Басты ақпаратМәселе

МӘМС-тің мәнісі кетті ме?

Қазақстанда МӘМС жүйесі 2017 жылы енгізіле бастағаны белгілі. Алайда 2020 жылдың 1 қаңтарында ғана жүзеге асты. Яғни осы кезден бастап барлық жұмыс істейтін азамат МӘМС жарнасын төлеуге міндетті болды. Ал мемлекеттік көмекке мұқтаж әлеуметтік топтар мен жұмыссыздар үшін жарна мемлекет есебінен еді.

Жетістігінен жетпегені көп жүйе

Ашығын айту керек, МӘМС жүйесі 2020 жылы толық іске қосылғаннан кейін барлық азаматқа қолжетімді болды. Соңғы 4 жылда медициналық қызметтердің тізімі кеңейіп, тұрғындар үшін көрсетілетін қызмет сапасына мән беріле бастады. Медициналық қызметтерді цифрландыру және онлайн-қызметтерді дамытуға көңіл бөлінді. Осы уақыт аралығында пациенттерге телемедицина, онлайн-жазылу, электрондық денсаулық паспорты секілді қызметтер ұсыныла бастады. Әсіресе жекеменшік және мемлекеттік медициналық мекемелер арасында бәсекелестік күшейді. Дегенмен еліміздің өңірлерінде қызмет сапасына қатысты сын толастамады. Ауылдарда, шағын қалаларда дәрігерлер мен медициналық мекемелердің саны әлі де жеткіліксіз. Көп жағдайда медициналық қызмет алу үшін кезектің ұзақ болуы түйінді мәселеге айналды. Әсіресе жоспарлы емдеулер мен мамандарға жазылу қиынға соғуда. Халық арасында МӘМС жүйесіне қатысты сенімсіздік көбейді. Сарапшылар жүйе толықтай тиімді әрі үйлесімді жүйеге айналуы үшін әлі де кейбір салаларды жетілдіру қажет екенін алға тартады. Бірақ тәжірибе жинақталып, уақыт өте келе жақсара түседі деп күткенімізге де 5 жыл өте шығыпты. Күні кеше Үкімет сағатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланған тұста біраз кемшілік ортаға салынды. Халық қалаулылары МӘМС жүйесіне қатысты сын-пікірді қарша боратты.

Түбі тесік қайықтан қайран жоқ

Депутат Асхат Аймағамбетов бұл жүйені дәл осылай сынады. «Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына қолына шелек алып, сол суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңе бермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық әрі қарай бата береді. Міне, дәл осындай жағдай бүгінде МӘМС жүйесінде орын алып жатыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес жүріп жатыр. Жүйелі реформаның орнына уақытша шаралар, бастысы стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр» дейді. Ол МӘМС бойынша 5 айлық сәбидің тісінің қалай емдеуге болатынын, сонымен қатар бір адам 82 тісін емдеткенін, соған қаражат төлеу үшін қорға тиісті есеп бергендерге күйінді.

Тағы бір белгілі болған дерек, бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет түрін көрсеткен. Міне, МӘМС аясында енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық есеп көрсетуге итермелеп отыр.

«Қазір қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр, ашық емес» деп сынады депутат.

Ал әріптесі Нартай Сәрсен­ғалиев, МӘМС-тің жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болғанына қарамастан, өзекті мәселелер сол күйі қалып қойғанына тоқталды.

«Былтыр Президент тапсыр­ған медициналық көмектің бір­ыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Оған қоса, Мемлекет басшысы айтқан «Жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік осал топтардың кейбірінің медициналық сақтандыруын жергілікті бюджеттен төлесін» деген бастамасы да жүзеге асқан жоқ. Осы МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе де, қазіргісі де жұмыс істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып ем аларын білмейді. Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100 пайыз дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығынын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн адам ғана қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз» деді ол.

Тиімсіз тұстарын тарқатсақ…

Жалпы еліміз бойынша 3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалып, медициналық қызметтерге қол жеткізе алмай отыр. Денсаулық сақтау жүйесінің кейбір салаларына қаражат жетіспейді екен. КТ, МРТ секілді компьютерлік зерттеулер жүргізуге шамадан тыс жүктеме көп. Кредиторлық берешек туралы мәселе өз алдына талқылауды қамтамасыз етеді. Осы ретте денсаулық сақтау саласының сарапшысы Аяулым Тұрапбекқызы МӘМС жүйесінің бірнеше тиімсіз тұсын тарқатып берді.

