Қоғам

Полковниктің арманы

Шекарашы-жауынгер, Ауған еліндегі соғысқа қатысқан полковник Қалиәскер Қасымұлы Джантемиров бала кезінен әкесіндей әскери адам боламын деп ержетеді.

Әкесі Қасым Әділұлы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Солтүстік майданның Заполярье мен Мурманск бағытындағы 112-атқыштар полкі мен 52-атқыштар полкі құрамында соғыста болады.

Осы шайқаста ол басынан қатты жарақат алып, госпитальда емделеді. Ке­йіннен Волхов және Сталинград маңындағы майданда ерлікпен шайқасып, екі аяғынан жараланып, Челябинск қаласындағы гос­питальға түседі. Жеңіспен елге оралғаннан кейін Көкшетау облысының Чкалов ауданында аудандық әскери комиссариаттың басшысы болады. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Ту» және «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен наградталған. Міне, майдангердің осындай ерлігіне еліктеп өскен бала Қалиәскер әкесінің әскери формасын киіп алып, әкемдей Отанымды қорғасам деп қиялдап өседі. Содан бері қаншама жыл өтті, бала Қалиәскер ержетіп, өзі де Отанын қорғап, шекара күзетті. «Әскери қызмет – Отан алдындағы қасиет­ті парызым» деп алдына үлкен міндет жүктеді. Бұл ой әкесі Қасымның өмірден өтер алдында баласына жазған ақтық хатынан кейін әке аманатын орындаймын деген ойдан туындаған еді. Сонда әкесінің хатында былай деп жазылыпты:

«Ұлым, Қалиәскер! Сенің арманың менің жолымды жалғастыру болды. Әскери маман болғың келді. Ол үшін қандай болуың керек, айтып өтейін: әскери адам болу үшін, бірінші, өзіңе де, айналаңа да адал болуың керек. Туған Отаныңды сү­йіп, оны қастерлеуің абзал. Отанды сүю – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз. Қасиетті байтақ даламызды шайқастарда қорғаған батыр бабаларымыздай біз Отаны­мызды қорғауымыз керек. Олар тәуелсіздікті аңсады, біртұтас, қуат­ты мемлекет құруды армандады. Біз сол тәуелсіз мемлекетімізді сақтап, сендерге табыстадық. Енді сендер сол тәуелсіздігімізден айырылмай, қазақтың туын биік ұстау­ларың керек. Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – сенің ата-бабаларың, отбасың, тұрып жатқан кең байтақ жерің. Ақ жау­лықты анасы бар алтын бесігің, құрметті ата-анаң, бірге өскен дос­тарың, сүйікті жарың, туған балаларың! Осыны ұмытпа, балам!» депті. Осылайша, Қалиәскер Джантемировтың өмір жолын ести отырып, әкесінің айтқанын екі етпей орындағанының куәсі болдық.

Қалиәскердің анасы да тегін адам болмапты. Анасы Бопаш Мырзахметқызы ерекше жан дейді. Ауылдағылар ұлағатты ұстаз деп құрметтепті. Анасының білімі мен өнері талайды тамсандырған. Домбырамен әнді өте тамаша айтыпты. Әншілік қасиет оған өзінің анасы Ақши Нұрсейітқызынан дарыған. Анасының өнерге деген дарыны мен ұстаздық қызметі жайлы кезінде «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында да жазылыпты. Әкесі Қасым да өнерімен талайды тамсандырған екен. Әкесі мен анасы бірге қосылып ән салғанда, бүкіл ауыл-аймақ тыңдаған деседі. Қалиәскер Джантемировтың әпкесі Сайрам да музыкаға әуес болыпты.

Ол баян­да жақсы ойнапты. Бүгінде ол кісі өмірде жоқ. Дегенмен қазір қасында жүрген Айман, Шолпан, Мәдина мен Дариға апалары ағалары Қалиәскермен балалық шағын еске түсіріп, өткен күндердің мағыналы да мазмұнды болғанын жарыса айтады. Аяулы анасы Бопаш 46 жасында сегіз баламен жесір қалады. Қиындықтарға қарамай, балаларын оқытып, жоғары білім беріп, аяққа тұрғызады. Ардақты ана Бопаш Джантемирова Кеңес Одағының «Ана даңқы» орденінің ІІ, ІІІ дәрежелі, «Ана» медалінің І, ІІ дәрежелі медалімен марапатталыпты. Міне, осындай ата-анадан туған Қалиәскер Қасымұлы жылдар өте өзінің отансүйгіштік қабілеті мен өнерге деген құлшынысын айналасына таныта білді. Бала кезінде скрипкада, күйсандықта ойнауды үйренеді.

Мектепте оқып жүргенінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, белсенділік көрсетті. Мектептің мақтанышы болды.

1965 жылы Қалиәскер Қасым­ұлы Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы шекарашылардың Дзержинский атындағы жоғары әскери училищесіне түс­кенінде де көркемөнерпаздар үйір­­месіне қатысып, қатарластарының алды болады. 1969 жылы училищені бітіріп, Мақаншыдағы шекарашылардың Қызыл жұлдыз­ды шығыс округінде әртүрлі қызметте – саяси бөлімде, одан кейін шұғыл бөлімде бастықтың орынбасары болады.

