Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елордалық урбанистика трендтері

Елордада жасылдандыру және абаттандыруды дамытуға бағытталған жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Астана әкімдігі қоғамдық кеңістіктердің, жасыл аймақтардың, скверлер мен саябақтардың қаланың барлық аудан аумақтарында болуына ерекше маңыз беріп отыр. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде елордада урбанистік трендтер пайда болуда.

Астанадағы қоғамдық кеңістіктер қалай абаттандырылуда? Қаланың қай жерлері көгалдандырылды? Алдағы уақытта осы салада қандай жобалар жоспарланып жатыр? Қала әкімдігі жанындағы Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкенмен осы және басқа да мәселелер туралы әңгімелестік.

Айтыңызшы, урбанис­тика мен архитектураның айырмашылығы неде?

– Урбанистика – бұл қалалық ортаны дамыту туралы ғылым, ол сәулет, әлеуметтану, экономика және психология саласындағы білімді қажет етеді. Астанада бұл мамандыққа оқытылмайды, ал шетелде urban planning – танымал мамандық.

Сәулетші нормалар мен талаптарға негізделген және өзінің шығармашылық көзқарасын көрсететін ғимаратты жобалаумен айналысады. Ал урбанист ғимараттың қалалық ортаға қалай біріктірілетініне, бұл нысанның қандай пайдасы бар екеніне, онда қанша жұмыс орны болатынына және т.б. жауапты.

– Елордада қоғамдық кеңістіктер желісін құруға жүйелі көзқарас қалыптас­ты ма?

– Өткен жылы елорда әкімдігі қаланы көгалдандыру жарғысын әзірледі. Бұл құжат Астананы жасылдандыру мен абаттандыруды дамытуға бағытталған, сондықтан осы екеуі ажырамас элемент ретінде қашанда қатар жүргізілуі керек. Біз алдымен қала аумағын зерттеп, қай жерлерде жұмыс істелуі керек екенін анықтап алдық.

Астана әкімдігі қоғамдық кеңістіктердің, жасыл аймақтар, скверлер, саябақтардың барлық ауданда болуына ерекше көңіл бөледі. Бұл мүмкін болмаған жерде бульварларды дамыту туралы шешім қабылданды. Бір жыл бұрын осы қағида бойынша Сәтбаев көшесі абаттандырылды. Бұрын бұл көшемен көп ешкім жүрмейтін. Қазір ол адам танымастай өзгерді, кешке бұл жер қалалықтардың балаларымен бірге уақыт өткізетін орнына айналды. Онда демалыс аймақтары, ойын алаңдары жабдықталған. Енді тұрғындар шалғайдағы саябақтарға барып, уақыт кетірмейді. Үйден шықса болғаны, кешкі демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Бұл учаскеде жүретін адамдар санының артуына байланысты шағын бизнес орындары да көптеп ашылуда. Сәтбаев көшесінің бойында абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін желілік бренд кофеханасы ашылды.

Әкімдік мұндай аймақтар қаланың әр ауданында болуына ықпал етіп келеді. Биыл «Ұлытау» аллеясына ірі еуропалық ағаштар отырғызылды. Бар-жоғы бір-екі айдың ішінде осы маң жаңаша түрге енді. Мен осы жердегі мекемелерге арнайы бас сұғып, соңғы кезде қандай өзгерістер болғанын сұрап жүремін. Олардың айтуынша, соңғы кезде келушілер қатары 2-3 есе өсті, әсіресе кешке мұнда адам көп келеді. Бұл шағын бизнестің дамуына әсер етуде. Сонымен бірге тұрғындар демалу үшін қала орталығына немесе басқа алыстау жерге бармай-ақ, үйдің жанында отыруға мүмкіндік алды.

Қазір Алматы ауданындағы Еуразия ұлттық университетінің алдында Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандырып жатырмыз. Бұл – тұрғындар тығыз қоныстанған аймақ, бұл жер де бұрын басқаша болатын. Қазір жағымсыз иіспен күресу үшін ағынның түбі тазартылуда.

Қаланың тарихи бөлігін қалыпқа келтіруді де ұмытпаймыз. Ескі сапаржай – қонақтар көп келетін Астананың кіреберіс қақпасы. Осы маңда, «Жастар» театры, Гете және Біржан сал көшелерінде көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Осыдан екі жыл бұрын «Встреча» сауда үйінің алдындағы кеңістік абаттандырылды. Бұл жер де бүгінде тартымды аумаққа айналды. Кейбір қала тұрғындары жаз бойы жолдар қазылып, көшелерде жөндеу жүргізілетініне шағымданады. Дегенмен, Астанада бұл жұмыстар үшін небәрі үш-ақ ай қарастырылған, жаз тым қысқа, сондықтан осы уақыт ішінде барлық жоспарды жүзеге асырып үлгеруіміз керек.

