Күлдірем деп бүлдірме!
23 қаңтардан бастап Рамазан Амантайдың «Мәди in China» комедиялық киносы Қазақстандағы барлық кинотеатрдан көрсетіле бастады. «Оралман емес, оянған жастар киносы бар қазаққа арналады» деп жар салған соң біз де алғашқылардың бірі болып аталған киноны көріп қайттық. Киноның тіліне тиек еткен негізгі тақырыбы қазақтың ішкі бірлігін нығайту, әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қазақты атажұртқа жинау болғанмен, киноның тілі, ондағы анайы сөздер мен «артық қылам деп тыртық қылған» тұстары көңілімізді күпті етті.
Киноның бар қазақтың басын атажұртта қосу, қазақты қазақ кемсітпесін деген идеясы дұрыс болғанмен, сол ойын айту үшін шетелден келген қандастарды сайқымазақ етіп, түк түсінбейтін надан, аяғын күс басқан арам етіп көрсетудің, керек десеңіз, көлденең көк аттының аузында жүрген «ел басына күн туғанда ата-бабасы қашып кетіп, Қазақстан тәуелсіздік алғанда дайын асқа тікқасық болды» дейтін бұралқы сөзге дейін алып келіп, экраннан айтқызудың қажеті қанша?! Ең бастысы, бұл комедия тақырыбына сұранып тұрған идея ма еді? Керісінше, қазақтың жылап отырып айтатын тағдыры еді ғой. Ендеше соны арзан күлкіге айналдырып, қандастарды күс аяқ, тесік нәскимен қызға баратындай бейшара халде көрсету, «Қытайдан адам көшкенмен, адамнан Қытай көшпейді», «киіз үйде тұрасыңдар ма, малдан басқа не бар сендерде?» деген ойсыз, мағынасыз диалогтар мен «қу қытай», «моңғол» деп «атын тергеудің», «пигуыңды айырайын» сияқты боқтаудың астарында не мақсат жатқанын түсіне алмадық. Қытайша айттың не, қазақша айттың не, ел экранынан «к…і айырам» деп боқтау ұлттық дәстүрге де, қазіргі заманғы этикаға да сыймайтынын қарапайым адам түсінсе керек. Тіпті қытайдың тілін қыңсылатып осы фильмге қосудың қажеті қанша?! «Оралмандар жаман арам болады, ә, көшіп келген кезде не малы, не үйі жоқ еді, бір жылдан кейін үй салып алды, қора-қора малы болды» деп мақтап тұр ма, даттап тұр ма? Бұл сөздерді кино авторының оралмандарды қаралау үшін ойдан әдейі шығармағанын, керісінше, көп аузында жүрген көлденең сөздерді жиып әкелгенін біз де түсініп отырмыз. Бірақ көше тілімен кино жасауға, бұралқы сөз, бос әңгімемен бәрін бас шұлғытатын бітімді ой айтуға бола ма? Мәселе сонда. Киноны көрген жастардың күлкіге қарық болып, жоғары бағалап жатқанын байқадық. Талғамға талас жоқ. Бірақ ұлттық құндылық, өнер тұрғысынан, тілі мен ішкі иірімі жағынан алып қарасақ, бұл киноны «баланың ойыны, бақсының жыны» деп бағаласақ та болатын секілді.
Аталған киноны көріп отырып, депутат Жанарбек Әшімжанның Парламент мінберіндегі «Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік алды» деген жанайқайы есіме түсті. «Кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәстүрі, діни ұстанымы, әлеуметтік жіктелісі бар. Әсіресе дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық киноға көңіл бөлудің маңызы сәт сайын артып тұр» деп сөз бастаған халық қалаулысы «найзағайдың отына нан пісіріп жатқан қазіргі кезеңде кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқаруы керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны ләзім» дейді. Сонымен қатар киноның тіліне айрықша тоқталған ол «бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсек, бетіңнен отың шығып, кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда. Қатаң сүзгінің жоғынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-сы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы қазір күлетін кезең бе?» деп ой тастайды.
«Мәди in China» киносы – Жанарбек Әшімжанның сол айтқанына жақсы мысал. Сондықтан ел бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құрмай, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағаламай, кинодағы келеңсіздіктер оңалмайды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