Түнде жалғыз жүрген 17 жасөспірім полицияға жеткізілді
Астананың Сарыарқа ауданында түнгі уақытта көшеде жалғыз жүрген 17 жасөспірім полицияға жеткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астананың Сарыарқа ауданында кезекті профилактикалық рейд жүргізілді, оның мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Осындай іс-шаралар ауданда тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мобильді топтар құрамында аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мен аудан әкімдігінің өкілдері бар. Олар жастар көп жиналатын қоғамдық орындарды үнемі патрульдеумен қатар ойын-сауық орындарын да тексереді.
Түнгі рейд барысында компьютерлік клубтар, ойын алаңдары мен барларға баса назар аударылды. Бір сағатқа созылған тексеру барысында 23:00-ден кейін үлкендердің қарауынсыз көшеде жүргені, сондай-ақ кешкі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарын аралағаны үшін 17 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олармен және балаларымен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, ресми ескертулер жасалды. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда заңды өкілдерге айыппұл салынуы мүмкін.
«Полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырады. Учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары ойын-сауық орындарының иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қоғамға жат әрекеттерге тартатын тұлғаларды анықтау», – дейді Сарыарқа аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Дастан Мусин.
Естеріңізге сала кетейік, кәмелетке толмағандарға 23:00-ден кейін жалғыз көшеде жүруге және 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынады.