Басты ақпаратРуханият

Мағжан неге қудаланды?

«Қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүрленген жылқы еті тау болып үйіліп, сары қымыз дария болып, ағып жатқан жоқ… Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық…» деп келеді де, Мағжан орыс тілді оқырманға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының қайғылы ­жағдайын түсіндіріп береді.

«Аштық қабырғаға батқанда адамның есі кетеді, шырқырап жан даусы шығады, осындай кезде басқалар Сарыарқа ұлының ыңырсып қана жан тәсілім бергенін байқамайды. Мәдениетті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласындағы аштық сұмдығын орыс жұртшылығы білмеуі сондықтан.  Әйтеуір, қандай себеп болса да, нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштықтың ауыртпалығынан қазақ ауылы құрып барады, ал қазақ халқы  адамдық бейнесінен ада болуда».

Атап айту керек, Мағжан мұны өзінің Қызылжарда жазған соңғы мақаласы болатынын білген жоқ еді. Ертеңінде жанына Қызылжар мешітінің мұхтасибі Бегішевті алып, Көкшетау уезіне мал жинауға аттанып кетті. Аш-арықтарға көмектесіп, іссапарда жүргенде төбесінен жай түскендей суық хабар алды.

Осы «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» деген мақаласы басылды. Кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, негізгі мазмұны «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деген байбалам еді. Атап айтқанда, газеттің кімдерді мезгеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газетте жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаладан көрінді.

Шәріповтің мақаласын сөзбе-сөз қазақшалағанда былай: «Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, ­Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ, олар жұмысқа бөгет жасап келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше большевикті атып өлтірді… Алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін!».

Осындай жаладан кейін, Мағжан бас сауғалап, Қызылжардан, Қазақстаннан кетіп, Түркістан республикасының астанасы Ташкентке  табан тіреуге мәжбүр болды. Жазушы С.Мұқанов қазақ зиялыларының амалсыз Ташкентті паналағаны жөнінде 1960 жылы былай деп жазды:

«Қазақ автономиялы республикасында таяқ жеген, алашордашылардың бір тобы (көпшілігі), сол кезде «Түркістан» аталатын республикаға барды да, ондағы басқару ісінде жүрген бояма коммунистердің жәрдемімен оқу, баспасөз орындарына қызметке кірді. Мәселен: Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек ­Аймауытов және тағы басқалар. Бұлар – Алашорданың ірі қайраткерлері. Алашордашы жастардың да біразы Түркістан орталығы – Ташкентте болып, бір жағынан оқу оқыды, екінші жағынан идеологиялық майданда алашордашылдық қызметтерін жүргізіп жатты. Мәселен, Қошке Кемеңгеров, Даниал Исхақов, Ғабдолла Байтасов және тағы басқалары. Алашордашылардың «ескілерінің» де, жастарының да, ұлтшылдық бағытта жазылған шығармаларына, сол кезде Ташкентте шығатын «Ақ жол» газеті, «Шолпан»,  «Сана» журналдары кең орын берді. Осы баспасөздердің бетінде советке қарсы шығармалары үздіксіз жарияланған Мағжан Жұмабаев біраздан кейін тіпті еркінсіп алды да:

«Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай?»  деп қазақты Ресейге қарсы құралды көтеріліске шақырды.

* *  *

Мағжан Жұмабайдың 1922 жылдың күзінде Ташкентке келіп, атқарған жұмыстары туралы Сәбит Мұқанов берген мағлұмат осындай.

Ақынға мұнда да тыныштық болмады. Түркістан республикалық ғылым қоғамының құрамында істеп жүрген Мұхтар Әуезов екеуі республикаға берілген екі жолдаманы алып, Ленинградқа оқуға кетпек болады.  Білімдері жетпегендіктен емес, аумалы-төкпелі заманның толқыны басылғанша, бой тасалай тұру мақсатында дегеніміз дұрыс. Ташкенттен кетер алдында Мағжан өзінің өлеңдер жинағын асығыс дайындап үлгереді. 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан Сұлтанбек Қожановтың жазған алғы сөзінен:

«Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп отырмыз. Мағжан өлеңдерімен оқушылар бұрыннан таныс. Әдебиет жаңа айқындалып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық.

Осы күнге дейін Түркістанда «қойшылар тілі» саналып келген, ресми қағаздар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске аспауы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, көркем, жатық, таза, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады. Сондықтан, біз Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көздеуді міндет тұттық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып, үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек. Тарихын, мәнісін жете түсінуі керек.

Бұл кітапқа Мағжан Жұмабайұлының баспасөз майданына шыққаннан бергі жазған өлеңдерінің көбісі кірді. Басу жағынан түзей алмай отырған кемшілігіміз – қай өлеңнің, қай жылы һәм қай шарттарда жазылғандығын көрсете алмауымыз. Сөйтсе де Мағжан өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылғы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз.

