Құрт көже туралы не білесіз?
Құрт көже — қазақ халқының дәстүрлі тағамдарының бірі. Бұл көже көбінесе сиыр сүтінен жасалған құртпен дайындалады. Құрт көже жеңіл, дәмді әрі денсаулыққа пайдалы болып есептеледі. Құрттың құрамындағы сүт қышқылы мен пайдалы бактериялар асқазан-ішек жолдарын жақсартып, иммунитетті нығайтады. Ол ұлттық тағам ғана емес, сонымен қатар, аштықты басатын, жеңіл әрі пайдалы тамақ ретінде халық арасында кеңінен танымал.
Жуырда елордамыздағы № 91 мектеп-гимназияның 5 «Ә» сынып оқушылары қала тұрғындары мен қонақтарының арасында сауалнама жүргізіп, қызықты ақпараттар жинады. Әлеуметтік шағын зерттеудің мақсаты – халықтың құрт көже туралы мәліметін білу, осы тағамның ел ішіндегі танымалдығын зерттеу.
Әлеуметтік зерттеудің сұрақтарына жауап берген жандардың 70 пайызы жастар мен қалаға саяхаттап келген туристер болды. Жастардың көпшілігі құрт көженің не екенін, оны пісіру туралы толық мәліметі болып шықты. Ал туристер бұл тағам туралы алғаш рет естігендерін, оның дәмін татып көруге қызығушылық танытатындарын жеткізді.
Қорытындылай келгенде, 5-сынып оқушылары бұл зерттеудің нәтижесінде көптеген жайттарға қанығып, ұмытылмас әсер алды. Сауалнама барысында олар ұлттық тағамның құндылығы туралы тереңірек біліп қана қоймай, өздері де нағыз құрт көженің дәм татті.
Зүлфия БЕЙСЕНОВА,
№ 91 мектеп-гимназияның мұғалімі