Цифрлық инфрақұрылымның игілігі

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында елордада өткен жылы 15039 бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның бір бөлігі полицияның жедел басқару орталығымен біріктірілген. Бұл іс-шаралар айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді: 2017 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары кезіндегі өлім-жітім деңгейі 58 пайызға, ал қылмыстың жалпы деңгейі 61 пайызға төмендеді.
Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық баяндады. Оның айтуынша, құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қаланың жергілікті бюджетіне айыппұлдардан түсетін түсімдер шамамен 48,8 миллиард теңгені құрады.
«iKomek109» бірыңғай байланыс орталығы елорда тұрғындарының мәселелерін тиімді шешуді жалғастыруда. 2024 жылы орталық 2,2 миллион өтініш пен 438 мың оқиғаны өңдеді. Күн сайын 5 мыңнан 8 мыңға дейін өтінім келіп түседі. Бұл ретте өтініштердің 82 пайыздан астамы алғашқы қоңыраудан кейін шешілді» деді Бексұлтан Қуандық.
«QalaQyzmet» қалалық қызметтер орталығы 2024 жылы «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша елорда тұрғындарына коммуналдық және басқа да қызмет түрлерін ұсына отырып, 200 мыңнан астам қызмет көрсетті. Бүгінгі таңда орталық кеңселерде де, портал арқылы да, 1414-тен түсетін проактивті қызмет арқылы да қолжетімді 120 қызмет түрі ұсынылады.
2024 жылдың басында «Birge» қалалық қызметтер порталы іске қосылды. Онда 30 мыңнан астам өтінім қабылданып әрі өңделіп, 25 мыңнан астам кеңес берілді. Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерін автоматтандыру аясында 250-ден астам бизнес-үдеріс цифрландырылды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Smart Astana» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Ол қала өмірінің түрлі саласын қамтитын 70-тен астам сервисті ұсынады. Қазіргі уақытта қосымшада 30 мың белсенді қолданушы бар. 2024 жылы Астанада ҚР Қарулы күштері үшін шақыру науқаны шеңберінде мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды медициналық куәландыру үдерісі толық цифрландырылды.
«Біз елорданың инновациялық экожүйесін дамыту үшін стратегиялық бастамаларды белсенді түрде іске асырудамыз. Өткен жылы Astana Hub-пен бірлесіп, IT-кәсіпкерлікті қолдауға және қалалық инфрақұрылымға инновацияларды енгізуге бағытталған «Astana Smart City» акселерация бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама қорытындысы бойынша 10 стартап әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінде өз шешімін сәтті енгізді. Жастар арасында техникалық білімді насихаттау мақсатында жыл сайын STEM олимпиадалары өтеді. Бұл оқушылардың бағдарламалауға, робототехника мен инженерияға деген қызығушылығын арттырады. 2018 жылдан бастап 9 олимпиада ұйымдастырылды. Оған Қазақстан мен ТМД елдерінен 2000-нан астам оқушы қатысты. 2024 жылы no-code платформаларын қолдана отырып, IT-өнімдерді құруды үйрететін қала оқушыларына арналған «Capital No-Coders» тегін курсы басталды. 200-ден астам оқушы курсты бітірді» деді Бексұлтан Қуандық.
БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу шеңберінде аталмыш басқарма ISO 37120 «Қоғамдастықтың тұрақты дамуы – қалалық қызметтер мен өмір сапасының көрсеткіштері» халықаралық стандартын енгізу бойынша жұмыс атқарды. Сертификаттау аясында Астана экономика, білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздікті қоса алғанда, 19 негізгі салада 128 көрсеткіш бойынша бағалаудан өтті.
2024 жылы елордада интернет және байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жалғасты. Ол 22 нысанда қамтамасыз етілген. Ал 5G стандартының орнатылған және іске қосылған базалық станцияларының жалпы саны 262 бірлікті құрады.
«Бұл жұмыстар елорданың цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту мен жақсартуды қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы да жалғасатынын атап өткім келеді» деп түйіндеді Бексұлтан Қуандық.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