Бұл кітап қазағына арнап «Абайдан» кейінгі екінші басылып отырған әдебиет кітабымыз – осы «М.Жұмабайұлының өлеңдері». Мағжан өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз».

***

Совет өкіметінде «Мағжан Жұмабай деген ақын болған» деген түсінікті еске алуға тыйым салынған шақта алыстағы Түрік мемлекетінде Мағжанның өлеңдері кітап болып шыққанын қазіргі қазақ біле қоймайды. 1965 жылы белгілі көсемсөзші, ұлт қайраткері Хасан Оралтайдың Түрік мемлекетінің Салихлы қаласындағы Әзірбайжан мәдениеті мен өзара көмек қоғамы арқылы дайындап, Ізмір қаласындағы баспаханадан шығарған «Buyuk turksu Magjan Jumabayoglu (Ұлы түрікшіл Мағжан Жұмабайұлы) деген 40 беттік кітабына Мағжан ақынның қысқаша өмірбаяны беріліп, түрік әлемінде алатын орны көрсетілген. «От», «Жер жүзіне», «Жер жүзін топан басса екен», «Мен кім?», «Сағындым», «Түс», «Қараңғылық қоюланып келеді», «Алдамшы өмір», «Есіне кім алады?», «Тілегім», «Жауға түскен жанға», «Түркістан», «Алыстағы бауырыма» деген 13 өлеңі басылған. Бұл өлеңдер түрік тіліне аударылмай, қазақша түпнұсқасы латын әліпбиінің түрікше нұсқасымен берілген. Яғни, басылым тікелей қазақ оқырманына арналған.

Кітапқа алғысөз жазған Салихлы қаласындағы Әзірбайжан мәдениеті мен өзара көмек қоғамының президенті Хамза Ушар Мағжан ақынды «Түркістан түріктерінің ұлы ақыны» деп таныстыра келіп, «…өлеңдерін толық шығаруға мүмкіндік болмады, осының өзі ұлы адамды көпке таныстыруға жоралғы болады» деп сендіреді.

2018 жылы Анкарада халықаралық «Түріксой» ұйымының қолдауымен, Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің Takdim (Алғысөзімен) Мagjan Jumabay Uzaktaki kardesime (Мағжан Жұмабай, Алыстағы бауырыма) деген жинағы басылып шықты. Бұл кітаптың ерекшелігі – Мағжан өлеңдері латын әліпбиінің түрікше нұсқасымен қазақ тілінде берілген де, қатарына түрікшеге ақын әрі зерттеуші Ali Akbas (Әли Ақбас) аударған нұсқасы басылған. Жинақтың беташарына «Қазақ тілі» және «Алыстағы бауырыма» деген өлеңдер ұсынылған.

Анкарадағы Ғазы университеті тіл және әдебиет бөлімінің профессоры, мағжантанушы ғалым, доктор Fernat Tamir (Фернат Тамыр) жинаққа ғылыми алғы сөз жазып, Мағжан Жұмабайдың өмірі мен шығармашылығынан бірқатар мағлұмат берген.

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде мынадай құжат сақталған. Орыс тіліндегі түпнұсқасын қазақшалағанда: «Өте-мөте құпия. Ақмола губерниялық Литосына (кеңестік баспасөз цензурасының бүркеме атауы). «…Мағжан Жұмабаевтың қазақ тіліндегі өлеңдер жинағы. Түркістан мемлекеттік баспасы, 1923 жыл».  Осы кітапты айналымнан алып, арнайы нұсқау берілгенше сақтап қойыңыздар…».

Мағжантанудың ұзақ көшінің басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз. Ол «жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі иелік жасауға құқы бар» екендігін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәхкерім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атайды. Оның:

«Таң, күн деген жер жаны,

Бұл екеусіз жоқ сәні,

Оқу-білім ер жаны,

Жараспас ерге құр жаны…»

деген сөздерін келтіріп, «Осындай ақыны бар бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп тебіренеді. Бұл сөздерді Әлекең 1913 жылы жазған.

Қазақ тарихында, әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «Қазақ» газетінің орны ерекше. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңының салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Міне, осы газетке Мағжан қазақ өлеңі қандай болуы керек екендігін көрсетті. Қазақ ұлтын азаттыққа, өз жеріне өзі ие болып, өркениет көшінен өз орнын табуға шақырды. Туған халқына жастай-ақ қызмет етті.

