Басты ақпаратЕлорда тынысы
Өсу мен даму жолындағы Астана
2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірлер арасында ең жоғары экономикалық өсім көрсеткіші тіркелген 6 аймақтың бірі – Астана. Бұл туралы 28 қаңтарда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті. Осы жиында баяндама жасаған елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін жария етті.
Өнім өсті, бизнес дамыды
Қала басшысы 2024 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 111,5 пайызды құрағанын мәлімдеді (2023 жылы – 106,5 пайыз). Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 15 трлн теңгеден асқан, бұл көрсеткіш 6,5-7 пайыз деңгейінде өсімді қамтамасыз етеді. 2024 жылдың 9 айындағы жалпы өңірлік өнім көлемі – 9,2 трлн теңге, өсім – 6,8 пайыз.
Өткен жылы қала экономикасына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 13 пайызға жоғары. Соның ішінде, жеке инвестициялардың үлесі 70 пайызды құрап, 7,2 пайызға өскен (1,3 трлн теңге).
«Қала экономикасының негізі шағын және орта бизнес болып қала береді. Елорданың жалпы өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесі 72 пайызды құрайды, бұл республикалық орташа деңгейден 2 есе жоғары. Өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,2 пайызға өсті. Мұндай нәтиже, ең алдымен, жүйелі мемлекеттік қолдау мен қолайлы салық режимінің арқасында мүмкін болды» деп түсіндірді әкім.
Жеңіс Қасымбек елордадағы өнеркәсіп өндірісінің өсімі 6,7 пайызды көрсетіп, 2,5 трлн теңгеге жеткенін, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 9,8 пайыздық өсім тіркелгенін мәлім етті. Оның айтуынша, елорданың негізгі өнеркәсіптік әлеуеті №1 Индустриалды паркте шоғырланған. Оның үлесі елдегі барлық арнайы экономикалық аймақтардың жалпы өндіріс көлемінің 73 пайызын құрайды. Қала басшысы даму динамикасын сақтау үшін №2 Индустриалды парктің құрылысын жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оның бірінші кезеңін 2027 жылы іске қосу жоспарланғанын жеткізді.
Жұмыссыздық азайды, халық саны көбейді
Елорданың өндірістік әлеуетін дамыту үшін білікті кадрлар қажет. Бұл сұранысты қанағаттандыру мақсатымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астананың 25 колледжінде мемлекеттік тапсырыс 2 есеге өсіп, 10 мың студентті қамтыған. Мұндай іс-шаралар сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік беріп отыр. «Халықты жұмыспен қамтудың Өңірлік картасы аясында 2024 жылы 68 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 58 мыңы немесе 85 пайызы – тұрақты жұмыс орындары.
Бас қалада жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен (4,6%) 0,2 пайызға төмен болды» деді Ж.Қасымбек.
Елорда әкімі Астана – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңірдің бірі екенін мәлімдеді (6,8%). 2024 жылы елорда тұрғындарының саны 90 мың адамға немесе 7 пайызға өсіпті. Қазір қала халқының саны – 1 млн 520 мың 756 адам. «Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Үкімет Астана қаласының жаңа Бас жоспарын бекітті. 2035 жылға қарай қала халқының саны 2,5 миллион адамға дейін артады деп болжануда» деді әкім.
Қала басшысы қолайлы мегаполис қалыптастыру мақсатында Бас жоспарға сәйкес алдағы 10 жыл ішінде 120-дан астам мектеп, 170-тен астам балабақша және 50-ден аса денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланғанын мәлім етті. (Бас жоспарға сәйкес жаңа жылу көздерін, Қаныш Сәтпаев атындағы каналдан су құбыры желісімен бірге сорғы-сүзгі станциясы және кәріздік тазарту құрылғыларын, электр желілеріне жүктемені төмендететін кіші станцияларды салу қарастырылған. Алдағы екі жыл ішінде жеке секторды толық газдандыруды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Аталған әрбір бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, жобалардың басым бөлігі алдағы 3-5 жылда іске асырылады. Бұл қалаға инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның тұрақты қорын 2035-2040 жылдарға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп түсіндірді Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, қазіргі таңда елорданың барлық өмірлік маңызды нысандары тұрақты жұмыс істеп тұр, коммуналдық қызметтердің қуаты бойынша тапшылық жоқ. Жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр.
Экономиканың драйвері – құрылыс
Құрылыс – қала экономикасының негізгі драйверінің бірі болып қала береді. «2024 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 22,3 пайызға өсті (1,1 трлн теңге). Тұрғын үйді пайдалануға беру өсімі 12,7 пайызды құрады. 4 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл республика бойынша тапсырылған жалпы көлемнің 23 пайызын құрайды. Ескі және апатты тұрғын үйлерді Жаңарту бағдарламасын іске асыру жалғасуда. 2030 жылға дейін 206 апатты үйді көшіру жоспарланған, өткен жылы 37 үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге қоныстанды. Сіздің тікелей қолдауыңыздың арқасында екінші толқынға жататын 16 мың үлескердің мәселесі толық шешілді, бұл 150 проблемалық үй» деді Астана әкімі.