Биыл әкімдік Есіл өзенінің оң жағалауынан басқа, сол жағалаудағы ескірген абаттандыру учаскелерін жаңарту туралы шешім қабылдады. Қазір Мәңгілік ел даңғылында, келесі жылы Түркістан, Ақмешіт көшелерінде жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ биыл Қонаев, Достық көшелеріндегі жаяу жүргіншілер аймақтарының жабыны ауыстырылды.

Қыркүйек айында V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осы іс-шараға дайындық аясында «Астана Арена» стадионының ауданында спорт кластері, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары абаттандырылуда. Нұра ауданының әкімдігі «Жағалау» үлкен тұрғын үй кешенінің аумағын кешенді жөндеп жатыр. Қала басшылығы тұрғындардың барлық негізгі қажеттіліктерін біледі және бөлінетін қаражатқа сәйкес, жобалар басымдығы бойынша іске асырылуда.

– Жаңа вокзал ауданы белсенді даму үстінде, бірақ Қош­қарбаев даңғылы, Әзірбаев көшесі бойында серуендеу тым ыңғайсыз екені жасырын емес. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Біз Қазақ елі алаңынан бастап жаңа вокзалға дейінгі Мыңжылдық аллеясының ландшафттық шеберлік жоспарын әзірледік. Әкімдіктің негізгі идеясы – Мыңжылдық аллеясы жоспарланған орталықта алаңнан вокзалға дейін созылатын тұтас желілік парк жасау. Тиісінше, Әзербаев, Қошқарбаев сияқты барлық қиылысатын көшелерде бульварлар, жергілікті саябақтар орын алатын болады. Биыл Жүргенов көшесіндегі бульварды абаттандыру басталды. Бүкіл жоба үшін 5-7 жыл қажет.

Әкімдік Мыңжылдық аллеясында суарудың автоматтандырылған жүйесін жүргізуге ниетті екенін атап өткен жөн. Бұл ағаштарды дұрыс бағып-күтуге ықпал етеді. Алдағы 5-7 жыл ішінде қалада осындай суаруды енгізу жоспарланып отыр.

– Көппәтерлі тұрғын үйлер­дің аумағында көгалдандыру жарғысының аясында қандай өзгерістер болады?

– Бұрын құрылыс салушылар айналаны жасылдандыруға көп көңіл бөлмеді. Бір жыл бұрын әкімдік құрылыс салушылармен бірқатар кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде өткен жылдан бері олар жасыл желектердің санын 2,5 есеге арттырды.

Қазір бекітілген дендроплансыз құрылыс компаниясы үйді пайдалануға бере алмайды. Олар алдымен жоспарларын келісуге тапсырады, біз бұл жердегі жасыл кеңістіктердің санын қарастырамыз. Жалпы, бұл құжаттың негізгі идеясы – гектарына 100 ағаш пен 1,5-2 мың бұтаны қамтамасыз ету. Бұл ретте кейбір құрылыс жүргізушілер аумақтың аздығынан айналаға ағаш отырғыза алмайтындарын айтады. Сондай-ақ бұл құжатта жалпы талаптардан басқа, біздің климатқа қолайлы деп танылған 28 ағаш түрі: 20 жапырақты, 8 қылқан жапырақты ағаш егу көрсетілген. Кейде қателіктерге жол берілетіні шындық, өйткені тәжірибелі дендрологтар, осы саладағы тәжірибелі мамандар аз. Алдағы уақытта дизайнерлер, әзірлеушілер Жарғыны басшылыққа ала отырып біраз жұмысты қолға алады.

Биыл елордада 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарлануда. Бүгінде олардың жартысынан көбі отырғызылды, күзгі отырғызу аясында жұмыс әлі де жалғасуда.

– Ұсынылған ағаштар тізімінде терек бар ма? Одан бас тартуды жоспарламайсыз ба?

– Терек – біздің дала ағашы, ол өте жақсы тамыр алады, тез өседі және зиянынан гөрі пайдасы көп. Ол көмірқышқыл газын жақсы тұтынады, өйткені оның жапырақтары үлкен және оттегі береді.

Жалғыз кемшілігі – мамығы. Бірақ оның ұшуы 2-3 аптаға ғана созылады. Бұл теректерді шет елдер өздерінде өсіру үшін сатып алады.

– «Ұлытау» аллеясына неге қара тал отырғызу ұйғарылды?

– Өйткені бізде қыс қатал. Негі­зінде, Астана – орманға жарамсыз аумақ. Өздеріңізге мәлім, елордада ағаштардың барлығы бірдей тамыр жаяды деу қиын. Ал бұл ағаштар аязға төзімді. Әрине, оларға күтім қажет. Дегенмен хош иісті әрі гүлдейтін бұл ағаштардың көлеңкесі ыстық күндері көпшілікке қорған болады.