«Ең алдымен қызмет сапасының төмендігін айтуымыз керек. Жарна мөлшері, оның ішінде жұмыссыздар немесе өз бетінше жұмыс істейтін азаматтар үшін ай сайын өз қалтасынан төлеу оңай емес. Медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жаңартып, техникалық жабдықтарын модернизациялайтын уақыт әлдеқашан келді. Қолжетімділік пен әкімшілік процестерді жеңілдету, қаржылық басқаруға шынайы мониторинг жасап, қате шығындар мен бюджеттік алшақтықты жою керек. Жалпы соңғы жылдары жүйе дамып келе жатыр, бірақ әлі де шешімін табуы керек мәселелер бар» дейді ол.

Айтуынша, Қазақстанда МӘМС жүйесін жақсарту үшін аталған мәселелерді шешу уақытты, ресурстарды және жүйелі реформаларды талап етеді. Бірақ осы бағытта нақты қадамдар жасалса, медициналық қызметтердің сапасы артып, халықтың денсаулық деңгейі жоғарылайтыны сөзсіз екенін тілге тиек етті.

Қандай ұсыныстар бар?

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан дәл осы жүйені жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты. Оның пікірінше, қазір емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Мысалы, бір айға КТ, МРТ жасауға белгілі бір квота беріледі. Ал егер нау­қастар саны бұдан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайынғы қаржыландыруды әр емхана өздері шешуі керек.

«Медициналық ақпараттық жүйелер (КМИС, Damumed, РБиЖФВ, ХПН-портал, гепатит-портал, НРБТ) арасында байланыс жоқ. Дәрігерлер нау­қастардың дерегін түрлі медициналық ақпараттық жүйеге енгізуге мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыты да жоқ. Бір науқасты тексеруге берілетін стандартты уақыт компьютер толтыруға кетіп отыр. Сондықтан дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу керек немесе жоғарыда аталған медициналық ақпараттық жүйелер арасында байланыс болуы керек» деп есептейді депутат.

Одан бөлек, медициналық ұйымдарға жалпы жасалған қызметіне қарай қаржы төлену керектігін, азаматтарда «сақтандырылған» мәртебесі болмаған жағдайда онымен медицина қызметкерлері емес, азаматтарды қолдау орталығы немесе әлеуметтік қызметкерлер айналысу керектігін ұсынады.

«Тағы бір түйткілді мәселе – сызықтық шкаланың (линейная шкала) қолданылуы. Сызықтық шкала әр емхана мен аурухананың емдейтін сырқаттарының санын квоталап, шектейді. Салдарынан медициналық ұйымдар науқас қанша жерден медициналық сақтандырылған болса да бетін қайтаруға мәжбүр. Ол үшін МӘМС ақша төлемейді. Осы себепті сызықтық шкаланы алып тастауды ұсынамыз» деп мәлімдеді Ж.Әшімжан.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов төлеушілердің жеке пайдасына бағытталған қосымша ынталандыру шаралары қажет деп есептейді.

«Ұсынылған шешімдердің бірі – қызметкердің жарнасының бір бөлігін жеке шотқа аудару арқылы жеке жинақтар қалыптастыру мүмкіндігін беру. Мысалы, бұл жарна сомасының 30-50 пайызын құрауы мүмкін. Бұл қаражат тек азаматтың өз қалауы бойынша емделуге, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы немесе жинақ ретінде сақталуға пайдаланылады. Азаматтар сонда өз жарналарының бір бөлігіне ие болып, жинап, басқарып, қажет болған жағдайда, ерікті полис сатып алып, денсаулығын сақтандыра алатынын түсінетін болады. Сонда ғана МӘМС-ке деген қызығушылық пен сенім артады» деген ұсынысын білдірді.

Реформа жалғасады

Жалпы 2024 жылы денсау­лық сақтау саласына 2,8 трлн теңге бөлінді, оның 1,2 трлн теңгесі – сақтандыру пакеті аясында. Бұрын бір адамға 56 мың теңге бөлінсе, қазір бұл көрсеткіш 163 мың теңгеге жеткен. Жеке клиникалар саны екі есе өсіп, 1268-ге жетті. Дәрігерлердің орташа жалақысы 454 мың теңгені, ал орта медициналық персоналдың жалақысы 236 мың теңгені құрайды. Компьютерлік томография мен магниттік-резонанстық томография саны 2019 жылмен салыстырғанда 7 есеге өсті. Статистика осылай сөй­легенмен, МӘМС жүйесі одан әрі жетілдіруді талап етіп отыр.

Сейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыруды тапсырды.

«Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиард теңгеден астам орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button