Басты ақпаратДенсаулық

Сарбаз саулығы салғырттықты көтермейді

Елордалықтар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіп мен тыныш­тықты қамтамасыз етуге Ұлттық ұланнан күн сайын 1200-ден аса әскери қызметші жұмылдырылады екен. Ал олардың денсаулығына кім жауапты? Офицерлер, сержанттар мен сарбаздарды аяқтан тік тұрғызып, сапқа қайта оралуына кім жағдай жасайды? Осы ретте Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміндегі әскери лазареттің жұмысымен танысып қайттық.

Кез келген ұжымда жұдырықтай жұмылып, жұмыстың жемісті нәтижесін көрсетуге зор ықпал ететін бөлім болады. Үркер кентінде орналасқан Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміндегі ықпалды бөлім ретінде әскери лазаретті айтуға болады. Лазарет басшысы, аға лейтенант Дастан Болатбекұлымен кездесіп, бірлігі жарасқан берекелі ұжымның жұмысын өз көзімізбен көрдік. Лазарет басшысы – медицина саласының маңызды деген бағытындағы білікті дәрігер-хирург. Еліміздің бас шаһарындағы №1 қалалық ауруханада бес жыл жемісті еңбек атқарған. Медициналық мекеменің шұғыл қабылдау бөлімінде жедел көмекті қажет ететін түрлі жағдайларда, әртүрлі шағыммен келген нау­қастарға кезек күттірмес ем жүргізу тәжірибесі бар.

«Әрине, пенде ретінде әрқайсысымызда әрқалай мақсат бар. Дегенмен, біз ең алдымен осы мемлекеттің азаматы ретінде «Еліме не бере аламын?» деген сауалдан аттап кетпеуіміз керек. Былтыр әріптестерімнен «Әскери медицинада мамандар тапшы, өз бағытын бойынша ол жақта да қызмет етуге болады» дегенді естіп, ұсыныстан бас тартпадым. Себебі Астана медицина университетінде білім алып жүргенде-ақ әскери кафедраны қатар оқығанмын. Үйде жалғыз бала болсам да, әкем босаңсытпай, ер мінезді болуды, әрбір іске жауапкершілік алуды, адал еңбек етуді бойыма сіңіре білді. Табиғатыма да жақын келіп тұр деп, ­қыркүйек айында астаналық құрамаға қабылдандым» дейді ол.

Дастан Болатбекұлының Ұлттық ұланға қалай келгенін білген соң, әрі қарай лазареттің атқаратын қызметі мен ондағы медициналық персонал жайлы толығырақ сұрадық. Лазарет басшысы болып тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаса да, әскери дәрігер сан-салалы бағытты қамтитын үлкен ұжымды жүйелі басқарып келеді. Бұл ретте өзінің басшысы – құраманың медициналық қызметінің бастығы, подполковник Рауан Құрмансейітке алғысы шексіз. Рауан Геннадьевич – Қорғаныс министрлігінде біраз жыл қызмет еткен, әскери медицинада мол тәжірибесі бар терапевт-дәрігер. Лазареттің офицерлік-дәрігерлік құрамына келер болсақ, лазарет ісін басқаруда Дастан Болатбекұлына орынбасары, майор Ақмарал Байкенованың да көмегі зор. Ақмарал Теміртасқызы да – терапевт.

Бұдан бөлек, аталмыш ұжымда офицер-фармацевт дәрігер қатардағы Әйгерім Әшімованың да рөлі басым. Әйгерім Ғазизқызы дәріхана басшысы ретінде құраманың барлық батальондарындағы медициналық пункттерін, лазарет бөліністерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Дәрігерлік тағайындамасы бар әскери қызметшілер үй жағдайында ем алуы керек болғанда рецепт бойынша дәрі-дәрмегін береді. Қажетті препараттарға, көп қолданылатын немесе таусылуға жақын дәрілерге тапсырыс жасап, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алынуын қадағалайды. Жеке кәсіпкер ретінде фармацевтика саласында 11 жыл қызмет еткен, осы жолдағы жалпы еңбек өтілі 15 жылға жуықтайды. Көмекшісі қатардағы Әбутәліп Нұрисламмен дәрілер есебін жүргізеді.