Автобус көбейіп, ЛРТ жүреді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Smart City тұжырымдамасы аясында Астана әкімдігі G42 халықаралық холдингімен бірлесіп, бас қалада қоғамдық қауіпсіздік пен қалалық ортаны басқару салысында жасанды интеллект технологияларын енгізу жобасын жүзеге асыруға кіріседі. 2025 жылдың соңына дейін жоба іске қосылады.
Жеңіс Қасымбек атап айтқандай, 2024 жылдың желтоқсан айында елорданың көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы бекітілді. Қалада автокөлік қозғалысының ауқымының өсуіне орай, ең алдымен, қоғамдық көлікті дамытуға, тас жолдардың көлік өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа көпірлер салуға, автокөлік тұрағы кеңістіктерінің жұмысын жетілдіруге, қауіпсіз және жайлы жаяу жүргіншілер өткелін құруға назар аударылуда. Әкім күн сайын қалалық бағыттарға 1600-ден астам автобус шығатынын айтты. Соңғы екі жылда елорданың қоғамдық көлік паркі 45 пайызға жаңартылғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.
Қала басшысы ЛРТ жобасы соңғы кезеңге жетіп, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. «Биыл қыркүйек айында алғашқы пойыздар келіп, тестілік сынақтар басталады» деді Жеңіс Қасымбек.
Қанша мектеп салынады?
Елордада халық санының тез өсуі әлеуметтік саланы жедел дамыту қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл орайда мектеп салудан да көштің басында тұрмыз. Мәселен, өткен жылы 24 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы жаңа 16 мектеп ашылады. «2024 жылы 24 мектеп пайдалануға берілді, соның ішінде 16-сы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған. 31 мың жаңа оқушы орындар пайда болды. Бұл 4 үш ауысымды және 6 шамадан тыс жүктелген мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 4 үш ауысымды және 12 шамадан тыс жүктелген мектеп қалды. Биыл қаладағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін 16 жаңа мектепті пайдалануға беру арқылы шешуді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 7-уі – «Жайлы мектеп» деп түсіндірді мәселенің шешімін әкім.
Сондай-ақ мектепке дейінгі және қосымша білім беру нысандарының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласында қаланың өсуі мен Астана агломерациясының дамуына байланысты медициналық мекемелердегі төсек-орнын санын көбейту қажеттілігі бар (1 400 төсек-орын).
«Өткен жылдың маусым айында, Сіз, Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы мен Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының жаңа корпусына барып, таныстыңыз. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, биыл жаңа көпсалалы қалалық аурухананың және жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Бұл нысандарды пайдалануға беру медициналық инфрақұрылымды айтарлықтай нығайтады» деді Ж.Қасымбек.
Қала – таза, ортақ келбеті бар
Астанада Президенттің «Таза Қазақстан» атты бастамасының аясында заманауи, жайлы және экологиялық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сәтімен жүзеге асырылып келеді. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көгалдандыру жоспары қабылданды. Бір жыл ішінде 170 қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылды. 1 млн-нан аса жасыл көшеттер отырғызылды. Парк кластері сәтті қалыптасып келеді.
«Қасбеттердің, жарнамалық конструкциялардың, сәулеттік жарықтардың, көшедегі жарық пен декордың ортақ келбетін реттейтін дизайн-код бар. Арнайы қаулыға сәйкес, үй салатын компаниялар үйдің жанынан үш жыл бойы күтіп-бағатын дендропарктерді қоса салуға міндеттелген. Қаладағы санитарлық ахуалға айрықша көңіл бөлеміз. Өткен жылы рұқсат етілмеген қоқыс-үйінділердің 90 пайызы жойылды (404 из 414). Қалған күл-қоқыс үйінділері көктемде толық тазартылып, жойылады. Бұл орайда «Таза Қазақстан» атты бастама қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға ғана емес, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениеттің қалыптасуына, тұрғындардың мәдени-рухани жағынан өсіп-жетілуіне ерекше ықпал ететінін айтып айту ләзім» деді әкім.
Сөзін қорытындылай келе, Жеңіс Қасымбек елорда әкімдігі, қаланың тұрақты әлеуметтік-
экономикалық дамуына қол жеткізуге бағытталған Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастырып, экономиканың негізгі салаларындағы өсу қарқынын сақтау үшін тиісті іс-шараларды одан әрі жүзеге асыратынын айтты.
Кептеліс мәселесін шешіңіз!
Қала әкімінің баяндамасын тыңдап отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев қордаланған мәселелерді шешуді тапсырды.
«Жалпы, қала әкімінің тиісті қабілеті бар, тиянақты жұмыс істеп отыр. Дегенмен, Астанада көлік кептелісі мәселесі өте өзекті болып тұр. Сондықтан осы бағытта шұғыл шаралар мен шешімдер қабылдау қажет» деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды міндет ретінде тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар салу керек екенін атап өтті.
«Бұл мәселе тек елордаға емес, барлық облыстардың басты қалаларына қатысты. Салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы, жерасты коммуникацияларының құрылысы және жөндеу жұмыстары басты назарда болуы қажет» деді Мемлекет басшысы.
Төлен ТІЛЕУБАЙ