Мәселе

Махаббат пен бауырмалдық сезімінің көрінісі болу керек

– Ислам діні емдеу жолдарын іздеуді қолдайды әрі әрбір дерттің өз шипасы бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың іс-әрекеті олардың ниетіне қарай бағаланады деген.

Әрине, адам ағзалары тауар емес. Сондықтан оларды донорлау ақысыз, қайтарымсыз негізде жақындарына деген махаббат пен бауырмалдық сезімінің көрінісі ретінде болу керек. Осы ретте Құранда Алла ­Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқанын айтады. Тіпті бір адамды тірілту жер бетіндегі барлық адамзатты тірілтумен бірдей екенін де айтады. Ендеше ислам дінінде адамды құтқару – мейлі оның жанын болсын, мейлі тәнін болсын, ең басты мәселе. Сол себепті донор мәселесі адам өмірін сақтауға мүмкіндік туғызуға арқау болса, ондай жағдайда ислам діні рұқсат етеді. Соңғы ғасырлардағы көптеген ислам ғалымдары рұқсат-пәтуа берген. Бірақ ислам ғұламалары бұл жайында пәтуа бергенде, әрине, зәрулік жағдайды назарға ала отырып бергенмен, ешбірі шариғат шеңберінен аттамаған. Ең басты мәселе – адам өмірінің маңызы, екінші мәселе – сол донорлық ағзалардың қасиет­тілігі. Сол себепті көптеген шарт қойған.

Мысалы, әуелі трансплантациядан мақсат – нәтиже шығатыны басым болуы қажет. Ықтималдық теориясына қарай қарекет етуге болмайды. Сондай-ақ бұл жерде адам өмірі үшін емес, жай ғана жасару мақсатымен ауыстыруға рұқсат етілмейді. Екіншіден, бір науқастың алынып тасталған мүшесін трансплантациялауға болады. Үшіншіден, мүшесін берген адамға сол кезде немесе болашақта өзінің өміріне қауіп төндірмеуі керек. Ата-ана араласуға болмайды. Күштеуге, көндіруге, ақша тәрізді нәрселер болмайды. Ең бастысы, сатылмайды. Ақысыз берілуі тиіс. Әрі донор берген адам артынан өзі сол мүшеге мұқтаж болып қалмауы тиіс. Ал өзі өмірден өтетіні анық айқындалған донор өз қолымен қолхат беріп келісімшарт жасалуы тиіс. Ал өлген адам болса, онда оның мұрагерлері, ол болмаса, рұқсатты мұсылмандардың өкілетті басшылары беруіне болады. Міне, осы тәріздес басқа да көптеген шарттар бар. Осы шарттар орындалып, ең бастысы, донордың өзіне қауіп төндірмей, екіншіден, сатылмаған жағдайда шариғат шеңберінен шықпай жасауға болатынын көптеген ғалым пәтуа берген. Әйтсе де жоғарыда айтылған шарттарға келіспеген, «мүлдем болмайды» деген ғалымдар да жоқ емес. Бұл туралы ғалымдар арасында әртүрлі көзқарас бар. Нақтыланбаған тұстары да жетерлік. Ең дұрысын бір Алла біледі.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
теология ғылымдарының докторы, доцент

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button