Қоғам

Әкімдік бөлген гранттармен елордада 2 174 студент оқиды

Астанада әкімдік бөлген білім гранты арқылы жоғары оқу орындарын бітірген түлектер өз саласы бойынша жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады astana-akshamy.kz

Астана қаласының әкімдігі 2018 жылдан бастап кейбір мамандықтар бойынша кадр тапшылығын жою үшін педагогикалық, медициналық мамандықтар (резидентура), сондай-ақ гуманитарлық бағыт бойынша (исламтану, дінтану, теология) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөліп келеді.

2018-2024 жылдар аралығында елорда әкімдігі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 4 724 грант бөлді. Оның ішінде педагогикалық бағытқа – 3 929.

Білім басқармасының жолдамасы бойынша Астана қаласының мемлекеттік білім беру ұйымдарында 2022-2024 жылдар аралығында 609 жас маман жұмысқа орналастырылды.

Солардың бірі – Жұлдыз Хамзақызы. Жас маман қазіргі кезде қаладағы №102 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

«2020 жылы мектепті бітіріп, ҰБТ-дан 85 балл жинадым. Әлбетте, грантқа түсу жағы белгісіз болды. Алайда, елорда әкімдігі тарапынан берілген гранттың арқасында тегін оқуға түстім әрі шәкіртақы беріліп тұрды. Бұл мүмкіндік арқылы менің арманым орындалды. Педагог болуға деген құштарлығым одан сайын артты. Ал оқуымды үздік аяқтаған соң №102 орта мектепке жұмысқа орналасуға жолдама берілді», – деді жас маман.

Жұлдыз Хамзақызы бұл жас мамандарға керемет мүмкіндік екенін айтады.

«Бұл мектепте ұстаздық еңбек жолымды бастадым. Білім ошағының ұжымы мені жылы қабылдады әрі үнемі қолдау білдіреді. Сондай-ақ, менің жеке тәлімгерім де бар. Жалпы еңбек жолымды осы мектептен бастағаныма өте қуаныштымын», – деп пікірін білдірді ұстаз.

Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің гранттары бойынша ЖОО-да 2 174 студент оқиды. Оқу орнын аяқтағаннан кейін оларға қала мектептеріне жұмысқа орналасуға жолдама беріледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button