарқын болашағын армандайды. Қосымша білім беру шаңырақтарының өскелең ұрпаққа білім беруде орны бөлек. Табысқа жетіп, биіктерді бағындырған тұлғаның негізі – балалық шақтағы өнегелі істер нәтижесі.
Ерлан ЖАЛҒАС, Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы» КММ басшысы