“Саған, Шымкент шаһарым, келсем – кеткім келмейді”
Адамға рухани серпіліс сыйлайтын, ұзақ уақыт көңіл көкжиегіңде қуаныш нұрын себелеп тұратын естен кетпес жиындар болады. Жуырда ғана шырайлы Шымкентте өткен ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Иран-Ғайыптың «Ғайып-нама» атты төрт томдығы мен ақын жары Дариға Қадыр-Қожақызының «Бұ дүние ғайыбы» деп аталатын екі томдығының таныстырылымы дәл осындай қала тұрғындарының көңілін көкке көтерген берекелі басқосу болды.
Бұл басқосу өзге жиындарға ұқсамайтын ерекшелігімен есте қалды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараевтың демеушілігімен өткен тағылымды таныстырылым жиналған жұртқа рухани қуат сыйлады.
Өлеңі өмірге, өмірі өлеңге айналған ақынның шырайлы шаһарға жасаған сапарында «ҒАЙЫП-НАМА» атты төрт томдық кітабының және ақынның жары Дариға Қадыр-Қожақызының «БҰ ДҮНИЕ ҒАЙЫБЫ» деп аталатын екі томдық кітаптарының таныстырылымы терең мазмұнымен, жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен жүзеге асқан игілікті шара болды. Шығармашылық иесінің ұзақ жылдар бойы жазған дүнеиелері қомақты кітап болып басылып, қаладағы білім ошақтарына, мәдениет мекемелеріне, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, арнаулы және жоғары оқу орындары кітапханаларына тегін таратылуын бұрын соңды болмаған жарқын жаңалық деп қабылдадық. Тағылымды таныстырылым ә дегеннен айтыскер ақын Мейіржан Жарылқаптың арнауымен ашылды. Қаламгердің ақындық келбетін, болмыс бітімін, мінез құлқын тап басып таныған Мейіржан қара өлеңнің қасиетімен суреткер тұлғасын жиылған жұртқа жыр шумақтарымен жарқырата жеткізді.
Алқалы жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ақынға деген інілік ізетпен, руханиятқа деген риясыз пейілмен жоғары деңгейде жүргізіп, жиналған жұрттың алғаусыз алғысын алды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Атақұлұлы Төлебаев ақынға «Шымкент қаласының құрметті ардагері» төсбелгісін тағып тұрып, Иран-Ғайып ағамызға: «енді сіз Шымкент қаласының ардагерісіз, өз адамымызсыз»,-деп ақынды бауырына басып, ардагерлер атынан құрмет қошеметін көрсетті. Осынау шараға демеушілік жасаған қоғам қайраткері, меценат Бекет Тұрғараев ақын Иран-Ғайыптың әдебиеттегі орнын, шығармашылық тағдырын, қоғамдағы келелі мәселелерге дер кезінде үн қататын азаматтық тұлғасын, ешкімге ұқсамайтын қайтпас қайсар мінезін сөзінің алтын арқауына айналдырды. Сондай-ақ шығармашыл тұлғаның сан жанрға қалам тартып, әсіресе драматургия саласына олжа салған қомақты еңбегін айрықша атап өтті.
Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы ақынның шығармашылық тұлғасы турасында толғамды ой-пікірлерін ортаға салды. Ақын шығармаларының ерекшелігіне, өлеңдерінің көркемдік кестесіне айрықша тоқталып, қазақ поэзиясына формалық өзгерістер алып келгендігін, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын арнайы атап өтті. Біз де осы жиынға қатысып, бұрын-соңды мұндай игілікті шараның болмағандығын, қаламгерлердің өз шығармаларын шама шарқынша жарыққа шығарып жүргенімен, тегін таратуға мүмкіндіктері бола бермейтінін тілге тиек еттік.
