Жұмысшы мамандықтары жылына арналған жиын өтті
Астана қаласындағы Кәсіпкерлер палатасында «Жұмысшы мамандықтары жылы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға салалық кеңестердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау туралы бастамасына арналып, оны ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар кәсіби білім беру жүйесін жақсарту және жұмысшы мамандықтарын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.
Оның ішінде басты назар жұмысшы мамандықтарын әрі қарай дамыту мүмкіндіктеріне аударылды. Олардың қатарында құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы жұмысшы мамандықтарының мәселелері, оқушылар мен колледж студенттері арасында кәсіби бағдар беру, әлеуметтік әріптестік мәселелері, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында академиялық тәуелсіздікті дамыту, техникалық және кәсіби білім беру мамандықтары мен біліктіліктерінің жаңа классификаторларын әзірлеу мәселелері қарастырылды.
Талқылау барысында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында нақты шаралар ұсынылды. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы үшін «Жұмысшы мамандықтары жылы» жол картасын әзірлеу, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жұмысшы мамандықтары жылына арналған ауқымды форум ұйымдастыру, халықаралық талаптарға сай жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу секілді іс-шаралар қолға алынады.
Жұмысшы мамандықтары жылы – Қазақстандағы кәсіби білім беруді дамытуға арналған ұзақ мерзімді стратегияның негізі. Дөңгелек үстел қатысушылары мемлекеттің, бизнестің және білім беру мекемелерінің күш-жігерін біріктіру арқылы қазіргі заманғы білікті мамандарды даярлайтын білім беру жүйесін қалыптастыруға сенім білдірді.