Айдар Ситказинов: донор тапшылығы талайдың үмітін үзіп тұр
Елімізде 4 мыңнан астам жан донор ағзасына зәру. Жыл сайын кезегін күтіп жүрген қаншама адам қайтыс болып кетеді. Былайша айтқанда, донор жетіспеушілігі отандық трансплантология саласын өрге бастырмай отыр. Осы мәселе жөнінде Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Айдар Ситказиновпен әңгімелескен едік.
– Айдар Кинжетайұлы, дәл қазіргі таңда елімізде қанша адам жүрекке, бүйрекке, бауыр ауыстыруға мұқтаж?
– Қазіргі кезде орталық деректері бойынша күту тізімінде 4117 пациент тіркелген. Нақты айтқанда, 3672 адам – бүйрек, 184 адам – бауыр, 140 адам – жүрек, 20 адам өкпе ауыстыруға мұқтаж. Сондай-ақ көздің мөлдір қабығын трансплантаттау қажеттілігімен 1500-ден астам пациент тіркелген. Олар қазіргі уақытта мүгедектікке шыққанмен, күту тізіміне енгізілмеген, себебі бұл мәліметтер медициналық ақпараттық жүйеде тіркелмейді. Бізде мәліметтер үнемі жаңартылып отырады. Дегенмен соңғы уақытта күтуде тұрған пациенттердің саны жыл сайын артуда. Өз кезегіне жетпей, ерте көз жұматындар бар. Жыл сайын әртүрлі себептерге байланысты 300-ге жуық реципиент күту парағынан шығарылады.
– Күту парағына тіркелетіндер көп екен, ал донорлар ше?
– Былтыр донорлардың саны артты. Егер 2023 жылы 40 адам мидың өлімі диагнозымен тіркеліп, туыстары олардың ағзаларын алуға келісім берген болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 80-ге жетті. Жалпы донорлық мәселеге қатысты ақпараттық жұмыстар белсенді жүргізілсе де, әзірге нақты өсу байқалмайды. Сол бұрынғы деңгейде қалуда. Негізгі мәселе – туыстардың келісім бермеуі. Себебі біздің заңнамамызға сәйкес, ағзаларды алу үшін туыстарының келісімі міндетті.
7000 адам келісім берген
– Қазір кез келген адам egov.kz порталы арқылы қайтыс болғаннан кейін ағзаларын беруге не бас тартуға құқығы бар. Осы келісімге қол қойып жатқандар бар ма?
– Қазіргі уақытта 130000 адам бас тартқан, ал 7000 адам өз ағзаларын қайтыс болған соң беруге келісім берген. Жалпы Қазақстанда донорлықты дамыту үшін мәселе көбіне заңдық аспектілер мен туыстардың келісімімен байланысты. Бүкіл әлемде донорлық жүйеде екі түрлі әдіс бар: «келісім презумпциясы» және «бас тарту презумпциясы». Бізде келісім презумпциясы бар, яғни адамның өмірінде жазбаша бас тарту немесе келісім болмаған жағдайда туыстарынан сұралады. Ал көптеген елде, мысалы, АҚШ, Оңтүстік Кореяда «бас тарту презумпциясы» қолданылады.
Еуропада көп жағдайда «келісім презумпциясы» жұмыс істейді, бұл жүйе трансплантация процесін гуманистік тұрғыдан қабылдауға мүмкіндік береді. Біз міндетті түрде туыстардан ағзаларды алу туралы келісім сұраймыз. Егер туыстары келісім бермесе, онда донорлық процесс туралы сөз болмайды. Сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдер болса, мысалы, ЖИТС инфекциясы, гепатит сияқты жұқпалы аурулар болса жарамсыз. Ал адамның өзі ерікті түрде келісім берген жағдайда, донорлық туралы шешім қабылдауға болады. Донорлық процесс тек екі негізгі диагноз бойынша жүргізіледі: ми өлімі, яғни инсульт немесе бас миының жарақаты жағдайында ғана ағзаларды алу қарастырылады. Басқа жағдайларда, мысалы, реанимациядағы науқастар ағзаларды алу үшін қарастырылмайды.
Қаржылық емес, гуманды тәсіл қолданылады
– Әлемде донор тапшылығы шешілген елдердің тәжірибесін алуға бола ма?
– АҚШ-та трансплантациялау көрсеткіші жоғары екенін айттым. Олардың жүйесінде 18 жастан бастап адамдар өз еркімен келісім береді. Ал Еуропада «презумпция келісімі» жүйесі қолданылады, бұл жерде адамдар трансплантация процесіне дайын болып келеді. Мұнда қаржылық емес, гуманды тәсіл қолданылады. Бұл сұраққа қатысты негізгі мәселе – өмір мен денсаулықты сақтап қалу үшін донорлық ағзаларды тиімді пайдалану мен дұрыс басқаруды қамтамасыз ету. Өмір сүру үшін қажетті ағзаларды беру – өте жауапты және әдетте этикалық қиындықтар туғызатын процесс. Әсіресе өлімнен кейін ағзаларды алу мен олардың трансплантациясы кезінде көптеген медициналық және әлеуметтік мәселе туындайды. Сонымен қатар донор болу туралы шешім қабылдау көбіне туыстарына ауыр моральдық жүк артады.