«Ұлытау» аллеясына отыр­ғызылған ағаштар үш жылдан кейін бой көтеріп, айналаны жасыл желекке орайды.

– Жалпы, Астанада ересек дарақтарды көптеп отыр­ғызу жоспарланды ма?

– Жоқ, елордада 6-10 жас аралығындағы жас ағаштар да отырғызылуда. Бірақ биыл ересек дарақтар көбірек егілді. Жалпы, біздің қалада ағаш өсіру оңай шаруа емес, айнала шаң-тозаң, одан қалды газ, тұз, кір.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қаланы көгалдандыруда көпжылдық гүлдерді пайдалану міндеті қойылған болатын. Бұл тапсырма қаншалықты орындалды?

– Соңғы 2-3 жылда біз жоба бойынша көпжылдық бұталарды, гүлдерді отырғызудамыз. Бүгінде елорда көшелерінде гүлді бұталар, мысалы, шалфей, оның күлгін түсі, гортензия, әдемі жапырақ беретін бұталар және т.б. отырғызылды. Олардың бірі мау­сымда, екіншісі шілдеде, үшіншісі тамызда гүлдейді.

Әлем тәжірибесінде көпжылдық бұталар көбірек қолданылады, біз де соны пайдаланудамыз. Дәнді өсімдіктер шетелде трендте. Олар топтық көгалдандыру композицияларында қолданылады әрі өте әдемі көрінеді. Біз де тәжірибелерді зерттеп, зерделейміз, ал мамандар істі бақылап отырады.

– Елорда әкімдігі енгізген жаңалықтардың бірі – қаладағы көпірлер астына қоғамдық кеңістіктерді жайластыру. Бұл тәжірибені жалғас­тыру жоспарланған ба?

– Мұндай алғашқы кеңістіктер Триатлон паркінде, Еуразия ұлттық университетінің жанында, «Атырау» көпірінің астында орналастырылды. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейткіміз келеді. Тәжірибе көрсеткеніндей, бұл кеңістіктер спортпен шұғылданатын жастардың жиі бас қосатын орнына айналды. Өйткені ыстық ауа райында шатырдың астында жаттығу өте ыңғайлы.

Үш жылдан астам уақыт өтсе де, бұл жоба өзектілігін жоғалтқан жоқ. Менің ойымша, бұл құптарлық іс, олардың қатарын көбейту керек.          Астанадан сыртқарырақ орналасқан аймақтар біздің бұл идеямызды жалғас­тыруда. Мәселен, Семей қаласындағы жаңа көпір астында дәл осындай жоба жүзеге асырылды. Бүгінде бұл кеңістік көпшіліктің тартымды орнына айналды.

– Қалада көпірлердің астында жаяу жүргіншілер байланысы құрылуда. Абылай хан даңғылымен Ақбұлақ өзенінің арғы жағына өту үшін бұрынғыдай көпірге шығудың қажеті жоқ. Мұндай тәсіл тағы қай жерде енгізіледі?

– Біз Есіл өзенінің бойында орналасқан 9 саябақты бірыңғай жаяу және велосипед жолдарымен біріктіргіміз келеді, соның ішінде барлық көпірлердің астында жаяу жүргіншілер байланысын қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұл өте ыңғайлы болады.

– Елорданың дизайн-коды бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Өткен жылдан бастап дизайн-код аясында сыртқы жарнама бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. «Астана-Жарнама» КММ құрылды, ол қала бойынша сыртқы жарнаманы бақылаумен, келісумен жүйелі түрде айналысады. Бірақ дизайн коды тек жарнама ғана емес, ол көше профиліне, велосипед жолдарына, көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер аймақтарына, белгілерге, навигациялық тақталарға да қатысты. Биыл елорда қоғамдық көлікті брендтей бастады.

Жалпы, елорданың имиджін қалыптастыруда бекітілген бірыңғай тұжырымдаманы ұстанудамыз. Қазір көше саудасының тұжырымдамасы жасалуда. Бұл ретте павильондардың қандай болуы керектігін кәсіпкерлермен тұрақты кездесулер өткізу арқылы талқылаймыз.

Елордада барлық құрылыс салушылар мен кәсіпкерлер ұстанатын қатаң код, визуалды тіл болуы керек. Бірақ ештеңе де бірден бола салмайды, бастысы, қала тұрғындары бұл іске түсіністікпен қарауы қажет, ол үшін әрине, уақыт керек.

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында көшелерге билбордтар, қоршауларға баннерлер ілінді. Олар да осы оқиғаға арналған тұжырымдама аясында жасалған. Қалада ұйымдастырылатын Наурыз және басқа да мерекелер кезінде безен­дірудің осындай бірыңғай түрлері ескерілуі қажет.

           Мансия САКЕНОВА,

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button