Әділеттілік қағидаты салтанат құрады

2023 жылы шілде айында «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Алайда бұл жұмыстар оған дейін бір жыл бұрын басталып кеткен болатын.
Аталған заңда осы мәселе бойынша нақты талаптар көрсетілді, критерийлері белгіленді. Себебі мемлекеттің азаматтары өзінің меншігі бойынша қорғалуы керек. Ал сыбайлас жемқорлықпен заңсыз алынған активтер мемлекетке, халыққа қайтарылуы тиіс. Мұндай активтерге сыбайлас жемқорлық схемасымен жұмыс істегендер Қазақстан азаматтарының қаржысы есебінен ие болды, сондықтан олардан қайтарылған қаржы тіке халықтың өзіне, азаматтар игілігіне жұмсалуы қажет. 2022 жылдан бері 2 трлн теңге заңсыз активтер қайтарылды, бұл – айтарлықтай ауқымды сома. Біздің мемлекеттің бюджеті әлеуметтік салаға бағдарланған. Мемлекет бюджетінің 30 пайызға жуығы және Астана қаласының бюджеті сол жағына басымдық береді. Демек негізгі шығындар да соған кетеді. Сол себепті заңсыз активтердің қайтарылуы мемлекеттің бұл қаржыны әлеуметтік бағытқа қосымша құюына мүмкіндік берді. Соның жарқын көрінісі – «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы. Олардың көп бөлігі бүгінде салынып бітіп, халық игілігіне берілуде. Осылайша әділеттілік қағидаты салтанат құруда, сондықтан бұл дұрыс шешім болды. Бұл ретте елімізде жүргізіліп жатқан Жалпыға бірдей декларациялау да оң нәтижесін беруде.
Жанаргүл Құлмағамбетова,
Астана қалалық мәслихатының депутаты