Сондай-ақ, дәрігер-маман, аға лейтенант Айгерім Сәтбаева, лор дәрігері, капитан Жанат Жарболов, стоматолог-дәрігер, майор Айгүл Үсенбаева сынды білікті құрам лазаретте қажырлы қызмет етуде. Бұдан бөлек сержанттық құрамда 15-ке жуық маман бар.

50 науқасқа дейін емделе алады

Құрама ішіндегі жедел мақсаттағы әр батальонның медициналық пунктінде 6 штат: медициналық пунк бастығы, төрт фельдшер (бірі батальон, қалған үшеуі үш рота фельдшері), санитарлық нұсқаушы, дезинфекторы болады. Тек қамтамасыз ету батальонының медициналық пунктінің штаты екі ғана фельдшерден тұрады, алдағы уақытта батальон құрамы тағы басқа бөлініспен ұлғайған жағдайда, сәйкесінше медпунктіне тағы бір фельдшер лауазымы қосылмақ екен. Пункт бастығы жоғары әскери медициналық білімге ие терапевт, емдеуші дәрігер болса, қалғаны – орта медициналық персоналдар. Бұл кісілердің бәрі де сарбаздар мен әскери қызметшілердің денсаулығына, тазалығына, салауатты өмір салтына жауап береді. Шағымдары болса, тексеріп-талдап, күндізгі стационар секілді медициналық пунктің ем-дом шаралары бөлмесінде емдейді. Ал егер стационарға жатқызу керек болған жағдайда, лазаретке жолдайды. Лазаретте 50 науқасқа дейін жатқызу мүмкіндігі қарастырылған.

Бригада лазареті балансында алты медициналық техника бар: үш УАЗ көлігі, екі реанимациялық көлік, жылжымалы флюкар (яғни флюрография­лық кабинет) және санитариялық-эпидемиологиялық орталықтың лабораториясы. Соңғы аталған екі техника Қазақстанның барлық облыстарына, дәлірек айтқанда әскердің өңірлік қолбасшылықтарына шығып тұрады. Аймақтардағы әскери бөлімдерге шақырылым келген кезеңдерде немесе белгілі бір ауру түріне күмән пайда болып, зерттеу жұмыстары қажет болған жағдайда арнайы мамандармен бірге барып, ішек жолдарынан алынған жақпалар алынады, оларға талдау жасалады, стафилококк бактерияларын зерттеу, медициналық қаралымдар сынды шараларды жүзеге асырады. Әскери бөлімдердің санэпидемиологиялық ахуалын бақылайды. Процедуралық кабинеттер мен жарақат таңу бөлмелерінен жақпалар алып, қорытындысымен жұмыс істейді.

Елордалық емханаларға жүгінеді

«Жұмыс барысында №12 қалалық емханамен тығыз бай­ланыстамыз. Сол мекеме ар­қылы толыққанды тексеруден өткіземіз, портал аламыз. Кей науқастарымызды Ішкі істер министрлігінің госпиталіне жатқызамыз. Ал егер госпитальде жоқ бөлімшеге бару керек болғанда, қалалық №1, №2 емханаларға жолдама беріледі. Сол секілді, Қорғаныс министрлігінің госпиталіне науқастанған әскери қызметшіні жатқызбасақ та, қызметтік бағытта өзара тығыз тәжірибе алмасу бар. Себебі, Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдар сүйенетін басшылық құжат бір. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Ұлттық қорғаныс университетінде әскери медициналық мәселелер мен салалық жабдықтар бойынша бірлескен жиында шенді басшылармен бірге күн тәртібіндегі ортақ сұрақтар талқыланды. Биыл да оң жемісін берген бұл бастама күзге қарай тағы да жалғасын табады. Ішкі істер министрлігінің 2023 жылғы 11 қыркүйекте шыққан №420 бұйрығы – Ұлттық ұланның медициналық қызметіне арналған негізгі құжат. Ал әскери-дәрігерлік комиссия кезінде Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №722 бұйрығын басшылыққа аламыз» дейді лазарет басшысы Дастан Болатбекұлы.

