Өлеңім – өмірбаяным
– Маржан Аманқосқызы, өзіңізді көзі қарақты оқырман тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде өнімді еңбектенген қаламгерлердің бірі деп біледі. Жақында «Кемел-Кітап» баспасынан «Қыпшақ Қоңыр», «Әйелдер галереясы», «Шығармашылық лаборатория», «Кітапхана педагогикасы: ертегітерапия», «Кадрия» атты бес бірдей кітабыңыз жарық көрді.
Бес кітап бес түрлі жанрда екен. «Қыпшақ Қоңыр» деректі проза кітабыңызда ғұмырын мажар мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы өрістеуіне арнаған белгілі түркітанушы, тегі қыпшақ мажар ғалымы Қоңыр Иштван Мандоки мен атыраулық Оңайша – Айша Мақсымқызының тоғысқан тағдыры және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалған екен.
Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығына арналған бұл кітап оқырманға ұнайтын туынды болып шығыпты. Қоңыр қандай адам болған? Қандай сипаттама берер едіңіз?
– Қоңыр Иштван Мандокидің болмысында рухани ақсүйектік қасиет бар. Бұлбұл құсқа ән шырқау қандай қажет болса, Қоңырға да ғылыммен айналысу, тамырын тереңнен іздеу идеясы өмірлік қажеттілік болды. Бар мен жоқ араласқан ащы-тұщылы өмірінде қуанышты да, ауыр азапты да көп көрді. Жеті ғасырдан соң қыпшақтық санамызды жаңғыртып, тарихтың құм астында қалған парақтарын аршып алып, жадымызға ізгілік нұрын септі.
– Назарымызды аударғаны – «Әйелдер галереясы» мен «Шығармашылық лабораториясы» атты кітаптарыңызды поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арнаймын» деп жазыпсыз…
– Менің өлеңге құмартып, қолыма қалам алуыма Фариза ақынның мінезді жырлары әсер етті. Бұл күнде әйелдер поэзиясындағы Фариза салған мектептің өрісі кеңейді, құлашы өсті, табалдырығы биіктеді. Қиын да қызықты шығармашылық жолымда Фариза апайдың қолдауынан гөрі шетқақпай қылғанын көп көрдім. Мен бұған әсте қамыққан емеспін. Керісінше өлең көшінде «Фаризаның қайрағына» қайралдым. Осылайша әдебиетте өз жолымды таптым, өз соқпағымды салдым. Ақын болу – өзің болу, өлеңге өзіңше өң беру деген сөз. «Адамдық негізі – әйелден» деген еді заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Әуезов қазақ әйелі, қазақ қызы, қазақ анасының бейнелерін образдық тұрғыда шебер суреттеп, әдебиетте «Әйелдер галереясын» жасады. Әуезов дәстүрін кейін Ғабит Мүсірепов, Фариза Оңғарсынова бастаған т. б.
қаламгерлер жалғастырды. Әдебиеттегі осы дәстүрін жалғастырып, мен де әйелдер әлеміндегі сан түрлі образды ашуды мақсат тұттым. Кітабым поэзия, проза, аударма, драма, сатира, публицистика секілді алты жанрдан тұрады.
– «Шығармашылық лаборатория» кітабыңыздың да оқуға қызықты дүние екені даусыз. Жақында Людмила Улицкаяның «Қасиетті қоқыс» атты кітабын оқып шықтық, жазушы қай шығармасына қалай келгенін, қалай жазғанын айтады. Сіз де әр шығармаңыздың жазылуына не түрткі болғанына тоқталасыз. Жалпы бізде бұл бағытта жазылған дүние сирек.
– «Шығармашылық лаборатория» – қаламгердің басынан кешкен қилы-қилы оқиғалардың жиынтығынан туатын шығармашылық процестер, жаңа шығарманың дүниеге келу тарихы. Бұл – тек қаламгердің өзі ғана сезініп, түсіне алатын дүниелер. Әр шығарма шығармашылық лабораторияда әбден қызып қайнайды. Оны қалай қайнату – қаламгердің өз еркінде. Яғни ми мен жүректің қызметі. Сонымен, бұл кітап не жайлы десеңіздер, бұл кітап – өзім жайлы, өлеңім жайлы, шығармаларымның өмірге келуі және бүгінгі әдебиет мәселесі жайлы. Өлеңім – өмірбаяным. Менің жазған шығармаларым белгілі бір себептермен жазылған екен.