Мағжанның шығармашылық өмірбаянын да толық, ғылыми тұрғыда жасалған нұсқасы 2018 жылы Петропавл қаласында жарық көрді. Өкінішке қарай, авторлардың қаражаты болмағандықтан сол мағлұматтар көпшіліктің қолына әлі тиген жоқ. Сегіз жүз беттік екі том «Мағжан Жұмабай. Өмірі мен қызметінің шежіресі» деп аталған ғылыми басылымның авторларының бірі – осы жолдардың авторы. Сонда қазір «Мен жастарға сенемін!» деген тақырыппен көпке тараған Мағжан өсиет-өлеңнің Қызылжар қаласында шыққан, Алашшыл қазақы жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің үшінші санында 1918 жылы 12 тамызда басылғанын да айтамыз. «Мағжан қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген сөздерді Смағұл ­Сәдуақасов осы өлеңге байланысты айтқан.

Сібір аймағында Кеңес өкіметі құлаған 1918 жылғы оншақты ай ішінде Ақмола облыстық земствосы арқылы қазақ ауылдарында қазақ мектептерін ашу, қазақ мұғалімдерін даярлау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбектенген Мағжан туралы да көпке мәлім емес.

Өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеушілерге тапсырып кеткен аманатын орындау үстінде, «жаман-жақсы» деп, «екі жар қылып санасақ» та оның соңындағы үзілмеген қуғынды, өмірін қиған өлім жазасына негіз болған қандай да бір қылмысын таба қою қиын.

«Жау» деген – жаудың жаласы,

Әділ болсаң, өмірімді

Ақтарып әділ қарашы.

 

Отыз жыл өмір бойында,

Жазғанымды жайып сап,

Екі жар ғып санашы» (1927 жылы жазылған).

Ол ұлтшыл еді. Мағжан да, алаштың басқа да көсемдері өздерінің ұлтшыл екендігін жасырған жоқ. Тіпті, Ахмет Байтұрсыновтың айтуынша: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Бірақ, ұлтшылдық – қылмыс емес.

Мағжантанудың шешілмеген мәселелері әлі де көп. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал, біздің арымыз таза болу үшін, көзіміз тіріде жастарға ақиқатын айтатын кез келді деп есептеймін.

«Жұмабаев Мағжан шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер». Мағжан есімі туған халқына толық қайтарылған шақта, 1989 жылы жарық көрген, біршама толық жинақ, осы сүйінші кітап төңірегінде қазақ зиялылары арасында қалыптасқан кейбір ұшқары пікірлер туралы айтарымыз да бар.

Тағдырдың тәлкегін тағы бір қайталап, осы жинақтың алғы сөзін Әбділдә Тәжібаевқа жаздырған ақын жазған білімпаздардың көздегені не? Сонау 1925 жылы Мағжанды жазықсыз жазалап, қорлық пен кекесінге толы өлең жазып, қарғап-сілеген осы Тәжібаев болатын. Заман желі қалай соқса, солай жығылғаны туралы қарт ақын: «Бұл менің де, мені тәрбиелей сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді» деп жазыпты.  Яғни, құлағын қалай бұраса, солай сөйлеген патефон деген аспап болғанын мойындағанына да шүкір. Бірақ, қазақ халқын өлшеусіз ауыр қасіретке ұшыратқан саяси қуғын-сүргін заманында бұл «патефондардың» жай ғана сайрап қоймағанын, өз әріптестері мен қандастарының өліміне тікелей қатысты екенін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Реті келіп тұрғанда, айтпаса,  сөздің атасы өледі, деген шындық осы.

Мына, тәуелсіздік заманында, рухани тіріліп, ортамызға қайта оралған Мағжанның осы жинағына жазылған алғы сөздің мазмұны да жас ұрпақты мейлінше адастырып, онсыз да қорлық көріп, жадымыздан өше бастаған ұлы қайраткер азаматтың бейнесін көлеңкелеп, тіпті тұмандатып жібергенін көре тұра айтпасақ, әруақ алдында біз жазықтымыз. Әлбетте, Ә.­Тәжібаевтің бұл «Алғы сөзі» мағжантанудағы ақырғы сөз емес. Бірақ халыққа тарап кеткен кітаптағы теріс қағидаларды көрсету парыз. Әйтпесе, жастар осы мақаладағы сипаттамаларды көшіріп, жаттап алып, Мағжанның шын бейнесін басқаша түсінеді, басқаларға да солай түсіндіреді.

Демек, «…мұндай ғажайып дәуірге жеткізген партия басшылығына біз мың-мың алғысымызды ғана арнамау керек» деген Әбділдә Тәжібаевтің «нұсқауы» – Мағжан және Мағжан сияқты мерт болған жүздеген ұлт қайраткерлерінің әруағын қорлау. «Мың алғысын» компартияның май шелпегіне тойған насихат бұлбұлдары әлі айтып келеді. Бірақ, жазықсыз жапа шеккендердің, атылып-асылғандардың ұрпақтары алдында ақ сөйлеп, туған халқының тәуелсіздігі, бақыты жолына  барын арнаған Алаш қайраткерлерінің кешкен қорлығына, өліміне кім жауапты екенін  бүкпесіз айта алатын ауыз да керек.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан
университетінің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button