Лазареттегі маңызы бөлек бөліністің бірі – санитариялық-­эпидемиологиялық орталық. Майор Әсел Жұмаділова басшылық ететін бактериология­лық лабораторияда менингит, ішек инфекциялары қаралады, процедуралық кабинеттер, жарақат таңу бөлмелері мен стоматологиялық кабинеттен алынған сұйықтықтар талданады.

«Талдау жұмыстарына алдын ала дайындық жүргізіледі, қажетті құралдарды стерильдеп, қондырғыларымызды қосып, тиісті температураға келтіру сияқты әзірліктерді жүзеге асырамыз. Алынған үлгілерді өзіміз талдаймыз. Қорытындысына сәйкес, шаралар жүргіземіз» дейді орталық міндетімен таныстырған бактериологиялық зертхана маманы, кіші сержант Айгүл Мақашева.

Лазаретте ем алып жатқан 1-жедел мақсаттағы ротаның 2-взвод сарбазы Алмат Тәңірбергенов бізді күле қарсы алды. Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласынан шақырылған жауынгер емнің екінші күнінен-ақ жағдайының жақсарғанын айтты. Елорданың құбылмалы ауа-райын­да бірнеше сағаттап ішкі тұрақтылық пен тыныштықты күзету – осы сарбаздардың еншісінде. Оңтайлы сәтті пайдаланып, суықтап қалған жағдайда дер кезінде аяққа тұрғызатын ақ халаттыларға деген ризашылығын жеткізді.

650-700 сарбаз тексерістен өтеді

Байқағанымыздай, лазарет қызметі сан бағытты қамтиды. Жедел құрама үлкен, сәйкесінше мұндағы медицина мамандарына жүктелетін жүк те жеңіл емес. Жауапкершілік те, сәйкесінше, жоғары. Көктем және күз айларында әр шақырылымда 650-700 жас сарбаз келеді. Әр өңірден жасақталған оларды түбегейлі тексерістен өткізу оңай шаруа емес. Қыз­меті күндіз-күні, қысы-жазы тоқтамайтын лазареттің ішкі «ас үйімен» етене таныстырған басшысына бұл істе қажымас қуат тілейміз.

Дастан Болатбекұлы – Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласының тумасы. Ата-анасы №3 мектеп-гимназиясын жақсы көрсеткішпен тәмамдаған зерек ұлға үлкен үміт артып, бас қалаға қоныс аударады. Астана медицина университетіне оқуға түскен болашақ дәрігер аталған жоғары оқу ордасында 10 жыл білім алады. Білім ала жүріп, ізденіп, заман талабына орай жаңашылдықтарды игеріп, қосымша медициналық мекемелерде тәжірибесін жетілдіреді. Жоғары оқудың 6-курсында өмірлік жары ­Рауабану Ерболатқызымен отау құрады. Өмірлік ұстанымдары мен жүрек қалаулары жарасқан екі жасты тоғыстырған да осы медицина саласы. Дастан Болатбекұлының аяулы серігі де хирург дәрігер. Өнегелі жұптың бүгінде Мансұр және Әмір есімді екі ұлдары бар.

Табиғи апаттар, күшейтілген режимдегі қызмет, түрлі дағдарыс жағдайлары, оқу-жаттығу және ату сынақтары – бұлардың ешқайсысына жеке құрам медицина маманынсыз жіберілмейді. Ендеше, аманат арқалаған ақ халатты абзал жандар аман болсын дейміз.

Гүлмира Аймағанбет

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button