Әрқайсысының өзіндік қызық хикая тарихы бар. Демек өмір мен көңіл маған әсер еткені ғой. Шынында солай. Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» кітабында: «Кейде ақын-жазушылар өздерінің шығармашылық лабораториясы туралы сыздықтап бірдеңе айтады. Бірақ қатпар-қатпар құпияларын аша түсуге олар да құштар емес» деп жазған екен. Ақын табиғаты деген не? Оның басқалардан айырмашылығы қандай? Осы сұрақтар кейде қойылып қалады. Дұрыс, қаламгердің шығармасы зерттелуі керек. Сонымен қатар қаламгердің жеке басының зерттелуі бізде әзірге жүзеге аспай жатыр деп ойлаймын.
– Мұны біреулер өзіне жарнама деп ойлап қалмай ма? Сондай-ақ бұл кітаптан оқырман не жайында біле алады? Жалпы не береді деп ойлайсыз?
– Жарнама деген – тәтті сөз. Бірақ бұл тәтті сөз әдебиетті айналып кетіп жатыр. Жақсы қаламгерлер бар, жақсы шығармалар жазылып жатыр. Бірақ насихаты жоқ. Сын жоқ. Тек мақтау бар. Ақпарат бар. Мақтау мен ақпарат бізге шығарма туралы не автор туралы маңызды мағлұмат бермейді. Қазір ақындар арасында «қара пиар да пиар» деген пікір қалыптасып кетті.
Қара пиар тек ат шығару болса, оның әдебиетке әкелер пайдасы жоқ. Әдебиеттің құралы, тақырыбы, мәні – адам. Оқырман санасын ізгілендіру, үмітін ояту, көркемдік әлемін байыту бұл әдебиеттің ежелгі мақсаты емес пе?! Не болса соны тықпалап, әдебиет деген осы ғой деп насихаттау – оқырманды адастыру. Сол тұрғыдан қарағанда, мен бұл кітабымды жарнама үшін жазылды деп айта алмаймын.
– Мысалы, Агата Кристидің детектив шығармаларын жазар алдында ваннада алма жеп отырған күйі қылмыс болған жерден түсірілген фотосуреттерге ұзақ қарап ойланатын әдеті болған екен-міс. Өзі ваннада отырады, қолында фотосуреттер және алма жеп отырады, бұл деген адам таңғаларлық нәрсе, бірақ жазушының осы біртүрлі мінезінен қаншама шығарма туды.
Ф.Достоевский «Жеткіншек» романының негізгі сюжетін алдымен түсінде көрген дейді.
Ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенс те әуелі түс көріп барып жазуға отырған деседі. Мұндай мысалдар көп. Шынымен де, ақындардың әр өлеңінің жазылу тарихы болатын секілді, өзіңіз осыған мысал келтіре аласыз ба?
– 2003 жылы ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сол жылы Махамбет туралы поэма жазсам деп ойлап жүрдім. Бірақ неден бастарымды білмей қиналдым. Сондай күндердің бірінде түс көрдім. Ол түс киіз үй ішіндегі Махамбеттің трагедиялық өлімі туралы. Бұл түсім маған қорқынышты кино сияқты қатты әсер етті. Осы түсімді «Бас» деген өлеңге айналдырдым. Бұл менің Махамбет туралы поэмамның ең алғашқы болып қағазға түскен бөлімі еді. Осыдан кейін қаламым жүріп кетті. Бірақ өкініштісі, осы поэмамнан кейін бір топ атыраулық ақындар жабылып, «Махамбет» поэмамды және барлық өлеңдерімді бар бояуынан айырып, бүлдіріп, кітап қылып шығартты, бірнеше басылымға жариялатып, кітапханаларға таратып жіберді. Бұл жағдайлар мені қатты қапаландырды. Бірақ содан кейін өршеленіп, жазғыш боп кеткен жоқпын ба?..
– Қадыр ағамыз «Жазмыш» кітабында: «Шынында, автордың өзі жан-жақты зерттелуі тиіс. Мінез-құлқы қандай? Қандай қағазға, немен жазады? Көп түзете ме? Ол қалай тамақтанады? Қалай демалады? Киімді қалай киеді? Аяқ киімі қалай тозады? Байсалды ма? Күйгелек пе? Тағысын тағы, толып жатқан сұрақтар. Бұл сұрақтарға қайтарылған жауаптардан ақын-жазушының табиғаты, болмысы ашылмақ» деп жазған ғой.
