«Мектепке жол» республикалық акциясы басталады
Биыл Астанадағы 14 500 оқушыны мектепке қажетті кеңсе тауарлары мен киіммен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Адылбаев мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Жалпыға бірдей міндетті оқыту» қоры жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында жекелеген санаттағы оқушыларға материалдық және қаржылық көмек көрсетеді. Бір балаға материалдық көмек мөлшері 43 407 теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін елорда мектептеріне 12 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қор 2021 жылы 14 620 оқушыға, 2022 жылы 13 658 оқушыға, 2023 жылы 14 040 оқушыға көмек көрсеткен.
-ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Енді білім алушыларға қаржылық және материалдық көмек көрсету мемлекеттік қызмет болып табылады. Мемлекеттік қызметті: АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар; жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен АӘК алмайтын отбасылардан шыққан балалар; жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тұратын балалар; төтенше жағдайлар нәтижесінде шұғыл көмекті талап ететін отбасылардан шыққан балалар; өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар алады. Сонымен қатар 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық акциясы басталады, — деді спикер.
Акция шеңберінде әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына демеушілік қаражат есебінен көмек көрсетіледі. Осы жылы 8 500 астам баланы қамту жоспарланып отыр. Ауқымды шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Аталған көмекті алу үшін ата-аналар мектепке барып, растайтын құжаттарды тапсыру қажет. Қазіргі уақытта әлеуметтік педагогтер білім алушылардың ішінен көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жасап жатыр. 2024 жылдың 1-31 тамызы аралығында мектеп жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке «Аймақ-Тау», «Тұлпар», «Азия Парк», «Keruen City», «Рахмет», «Джафар», «Көктал», «Асем», «Армада», «Astana Mall», «Аружан» сауда үйлері мен ойын сауық орталықтарында ұйымдастырылады.