Шын мәнісінде, ақын Иран-Ғайыптың шығармашылығы әдебиеттің барлық жанрларын қамтыған кең тынысты поэзия, тартысқа толы драма, эпикалық қуатқа ие поэмаларымен айшықты. Келешекте ақынның бай шығармашылығы үлке-үлкен зерттеу еңбектерінің алтын арқауына айналары анық. Абайтану, Мұқағалитану, Қадыртану ғылымы сияқты, Иранбектану ғылымының да қалыптасатынына бек сенімдіміз. Ақын туған жерін, тәуелсіз елін жан жүрегімен сүйеді, оның әрбір тынысына азаматтық үн қосады. Сондықтан да:
…Тәуелсіздік,
Сүйем – Сені,
Сүйемін!
Сүйгендіктен
Тозағыңа Күйемін:
Күңіренткен
Құдіреттің алдында –
Таз-Кепешті
Тәу – Басымды иемін!..
деп жан жүрегімен, бар болмысымен, азаматтық тұлғасымен бас иіп, тәуелсіз елге деген өлшеусіз махаббатын өлеңмен өрнектейді. ХХ ғасыр басында өмір сүріп, қазақ көгіне күн болуды аңсаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек», деген сөзі дәл осы Иран-Ғайып шығармашылғының ақындық қуат күшін айқындап тұрғандай. Әр томы мың беттен тұратын құнды кітапқа ақынның соңғы жиырма жыл көлемінде жазған соны туындылары енгізілген. Иран-Ғайып ақынның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын, ешкімді қайталамайтын соны сүрлеуін, айтар ойын бүкпесіз беретін ашықтығын осынау жинақтардан оқып, жігеріңізді жанып, рухани ләззат аларыңыз анық. Қай тақырыпты қаузаса да айналып соғар алтын қазығы – халық қамы, ел ертеңі екендігіне көз жеткізесіз. Ақын әрбір томдықтың алғашқы бетін «Ал, Дүние» деген шығармасымен бастайды. Бұл жинақтың әр томының өзі жүйелі жинақталып, белгілі бір заңдылықпен топтастырылғандығын кітапты қолыңызға алып, парақтаған сәтте ішкі түйсігіңізбен түсіне қоясыз.
Ақын адамның жары қай кезде де ақынның тағдырына үлкен әсерін тигізетін тұлға екендгі даусыз. Қилы-қилы көңіл-күйді, кедір-бұдыр жолдарды басып өтетін шығармашылық иесінің өмрлік серігі өзімен сырлас, мұңдас болса ол да бір тағдыр сыйы іспетті. Бұл тұрғыдан алғанда күрделі тұлғаның асығы алшысынан түскендей. Қаратау шайыры Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Жақсы бір болса алғаның, қоғамды болар жан-жағың»,-деп жырлағанындай, ақын жары Дариға Қадыр-Қожақызының «Бұ дүние ғайыбы» деп аталатын екі томдығын оқып отырып, Иранбектану ғылымының негізі қаланып келе жатқандығына іштей риза боласыз. Бұл томдықтар бір шетінен шығыстық сарындағы «Мың бір түнге де», екінші бір жағынан Иран-Ғайып шығарамышылығы туралы айтылған, жазылған зерттеулерді топтастыра білген ғылыми жобаға да келіңкірейді. Қуантарлығы – ешкімге ұқсамайтын соны сүрлеу қалыптастыра білген адуынды ақынның шығармашылық бай мұрасының шашауын шығармай, барын бағалай алғандығы. Екі томдықтың алғашқы томында Дариға Қадыр-Қожақызы: «Бұл – Ұрпақ, Рухани Байлықтың, Халықтың Қайнар Бастауынан алаңсыз сусындады. Шежіре-Қарттардан тарихи тағылым алып, аңыз-ертегілер естіп, дастан-хиссалар тыңдап, қазақы салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай қатықтап, ұлттық қасиеттердің әз-құнарын – сүйек-қандарына сарқа сіңіріп, Діл-Кені – «Жеті Қазыналарын» барынша түгелдей білді»- деп әл-қиссаны әдемі әдіптеп бастайды. Шырайлы өлкедегі өзгеше жиын осындай жауһар дүниенің бағасын арттырып, қадірін жарқырата көрсеткен келелі кеңес болды.
