Әйел құқы мен бала қауіпсіздігі
Ішкі істер министрлігі еліміздегі отбасылық жанжалдар бойынша қозғалған істерге түсінік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Кейінгі 6 жылда қабылданған ұйымдастыру әрі құқықтық іс-шаралардың нәтижесінде әйелдердің құқықтарына қол сұғатын қылмыстар саны екі есеге (47%-ға, 2019 жылы 96 337-ден 2024 жылы 51 057-ге дейін) азайды. Оның ішінде әйелдерге қатысты жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары 48%-ға (2019 жылы 2 947-ден 2024 жылы 1 511-ге дейін), соның арасында кісі өлтіру 27%-ға денсаулыққа ауыр зиян келтіру 25%-ға, әйелдерге қатысты орташа ауырлықтағы дене жарақаттарын салу 22%-ға азайды, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Статистикалық деректерге сәйкес, ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана зиян келтіру қылмыстарының криминализациясынан кейін, 2024 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша (2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда) елдің барлық өңірінде тұрмыстағы қылмыстар саны 3,7 есе артқан (923-тен 3 371-ге дейін), оның ішінде теріс қылықтар саны 138 есе (18-ден 2 486-ға дейін) өскен.
– Құқық бұзудың осы түрінің өсуінің негізгі себептеріне тоқталсақ, бұл – 2024 жылдың 16 маусымынан бастап енгізілген заңдағы жаңашылдықтың нәтижесі. Бұл ретте, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді криминализациялау арқылы мүмкін болды. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық теріс қылық болып санала бастады. Осылайша, барлық тіркелген (3 371) деректің 2 486-сы теріс қылықтар (74%), яғни қылмыстық құқық бұзу ретінде саналды. Сонымен қатар, криминализация енгізілгеннен кейін, тұрмыстағы зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық құқық бұзу деректері 2,2%-ға (905-тен 885-ке дейін), оның ішінде ауыр қылмыстарды, кісі өлтіру 6,4%-ға (125-тен 117-ге дейін), денсаулыққа ауыр зиян келтіру 25,5%-ға (337-ден 251-ге дейін), денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруді 12%-ға (336-дан 296-ға дейін) төмендетуге мүмкіндік туды, – деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Отбасындағы зорлық-зомбылық құқық бұзу әрекеттерін азайту үшін полиция қызметкерлері келіп түскен барлық өтініштер бойынша ден қою шараларын қабылдайды. Есепті кезеңде 108 мың жанжалқой әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 30 мыңы (30 185) қамауға алынды.
– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында учаскелік полиция инспекторлары 85 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзатын адамдардың мінез-құлқына 18 мың ерекше талап орнатты. Барлығында бақылау істері жүргізіліп, полицияның күшейтілген бақылауы белгіленді, – деп түсіндірді министрлік мамандары.
Еске салсақ, былтыр сәуір айында Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды.