Білім

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауы жалғасуда

Биылғы жылдың сәуір айында басталған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық байқауының өңірлік кезеңі жалғасуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 📍

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметінше, еліміздің барлық өңірлерінен байқауға қатысу үшін 350 өтінім келіп түскен. Байқауға қатысуға қызығушылық танытушылардың арасында әсіресе, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының педагогтері белсенді. Өтінімдер бейне сабақтар, бейне дәрістер және практикалық жұмыстар түрінде қабылданады. Ең танымал бағыттар: оқу сауаттылығы, ерте сауаттылық және цифрлық сауаттылық.

Байқаудың мақсаты – заманауи педагогикалық тәжірибе мен оқушылардың сауаттылығын дамыту саласындағы үздік тәжірибелерді педагогтер арасында тарату. Байқау келесі бағыттар бойынша өткізіледі: ерте сауаттылық, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану сауаттылығы, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық мәселелері бойынша сауаттылық, әлеуметтік-эмоционалдық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық.

«Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы педагогтер арасында үлкен танымалдылыққа ие. Жеңімпаздардың жұмыстары «Өрлеу білім беру арнасы» YouTube-арнасында жарияланады. Барлық қатысушыларға сертификат беріледі және жеңімпаздар 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ марапаттау құжаттары біліктілік санатын тағайындау немесе растау үшін аттестаттау кезінде ескеріледі», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының басқарма төрайымы Айдана Шилібекова.

Естеріңізге сала кетейік, өңірлік кезеңге қатысу үшін өтінімдер 15 қазанға дейін ppi.orleu-edu.kz сайтында қабылданады. Қосымша ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстардағы және Шымкент, Алматы, Астана қалаларындағы филиалдарынан білуге болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button