Балаларға төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын үйрету
ТЖМ қызметкерлері төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік негіздерін үйрете отырып, балалармен белсенді жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Құтқарушылар жаттығулар, тақырыптық сабақтар, әңгімелер және интерактивті сабақтар сияқты әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырады, бұл балаларға қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету керектігін жақсы түсінуге көмектеседі. Жарыстар мен ашық есік күндері де өткізіледі, онда балалар құтқарушылардың техникасымен және жұмысымен таныса алады, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын пысықтай отырып, жаттығуларға қатыса алады. Бұл балалардың білімін нығайтып қана қоймай, олардың күнделікті өмірде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Павлодар облысының Ақсу қаласының өрт сөндіру бөлімінде оқушылар үшін таныстыру экскурсиясы өтті, оның барысында жас қонақтар қызметтің ерекшеліктерімен, өрт қауіпсіздігі ережелерімен танысып, өрт сөндірушілерге сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды. Құтқарушылар қонақтарға экипировка, өрт сөндіру машиналарын, арнайы құралдарды көрсетті. Экскурсияның ең ұмытылмас бөлігі жауынгерлік киімді кию және арнайы машиналардың кабинасында отыру мүмкіндігі болды. Әңгіме барысында оқушылар өрт сөндірушілердің жұмысы туралы көп нәрсе білді.
Көкшетау қаласындағы балабақша тәрбиеленушілері үшін Ақмола облысы ТЖД қызмкеткерлері өрт қауіпсіздігі тақырыбында театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілер рөлінде театрдың әртістері өнер көрсетті, олар балаларға отпен ойнаудың қаншалықты қауіпті екенін, өрт кезінде не істеу керектігін ойын түрінде айтып берді. Балалар сахнаны тамашалап қана қоймай, тікелей қатысты.
Елорда мектептерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретуге бағытталған іс-шаралар өтуде. Балалар қойылымдар қойып, өлең шығарып, сурет байқауларына қатысу арқылы қауіпсіздікті сақтау аясындағы пайдалы ақпаратты оңай игере алды. Осындай қойылымдармен мұғалімдер өрттің салдарынан туындайтын жағдайларды қарастырып, одан сақтану жолдарына тоқталады, көрініс арқылы бала санасында қауіпсіздік мәдениеті мен жауапкершіліктің нормаларын қалыптастыруға жағдай жасалады. Сонымен қатар шара барысында қауіпсіздік ережелерін еске салатын жадынамалар, өрт сөндіру бөлімі мен автокөлігінің макеті секілді жас құтқарушылардың туындылары орналастырылған «Өрт қауіпсіздігі» бұрышы таныстырылды.
Түркістан облысы ТЖД қызметкерлерінің ұйымдастыруымен балабақшада өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқу-жаттығу өткізілді. Осы іс-шара аясында ашық сабақ өткізіліп, балаларға өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша бейнероликтер көрсетілді. Балалардың таным тәрбиесінде өрт және өрт сөндіруші ұғымын қалыптастыру мақсатында арнайы суреттер мен мозайкалар құрастыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара соңында балабақша қызметкерлеріне өрт оқиғасы орын алған жағдайда дұрыс ден қою іс-әрекеттері түсіндірілді.
Құтқарушылардың айтуынша қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан бастап енгізу қажет. Дәл осы тәрбие процесінде бала өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі керек. Мұндай кездесулер мектепке дейінгі мекемелерінде тұрақты түрде өткізіледі, осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.