– Қадыр аға дұрыс жазған. Мен ол кісіні ақын ғана емес, философ деп бағалаймын. Өйткені ол өз заманынан елу жыл бұрын жүріп, озық ойларын айтып кетті. Әр ақын-жазушы – жеке адам. Өз көзқарасы, өз таным-түсінігі бар. Бірақ бұл күнде біреудің көзқарасымен қарап, біреудің танымымен өлшейтін қаламгерлер көбейіп барады. Бұл жақсы емес. Әдебиет үшін жақсы емес.
Өзіндік мінезі жоқ қаламгерде өзіндік көзқарас қалыптаспайды. «Бәленшекең не айтып жатыр, мен де солай ойлаймын ғой» дей салады. Мінезі жоқ ақыннан оның табиғаты мен болмысын іздеп шаршаудың керегі жоқ шығар. Мінез деген қолға таяқ ұстап алып айқайлап шабу ма, жоқ, олай емес. Мінез – мінезден. Қазір кейбір ақындар «мен ақынмын, оқырман емеспін ғой» деген сөзді көп айтады. Модный сөз деп, дәреже көтеретін сөз деп ойлайтын шығар олар, білмеймін. Ақын оқырман ғана емес, сыншы да болуы керек.
– «Кітапхана педагогикасы: ертегітерапия» кітабыңыз ұлттық тәрбиеге негізделген тұңғыш әдістемелік құрал ретінде кітапханашылар мен педагогикалық сала мамандарына арналып отыр екен. Қазір кітап оқу мәселесі қоғамдағы күрделі мәселеге айналды. Ертегітерапияның кітап оқу тәрбиесінде қаншалықты маңызы бар?
– Ертегі – халық педагогикасының ең қуатты тәрбиелік құралы. Ертегі – көркем әдебиетке баулу, баланы тәрбиелеуге арналса, ертегітерапия – сол тәрбие арқылы баланың көзқарасын бағдарлау, ішкі әлемінен хабардар болу және ой-қиялын дамыту, жанын емдеу тәсілдері. Жаңа ғасырдың жетістіктерімен қоса, өз қиыншылықтары да жыл өткен сайын көбейе түсуде. Ашығын айтсақ, «Ертегітерапия» – оқитын ұлт қалыптастырудың алғышарты.
– Әдебиеттің бүгінгі жайы, ахуалына қандай баға берер едіңіз?
– Әдебиет әлемінде бір толқу, қуатты қозғалыс бар. Қазақ талантқа кенде болмаған. Жаңа ғасырдағы әдебиет өкілдері де осы жағынан өзін танытып келеді. Қазіргі жас қаламгерлер шетел әдебиетіне көбірек ден қояды, данышпандық ойлар тек сол жақта екен деп ойлайды. Алдыңғы толқын өкілдерін социалистік реализм өкілдері, ортаңқол ақын-жазушы деп бағалай салады. Өткенге құрмет сезімі төмендеп кетті. Ауыз әдебиетінен алыстап барамыз. Нағыз ұлттық құндылық фольклорда емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда, Қадыр Мырза Әлидің сөзін сәл өзгертіңкіреп айтсақ, «Өзге әдебиеттің бәрін біл, өз әдебиетіңді құрметте» дер едім.
– Эпик ақынсыз. Бірақ тек өлең, поэмалар емес, бірнеше жанрда жазасыз. Мысалы, драма жанрына қалам тербеуіңізге не себеп? Сосын өзіңіз осының бәріне қалай үлгересіз?
– 2004 жылы «Шырақ» деген кітабымды шығардым. Белгілі режиссер Болат Атабаев сол кітабымды оқыған екен. Маған «Сен поэзияда неғып жүрсің? Сен драматургияның адамысың ғой. Сенің мына кітабыңдағы шұбатылған поэма, ертегі-аңыздарыңды оқып шықтым.
