Елорда тынысы

Орталық саябақ аумағы қоқыстан тазартылды

Астана қаласының Орталық саябағында Funny sport жобасы аясында «Су әлемі» атты іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шаранның қатысушылары акция соңында аумақты қоқыстан тазартып, «Таза Қазақстан» жобасына қолдау көрсетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Елордада өткен іс-шараға жалпы 600-ден астам қатысушы жиналып, 150-200-дей су шашатын ойыншық тегін таратылды.

Жиын соңында жастар мен жасөспірімдер «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакцияны қолдап, Орталық саябақ аумағын қоқыстан тазартты.

«Өткен аптада Астана қаласында «Funny sport» жобасын бастадық. Басты мақсатымыз — тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Адамдардың барлығы спортпен айналысудың қажеттілігін сезінеді. Алайда ерік-жігер, тәртіп жетісе бермейді. Бүгінгі шарада спорттың қолжетімді, оңай, қызықты екенін көрсеткіміз келді. Су шашу ойыны арқылы әр қатысушы қозғалыста болып, уақыттың қалай өткенін сезбей де қалады. Оның үстіне шарамызға ролик тебуден жастар арасында әлеуметтік желіде өте танымал Диас Абдрахмановты да арнайы шақырдық. Оның келуі де тұрғындарға қосымша мотивация болды», – деді шара ұйымдастырушысы Жәмила Федосова.

«Осындай ерекше оқиғалар арқылы қаламыздың саябақ, орталықтарымен таныстығымды арттырып жатырмын. Жазда ыстық болғанымен, су шашатын ойыншықпен атысу арқылы бейне бір суға түскендей әсер алдым. Керемет эмоция! Ешкім шетте қалмайды. Сөз жоқ, ұнады», – деп 12 жастағы Дастан Ілиясов атты оқушы өз ойымен бөлісті.

Айта кетейік, 20 шілде мен 25 тамыз аралығында елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен Астанада «Funny sport» спорттық және ойын-сауық іс-шараларының марафоны басталды. Бұл жоба тамыз айының соңына дейін әр аптаның сенбі және жексенбі күндері өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button