Жиын барысында сөз алған ақын Иран Ғайып жиылған жұртты шешендігімен, айрықша айтқыштығымен тәнті етті. Жалынды жастық шағында жиі келіп тұратын шырайлы қаланың ақын үшін айрықша ыстық, жанына жақын өлке екендігін жан жүрегімен тебірене жеткізді. Досқа адал, қасқа қатал Шымкенттік достарының біразы өмірден ерте өтіп кеткендігін сағына еске алды. Қиналғанда қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп тұратын азамат досы, Бекет Тұрғараевтың шақыруымен бұл күндері шырайлы өлкеге осы елдің бір перзенті сияқты үлкен махаббатпен алып ұшып жететінін бүкпесіз баяндады.
Ақынның дәл осы сапарын ерекшелеп тұрған тағы бір оқиға, ел тілеуімен сүйген перзенті Жайын-Шахты арнайы алып келіп, елге таныстыруы болды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы шырайлы өлкеге алғаш қадам басқан ақынның ұлына лайықты құрмет көрсетіп, зерлі шапан жапты. «Айтушысы мен тыңдаушысы қатар келген» алқалы жиынды жүргізген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы жиналған жұртты, шешендігімен тәнті етті. Сөйлесе сөздің шешені, бастаса істің көсемі бола білген алып азаматтардың өнегелі жолын жалғастырып жүрген қаланың бас идеологы әдеби-мәдени шараны ішкі ізденіспен, үлкен жауапкершілікпен жүргізді.
Кітап мерекесінің соңында ақын Иран-Ғайып Шымкент-Шаһарына деген перзенттік сүйіспеншілігін ертеректе жазылған өлеңімен тәмәмдады:
Арналатын жыр бөлек,
Айтылатын ән басқа:
Аруларың – гүл-бөбек,
Жігіттерің – марғасқа.
Дәмім-тұзым – татарым
Қазаныңда қайнаған.
Саған, Шымкент-шаһарым,
Келсем – кетпестей болам.
Қайтармайтын аулыма
Қимасым – сен ғанасың.
Басасың да баурыңа,
Құшағыңа аласың.
Рахатқа батамын,
Бұйдалымын ботаңдай.
Саған, Шымкент-шаһарым,
Келсем – қалам кете алмай.
Сендей жұмақ қайда бақ,
Жазмышым ба кесімді –
Сүйіп, құшып, аймалап,
Шығарасың есімді.
Жұпар шашқан баһарың –
Әлдилейді, тербейді.
Саған, Шымкент-шаһарым,
Келсем – кеткім келмейді –
Келсем – кеткім келмейді…
Ақын ағамыз ел елдында шыққан сәтте бұл өлеңнің еретеректе жазылған өлең екендігін ескертті. Бірақ жиылған жұрт, сөздің құдіретін сезінген тыңдармандар үшін бұл өлең тура сол сәтте жазылғандай әсер етті. Бұл да болса қасиетті өлеңнің, парасатты поэзияның құдіреті болса керек. Ата дәстүрін алақанда аялай білетін Шымкент жұртшылығы ақынға деген құрмет-қошеметін үздіксіз соғылған шапалақтарымен жеткізіп жатты. Жүз елуден астам мектеп басшылары, елуге жуық кітапхана басшылары, орта және жоғары оқу орындары кітапханашылары, көптеген әлеуметтік сала қызметкерлері жиылған жиын соңында бір мың бес жүз кітап, тізім бойынша тегін таратылды. Күнгей өлкенің көңілін көкке көтерген осынау игілікті шараға келген әрбір адам риза пейілмен тарқасты.
Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры, филология ғылымдарының кандидаты
Шымкент қаласы