Композицияны жақсы құрасың, сюжетті ойната аласың. Бұл – ақындарда сирек кездесетін қасиет. Маған бір драма жазып берші» дегені. Бұл сөздерді естігенде өзім қатты таңғалдым. Содан арада бірнеше жыл өткен соң драмалар жаза бастадым. «Динаның домбырасы» мистикалық-музыкалық драма, «Исатай-Махамбет» тарихи драма, Айша бибі мен Қараһан туралы «Махаббат туралы аңыз» мюзиклін жаздым. «Динаның домбырасы» атты драмам келер айларда көрерменге жол тартпақшы деген хабар бар. Жақында «Фаризаның қаламы» деген поэтикалық драма жазып бітірдім. Бұл драманың басты кейіпкерлері – Фариза, ақынның анасы Халима, Меңдекеш, Қабиболла, Әбіш, Клара, Ақұштап және алпысыншы жылдардағы Фаризамен қаламдас, қанаттас болған көрнекті поэзия өкілдері. Хиуаз Доспанова туралы «Қыранның күлкісі» психологиялық драма, «Қожанасырдың шапаны» атты сатиралық драманың жөн-жобасын қағазға түсіріп қойдым. Алдағы уақытта қолға алатын жұмыстар бар десе болады. Жұмекен, Бопай ханым туралы да ойларым бар.
– Үнемі шығармашылық қозғалыста болатын қаламгерге жаңа идея да жақын жүретін болу керек, сурет өнері және музыка бағытында да шығармашылық ізденіс-байланыстарыңыз байқалады.
– Белгілі суретші Камила Жапалова «Дина», «Хиуаз» атты поэмаларыма картина салды. Атыраулық композитор Болат Қоқамановтың оншақты әніне сөз жазып едім. Соның ішіндегі ең танымалы «Атырау қаласының гимні» болып тұр. Келер жылы осы әннің шыққанына 30 жыл толмақ. Арман Жайым деген керемет композитор бар. Классикалық музыкалар жазады.
«Бейбарыс» операсы, «Алпамыс» балеті сияқты т. б. үлкен еңбектері бар. Музыка саласында ертеректе Н.Жұбаниязовтың «Махамбет» операсы жазылды. Өнер тақырыбында жазылған туындыларда көбінесе Махамбеттің образы бар да, Исатайдың образы жоқ. Шындығын айтсақ, екеуі бірін-бірі толықтырып тұратын тұлға ғой. Исатайсыз Махамбет жоқ, Махамбетсіз Исатай жоқ. Осыны ойлап жүретінмін, содан Арман Жайымға ұсыныс айттым «Исатай-Махамбет» деген опера жазсаң, мен либреттосын жазып берем деп. Сен әуелі либреттосын жаз, мен соған музыка жазайын деді ол. Сонымен іске кірісіп кеттік. Айтқали Жайымов ағамыз бұл жайында естігенде, «Мен сендерге кеңесші боламын, операның атауы «Қайран Нарын» болады» деді.
Қазіргі уақытта «Қайран Нарынның» бірінші актісін (либреттосы мен музыкасын) жазып бітірдік. Енді екінші акт бойынша жұмыс істеудеміз. Бұл жаңашыл туынды болар деп ойлаймыз.
– Жақсы жаңалықтарыңыз баршылық екен. Осылай істесем деген арманыңыз көп шығар?
– Арман деген кісіде көп болады. Осы кезге дейін мемлекеттік тапсырыспен бір кітабым да жарық көрмеді. Екі рет комиссия өткізбей тастады кітабымды. Бірде қаражат тауып, бірде баспа тапсырысымен 20-ға жақын кітаптарым шықты. Бұл кітаптарымның тиражы аз болғандықтан, республикалық кітапханаларға таралмады. «Махамбеттің жарығы» деген жыр кітабымның қолжазбасын дайындап жатырмын. Шамасы 40 баспа табақтай. Өлеңдер, поэмалар, ертегі-аңыздар, аудармаларым топтастырылған. Шығармаларымда Махамбет тақырыбына қайта айналып келе беруім де жайдан-жай емес шығар деп ойлаймын. Махамбет бабамыздың «Өтемістен туған он едік» деп басталатын атақты өлеңі бар емес пе? Өтемістің оныншы ұлының аты – Досмаил. Менің анам Алтын – осы Досмаилдан тарайтын ұрпақ. Сонда мен Махамбет бабамызға жиеншар болып келемін. Содан ба, білмеймін, Махамбет тақырыбы маған жақын әрі оңай жазылады. Мені алға қарай жетелеп, батыр бабам аруағымен желеп-жебеп жүргендей болады.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.
Маржан ЕРШУ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты
Сұхбаттасқан
Жадыра ШАМҰРАТОВА