Басты ақпаратҚала мен сала

Азық-түлік белдеуі – қауіпсіздік кепілі

Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізгенде Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіретінін атай келіп, «Жалпы барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен, осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр» деген болатын.

Сонымен қатар Президент жағдайдың жақсармауына көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі себеп болғанын алға тартып, 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қойма салуды, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптас­тыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған еді.

Елорданың іргесі жыл сайын кеңейіп, тұрғылықты халқы көбейіп келеді. Жан санының артуына ілесіп қаланың инфрақұрылымы мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне түсетін салмақ та артқаны белгілі. Әсіресе бас қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету елорда Есілдің жағасына ірге тепкен күннен бастап маңызды мәселеге айналған. Сол себепті «Елорданың азық-түлік белдеуі» құрылып, оған мемлекет тарапынан қыруар қаржы да бөлінген-тұғын. Алайда бұл жобаның атқарылуымен елорданың азық-түлік мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Атап айтқанда, Арқа төсіне астана салғанымызға 30 жылдан асқанмен, бас қаланың басты азық-түлігін әлі күнге дейін алыс аймақтардан, керек десеңіз, шетелден тасимыз. Өйткені астананың төңірегіндегі ауыл, аудандарда өндіріс әлі ойдағыдай өркендемей тұр.

Жалпы Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуде Ақмола облысының мүмкіндігі мол. Былайша айтқанда, аграрлы облыс елорданы табиғи сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде көш бастап тұр деуге болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша соңғы жылдары өңірде, егіншілікпен қоса, мал және құс шаруашылығының дамуына зор көңіл бөлінуде.

Облыста қазір жылдық өндіріс қуатты 87,5 мың тонна ет өңдейтін 15 кәсіпорын; жылына 137 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін 14 кәсіпорын; жылына 794,8 мың тонна ұн дайындайтын 36 зауыт; жылына 101,4 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін 8 кәсіпорын бар. Бұдан бөлек, шағын көлемде азық-түлік өндірісімен айналысатын серіктестіктер де аз емес. Осы өндіріс орындары өнімдерінің дені бас қаланың базарында сатылымға шығады. Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда облыста 130-ға жуық өндіріс ошағы Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысып, «Магнум», «Астықжан», «Смолл», «Еуразия», «Әлем», «Шапағат» базарлары сынды 44 ірі сауда орындарына өз өнімдерін жеткізуде. Мұның ішінде 70-ке жуық кәсіпорын мал шаруашылығы өнімдерін (ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері), 8 кәсіпорын құс өнімдерін (құс еті, жұмыртқа), 50-ден астам кәсіпорын өсімдік өнімдерін (ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майы және т.б.) жеткізеді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Астана өз тұрғындарын сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіп кешені мен сауда инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударып отыр. Мәселен, қаладағы агроөнеркәсіп кешенінде Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарлары өнімін шығаратын 40-қа жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Мемлекеттің тапсырмасына сәйкес, елдегі базарларды жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін толықтай аяқталуы тиіс. 2026 жылдан бастап сауда заңнамасында көрсетілген заманауи форматқа сай келмейтін сауда базарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы Ұлттық даму жоспарына сай 2029 жылға дейінгі заманауи сауда форматының үлесін 70% жеткізу жоспарланған. Астанада 9 мамандандырылған базар бар. Базарларды жаңғыртудың Жол картасына сай 2025 жылдың соңына дейін Астанада 7 базарды жаңғырту жоспарланып отыр. 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен жалпы ауданы 16,7 мың шаршы метрді құрайтын көпфункционалды фермерлік базар (ТОО «Farmers Mart») іске қосылады деп жоспарланған, жобаның құны – 6 миллиард теңге. Сондай-ақ 8 мың тонна сақтау қуатына ие көкөніс сақтайтын қойма (ТОО «Asian Fruits Market») құрылысы бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның жалпы инвестиция көлемі – шамамен 1,3 миллиард теңге. Құрылыс 2026 жылы аяқталып, пайдалануға берілмек.

– Қала нарығында жергілікті өнімдердің үлесі көбейеді. Бұл тек қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар отандық өнім өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары сапалы әрі арзан өнімдерді қолжетімді бағада сатып ала алады. Азық-түлік белдеуінің арқасында қалаға азық-түлік жеткізу жолдары қысқарады. Жергілікті өнімдерді тасымалдау шығындары төмендейді, бұл өз кезегінде өнім бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Астананың азық-түлік белдеуі аграрлық сала кәсіп­орындарына жаңа мүмкіндіктер туғызады. Ауылшаруашылығы өнімдерінің саудасы мен өндірісі ұлғаяды, бұл жұмыс орындарын ашып, ауылды жерлердің экономикалық дамуына ықпал етеді. Экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан, қала маңында орналасқан аграрлық аймақтар экологиялық таза өнімдер өндіруге мүмкіндік береді. Бұл қала тұрғындарының денсаулығына да оң әсерін тигізеді, – деді Астанада Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Сания Ирсалиева.

Қазіргі таңда Астана маңында агроөнеркәсіп кешеніне негізделген жобалар іске асырылып жатыр. Әсіресе, фермерлік нарықтар мен көкөніс сақтайтын қоймалар сияқты инфрақұрылымдар көптеп салынуда. Бұл жобалар қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді азық-түлікті жеткізуге ықпал етеді.

Қысқасы, Астана қаласының азық-түлік белдеуі – бұл тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қаланың аграрлық секторын дамыту, жергілікті өнімдерді қолдау және экологиялық тұрғыдан таза өнімдерді нарыққа ұсыну мақсатында маңыз­ды стратегиялық қадам болмақ.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button