Заңға бағыну – баршаға міндет
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған маңызды дүние көп. Талқыланған мәселелер жайында көпшілік көптеп пікір білдіруде. Әртүрлі ой айтылып, жан-жақты сараптаулар да жеткілікті. Жақтайтындар да, жақтамайтындар да бар. Әрине, екі жақты пікірлердің айтылуы бұрыннан бар, әлі де бола беретіні анық.
Жиында өзіме ұнаған көп мәселені түртіп алдым. Ол – заң талабы. Жалпы заңға бағыну – баршамызға міндет. Бұл – аксиома. Қай кезде де солай болған. Президент те бұған қатысты мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанын ашық айтты.
«Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс» деді Мемлекет басшысы Үкімет.
Мұның бәрі – рас дүние. Жақында бір құрылыс нысанында өткен кездесуде мынадай шағым естідік. Сөздерінше, бас мердігер компанияның инженері техника қауіпсіздігін бұзғаны үшін қосалқы мердігерлерге айыппұл салған. «Бірден айыппұл салмай, жай ескертсе болмай ма екен?» деп шағымданды қарсы тараптағы бір топ жігіт. Мен «егер заңсыз салынса, оны шешуге болады, біз бұған көмектесейік» дегенде, олар айыппұлдың заңды түрде салынғанын мойындады. Бағамдақ қарасақ, өздері қауіпсіздік ережесін сақтамай, жұмысты тез аяқтау үшін сондай шараларға барған. Өздерінің де, басқа әріптестерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Өкінішке қарай, өмірде осындай оқиғалар көпшілік. Сондықтан заң нормалары мен ережелерін сақтау мәдениетінде өзгелерді кінә артпас бұрын өзіміздің іс-әрекетімізге жауап берген дұрыс.
Төлеген КҮНӘДІЛОВ, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі