Қымбатқа алса бәрін сатамыз ба?
Соңғы күндері Астанада картоптың бағасы 430 теңгеге жетті. Бұл – картоп бағасындағы 2021 жылдан кейінгі рекорттық көрсеткіш.
Үкімет бағаның өсуіне бастысы экспорттың артуы мен өндірушілердің бағаны көтеруі себеп болды деп түсіндірді. Атап айтқанда, Өзбекстан тарапынан қазақстандық картопқа сұраныс жоғарылап, экспорт көлемі 1,5 есеге өскендіктен (411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін), ішкі нарықтағы баға бірден аспандап кеткен. Сондай-ақ өндірушілердің картоптың көтерме бағасын 170 теңгеден 270 теңгеге дейін жоғарылатуы да ішкі нарықтағы бағаның қымбаттауына мұрындық болды. Осы факторларды ескере отырып, Қазақстан Үкіметі 2025 жылғы 18 қаңтарда картопты үшінші елдерге экспорттауды 6 ай мерзімге шектеу (бұл шектеу ЕАЭО елдеріне қолданылмайды) туралы шешім қабылдады. Үкіметтің бұл шектеуі нағыз «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап»-пен бірдей болды. Өйткені елдегі картоп азайып, нарықта тапшылық туылғанда барып, жоғарыдағыдай шешім шығару «қолыңды мезгілінен кеш сермеу» екені айтпаса да түсінікті.
Қазақстанда картоп тапшылығы бірінші рет болып отырған жоқ. 2021 жылы Қазақстан өз картобын басқа елдерге арзанға сатып, кейін елде тапшылық туындағанда Ираннан 3 есе қымбатқа картоп сатып масқара болған болатын. Енді, міне, тағы да бар картопты өзбекке беріп, өзіміз тілімізді тістеп қалуға айналдық. Бұл нені түсіндіреді? Бұл – ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттау, импорттау істерінде алдын ала жоспарлап, ел іші нарығының жағдайын толық ескермеудің көрінісі. Қазақстан сынды қазық қақсаң тал шығатын, шөбін тартсаң май шығатын құнарлы елде картоп тапшылығының туылуы, соның салдарынан бағаның аспанға ұшуы үкіметтік ел іші өндірісі мен ел нарығының қажетсінуін толық таразылай алмағандығын көрсетеді. Екінші тұрғыдан алғанда, ақшаға қызығып, қажетті азық-түлігіңді елге сатып, өз халқыңның қажетін ескермеу мемлекеттің стратегиялық қауіпсіздік жағындағы қателігі болмақ. Бүгін картобын сатқан қазақ ертең бидайы мен ұнын, еті мен сүтін де шетелге сатып жіберіп, тілін тістеп отырмасына кім кепіл?! Бұл – ойланатын мәселе.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