Қазақстанда да бұл мәселе дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет етеді. Өйткені жыл сайын елімізде донорлық жүйе баяу дамып жатса да, оған деген сұраныс үлкен болып қала береді.
– Осы мәселені шешу үшін не істеу керек?
– Донорлық жүйені дамыту үшін халық арасында түсінік пен қолдау қалыптастыру қажет. Бұл үшін әртүрлі ақпараттық науқандар мен қоғамдық жұмыстар жүргізу өте маңызды. Сонымен қатар донорлық ағзаның табысты трансплантациясы үшін түрлі медициналық процедура мен дайындық кезеңі қажет. Еліміздің кейбір азаматтары көп жағдайда орган алмастыру үшін Белоруссияға барады, бұл – медициналық туризмнің бір түрі. Бұл – қымбат процесс, бірақ адамдар осы мақсатта қаржы жинайды. Белоруссияда күту тізімі жыл сайын азайса, Қазақстанда тізім жыл сайын өсіп отыр. Донорлықты дамыту және халықты осы мәселеге тарту мақсатында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірігіп жұмыс істеуі керек. Әрбір адам өмірінде бір рет болса да донор болу туралы шешім қабылдауы маңызды. Бұл кейін өз туыстарының алдында ауыр жауапкершілікті болдырмауға және көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Еліміздің көрсеткіші төмен
– Мамандар бір донор кем дегенде 4-5 адамның өмірін сақтап қалады деп жатады…
– Кез келген жан донор бола алмайды. Донор болатын жанның салмағы, қан тобы, өзге де медициналық көрсеткіштері реципиентке сәйкес келуі керек. Қазіргі кезеңде тез арада жүрек трансплантациясын қажет ететін немесе Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының диализ бөлімшесінде бүйрек трансплантациясын қажет ететін балалар тіркеуде тұр. Олардың барлығы ауруханада айлар, жылдар бойы жасанды бүйрек аппаратына байланып өмір сүруге мәжбүр.
Өкпе, ұйқы безі, ішек, жілік майы, көздің қасаң қабықшасы, бұлшық ет трансплантациясына тағдыры байланғандардың қатары да аз емес. Айналып келгенде, бәріне донор тапшылығы қолбайлау болып отыр. Еуропа мен АҚШ-та тіндер трансплантациясы да өте дамыған. Мысалы, тері, сүйек, ішек, тіпті жатыр трансплантациясы бар. Әлемде трансплантация бойынша Испания көшбасшы болып тұр. Мұнда миллион адамға 40 донордан келеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш өте төмен, бірақ соған қарамастан біз тірі донорлықты дамытудамыз.
– Мидың өлімін растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдар донор бола ала ма?
– Елімізде қабылданған кодекс бойынша жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын алуға тыйым салынады.
– Трансплантация үдерісінде уақыт өте маңызды. Аз ғана уақытта барлық процесті дұрыс ұйымдастыру қаншалықты қиын?
– Трансплантацияның негізгі қиындығының бірі – гемодиализдегі пациенттер. Донорлық ағзаның тапшы болуына байланысты кейбір пациенттер ұзақ жылдар бойы гемодиализ қабылдап жүргендіктен, олар үшін кейін ота жасау мүмкіндігі азаяды. Өйткені сол уақыт аралығында олардың басқа да денсаулық мәселелері туындайды. Сонымен қатар күту тізімі өте ұзақ, ал орган ауыстыруы үшін қан топтарының сәйкестігі маңызды.
Дұрыс айтасыз, трансплантация үдерісінде уақыт өте маңызды. Мысалы, жүрек – 6 сағат, бауыр – 8 сағат, бүйрек 12 сағат қана сақталады. Осы уақыт аралығында күту парағында тұрған әр науқаспен жеке жұмыстар жүргізіледі. Операциядан кейін пациенттер өмір бойы иммуносупрессивті дәрілер қабылдауы керек. Мұны орындайтындар да, орындамайтындар да болады. Донорлық ағзаларды алу – өте жылдам, бірақ өте күрделі процесс.
Жалпы кез келген азамат, яғни болашақ донорлар өздерінің көзқарасын білдіріп, «келісім» немесе «құқықтан бас тарту» туралы шешім қабылдауы керек. Бұл кейін туыстардың орнына шешім қабылдауды жеңілдетеді. Бірақ біздің менталитетімізде егер адам өз өмірінде шешім қабылдамаса, онда ол үшін туыстарының да шешім қабылдауы қиын болады.
Сұхбаттасқан Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