«Қар десанттары» еріктілер эстафетасы өтті
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» кең ауқымды эко-акциясы аясында «Қар десанттары» тақырыбында қар күреуге арналған еріктілер эстафетасы өтті. Іс-шара 113 елордалық білім беру ұйымының аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осымен үшінші жыл ауқымды және бір мезетте елорданың барлық оқушысының қатысуымен өтіп жатыр. Білім алушылар көптеген қатысушыны тарту үшін плакаттар мен ақпараттық парақшалар дайындап, барлығына қауіпсіздік техникасы бойынша тренинг өткізді.
«Жыл сайынғы дәстүрге айналған және мектебімізде үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан маңызды эстафетаға қатыстық. Акцияның басты мақсаты – жастардың назарын қаланың экологиясы мен тазалығына аудару. Алдағы уақытта бұл бастамаға мектеп оқушылары көбірек қатысады деп ойлаймыз», – дейді №86 мектеп-гимназиясының оқушысы Жанел Тастемірова.
Астананың мектеп және студенттік парламентінің өкілдері өз ұйымдарының әкелер кеңесіне осыған қатысты эстафета жіберді.