«Өздеріңіз білесіздер, ол кезде екі ел билігі – КСРО мен Қытай арасындағы шекара сызықтарына қатысты келіспеушілік көп болды. Даулар мезгіл-мезгіл қарулы қақтығыстарға ұласты, олардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – 1969 жылдың тамызында Жалаңашкөл маңында болған жанжал. Осы кезеңде біз өз міндетімізді мүлтіксіз атқардық. Бұл мәселелер еліміз тә­уелсіздік алып, Қазақстан мен Қытай арасында 1994 жылы 26 сәуірде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойыл­ғаннан кейін ғана шешілді» дейді Қ.Қасымұлы.

Осы әңгімені айтып отырғанда Қалиәскер Джантемировтың ­жұбайы Сайра Джантемирова да өткен күндерді еске алды.

«Жолдасым шекара күзетінде болғанда күн-түн демей, үй көрмей, ел іргесін жан аямай қорғады. Кей кезде түнгі сағат екі-үштің кезінде келетін. Үй көрмеген кезі көп болды. Етімді асып, күні бойы сарғайып тосқан күндерімді қалай ұмытайын?! Бүгінде осы жайлар кино лентасындай көз алдымнан өтіп жатады. Біз оның қызметіне байланысты қайда болмадық! Тіпті Мәскеу, Алматы, Владивосток, Ашхабад, Мақаншыға барғанда да балалармен қасында бірге жүрдім. Ауған жеріне шекараны қорғауға аттанғанда оны іздеп барған кезім де болды. Қай жерге барса да мен қызметтен қалған жоқпын. Мамандығым ағылшын пәнінің мұғалімі болғандықтан, қызметке орналасу маған қиын болған жоқ. Тек мектепте оқып жүрген балаларымыз Талғат пен Тимурға қиын болды. Тимурымыз 10 жыл ішінде 7 мектеп ауыстырды» дейді шекарашы-­жауынгердің жұбайы.

Қалиәскер Джантемиров зейнет жасына келіп, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де бос қарап отырмады. Бірден басқа қызметке жұмысқа шығады. Астанадағы «Заслон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күзет бөліміне қыз­метке орналасады. Астана қалалық, Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінде қоғамдық жұмыстармен айналысады.

Мен бұл кісіні алғаш рет 2008 жылы көрдім. Ол жылдары құрметті демалысқа шыққан едім. Сарыарқа ауданындағы Ардагерлер кеңесіне келіп тіркеліп, қоғамдық жұмыс­тармен айналыса бастағанымда Қалиәскер Джантемировпен таныс­тым. Ол – Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің тұңғыш төрағасы. Осы кезде Қалиәскер Қасымұлы қалталылардан көмек сұрап, талай отбасына қамқор болды. Аудан ардагерлері оны ерекше құрметтейтін! Полковникпін деп кеуде көтермей, аудан ардагерлері алдында қарапайымдылық танытып, олармен бірлесіп жұмыс атқарып жүрді.

Мінезі биязы, қарапайым, мәдениетті, көпшіл, айналасындағыларды адамгершілігімен тартады. Аудан ардагерлерінің басын қосып, үлкен-үлкен жобалар жасап, түрлі кештер өткізуде белсенділік көрсетіп жүрді. Осы күнге дейін Астана қалалық Ардагерлер кеңесінде ­әлеумет-тұрмыс бөлімінің жетекшісі болса, Сарыарқа аудандық ­Ардагерлер кеңесінде ­президиум мүшесі. Жасым келді деп қарап ­отырмай, зыр жүгіріп жүреді. Барған жерінде сыйлы, беделі жо­ғары, басшылардың да тілін тауып, сөзін ­өткізе алады.

«Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» десем, «Менде бос уақыт жоқ. Қызметім, екі ауданның ­Ардагерлер кеңесіндегі қоғамдық жұмыстарым, одан қалды негізгі жұмысым, апа-әпкелерімнің, олардың балаларының шешімін таппай жатқан шаруаларына көмектесемін. Той-томалақтар ұйым­дастыруға араласамын. ­Сайра да, мен де үлкен болғандықтан туған-туыстарымызға қамқор боламыз» дейді өзі.

Қалиәскер Қасымұлы «Ерен еңбегі үшін» және «Ұлттық қауіпсіздікті сақтау еңбегі үшін» медалімен, құрмет грамоталарымен, армия генералдары Сағадат Нұрмағамбетов пен Бауыржан Момышұлының медальдарымен марапатталған.

Арман – адам бойындағы ізгі ниет. Ол үнемі пендені алға жетелеп, ерлікке, батыл істерге бастайды. Кейіпкеріміз полковник Қалиәскер Қасымұлының бала арманы орындалғанына біз де куәміз. Шынында, арман кім-кімге болсын орасан күш-қуат пен ерік-жігер сыйлайтын құдірет екен!

Ғалия БАЛТАБАЙ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button