Елордада 3000-ға жуық студент жұмыспен қамтылады
Астанада «АМАNАТ» партиясының Әйелдер қанатының елордалық филиалының бастамасымен колледждер мен ірі кәсіпорындар келісімге келіп, жұмысшы мамандықтар жылы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бас қаланың ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжі, Технологиялық колледжі, Техникалық колледжі, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Жоғары көлік және коммуникациялар колледжі, Құрылыс-техникалық колледжі және «ЛС Групп», «Paving Stone Company», «Digital System Service», «Бірыңғай шоғырландыру орталығы», «DAT KZ», «Мастер кофе» COMMUNITY, «Ақмол холдинг» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар бір мақсатта жұмыс істеп, үш мың студентті жұмысқа орналастырмақ.
Қос тарап студенттерге екі жақты қолдау білдіру мақсатында алдымен студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастырып, артынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Партия мүшелері осы бастаманың арқасында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешіледі дейді.
«Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында «AMANAT» партиясының ықпалымен атқарылып отырған бұл бастама – алғашқы ірі қадамдардың бірі. Алдағы уақытта партия жұмысын тоқтатпайды. Керсінше, жастарға қолдау білдіру мақсатында әртүрлі бастамаларды іске асыруды көздейміз дейді» партияның хатшысы Шолпан Каринова.