Құқықтық сауаттылық: қауіпсіз өмірге жол
Бүгінгі мектеп партасындағы оқушы – мемлекетіміздің жарқын болашағы, мықты тірегі. Сондықтанда жас ұрпаққа саналы білім мен сапалы тәрбие беру ешқашанда күн тәртібінен түскен емес. Керісінше заман ағымына қарай оның мәні мен маңызы артып отырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жер жүзі бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы араласып, мәдениеттер мен түрлі құндылықтар еркін еніп жатқан тұста, жасөспірімдерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, олардың өмірлік қауіпсіздігін сақтау ең маңызды шаралардың бірі. Оқушылардың өз ойын ашық айта алатын еркін, өмірге бейім, тәрбиелі, білімді болып өсуіне мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Мектепте, көшеде, үйде – қай жерде болмасын, балалар өзін сенімді сезінуі тиіс. Олардың өз ойларын еркін жеткізіп, алаңсыз өсуіне мүмкіндік беруіміз керек. Қауіпсіз орта тек отбасының емес, мемлекеттің де басты міндеттерінің бірі болуы керек. Әлеуметтік бағдарламалар, балаларға арналған қауіпсіз ойын алаңдары, сапалы білім беру және құқықтық қорғау – бұл бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды факторлар. Балалардың құқығы басты назарда.
Жасөспірімдердің өз құқықтарын білуі – олардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және толыққанды азамат болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Осыған орай Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастырумен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Заң және тәртіп» айы аясында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Құқықтық сауаттылық: қауіпсіз өмірге жол» атты онкүндік өтті. Әркүннің өзіндік ерекшеліктері бар. Қауіпсіз туралы әртүрлі тақырыптарды кеңінен қамтыды. Мәселен: «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға қарсымыз» атты сынып сағаттарымен басталып, мектептің «тәуекел тобындағы» білім алушыларымен психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар және алғашқы көмек көрсету бойынша жаттығулар мен ережелер түсіндіріліп, құқық қорғау органдарының өкілдерімен ата-аналар жиналысы мен балаларға «Бала тәрбиесіндегі ата-аналардың құқықтық жауапкершілігі», «Киберқауіпсіздік ережелері», «Телефондық терроризм» тақырыптарында әңгіме жүргізілді. Елордамыздың Қоғамдық кеңес мүшелері де білім беру ұйымдарына аталмыш іс-шараларға өз үлестерін қосып, дөңгелек үстелдерге қатысты.
Әрбір балаға жауапкершілікпен қарап, олардың болашағы үшін бірге әрекет етейік деген ұсыныстарымен бөлісті.
Онкүндік іс-шараның қорытындысы негізінде:
- Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік: Мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым, мұғалімдер мен тәрбиешілердің балаларға жауапкершілігін арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу.
- Отбасылық қолдау: Ата-аналарға арналған қауіпсіздік туралы тренингтер, бала тәрбиесінде психологиялық және эмоционалдық қолдау көрсету.
- Қоғамдық қауіпсіздік: Ойын алаңдарын, қоғамдық орындарды қауіпсіз ету, балалардың құқықтарын қорғау мақсатында заңдарды күшейту.
- Интернет қауіпсіздігі: Балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғау, цифрлық сауаттылықты арттыру.
- Жедел көмек желілері: Балалар мен ата-аналар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондары мен онлайн платформалар ұйымдастыру сияқты шаралар қолға алынды.
Қоғамның әрбір мүшесін осы ортақ іске қатысуға шақырамыз. Балаларымыздың қауіпсіздігі мен бақытына қоғам болып кепілдік беруіміз керек. Бақытты бала – жарқын болашақтың негізі!
Шарипова Д.Г. Қосыбаева А.М, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы Тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің әдіскерлері.