Басты ақпаратМәселе

Онлайн саудаласу оңтайлы ма?

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, былтыр ел тұрғындары онлайн-сауда жасауға 3,2 триллион теңге жұмсапты. Жалпы 2020 жылдан бастап елдегі электрондық сауда көлемі бес есеге өскен. Салада 300 мыңнан астам жұмыс орны пайда болып, еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен нарықтық сатылымдарға қарағанда 30%-дан асыпты. Әрине, мұны әлем елдеріндегі деңгеймен салыстыра алмаймыз. Бірақ электронды саудаға келгенде жастардың құлшынысы саланы дамытуға көп мүмкіндік барын көрсеткендей. Әрі уақыт өткен сайын қаржылық технологиялардың дамуы, қолжетімді интернет пен қолма-қол ақшамен есептесудің көбеюі – Қазақстандағы онлайн-сауда көрсеткішін жылма-жыл өсіріп келеді.

 

Тауарды тапсырыспен…
Расымен жоғарыда айтқандай, онлайн-саудада ең белсенді топ – жастар. Үлкен буын әдеттегідей базар не сауда орындарын аралап, қажеттісін көзбен көріп, қолмен ұстамай пұлдаған емес. Әрине, барлығы деуден аулақпыз. Ал жастардың тәуекелі бұған келгенде тым жоғары. Ұнаған киімін, тәбеті шапқан асын тапсырыспен-ақ қанағаттандырады. Тіпті ел ішіндегі брендтік дүкендерді былай қойғанда, шет елдің бұйымын да интернет желісі арқылы саудаласып жатқаны. Әсіресе, көрші Қытайдан қалағанын алдырып, қосымша бизнесін дамытқандар қаншама?!
Бизнесті айтқанда Қытайдан зат алдырып, өзімізге ұсынушы қаракөздер «Пиндуодуо», «Тао бао» сияқты сайттармен жұмыс істейді. Сол жақтағы зауыттан шыққан өнімді алдырып, сатады.
Әрине, олар бағаны ол жақтың бағасымен әсте ұсынбас. Белгілі бір пайызын қосатыны анық.
Мұның көбісі Instagram дейтін әлем желі илеуінде. Алдырған затын мадақтап, сауда саясатын да осында қыздырып тұр. Дұрысы, Қытайдан келген көз жауын алар дүние сізді қызықтырмай қоймайды. Пұлына келісіп, өз мекенжайыңда тауарыңды күте бер. Айтылған уақытта ол да келеді. Сіз де қарық боласыз, инста-кәсіпкер де пайдасына бүтін. Бірақ…
«Қытайдан керекті зат алдырмас бұрын, жергілікті халық сұранысын ұмытпау керек». Онлайн кәсіпкерлер осылай дейді. Қазір әлеуметтік желіден Қытаймен бизнес жақсы дамып жатқанын айтқан олар алдырған кез келген затты сатып, адамдарға пошта арқылы жеткізіп береді.
Екіншіден, онда шығып жатқан заттың түр-түріне жарнама жасап, ерекшелігіне тоқталады.
Әсіресе, тұрмысқа қажетті өнімдерге сұраныс көп. Оны да Instagram парақша жазылған пікірлерден оқи отырып, халық қызығушылығын оятқан заттарға тапсырыс береді. Өйткені сұраныс болмай, әрекетіңнің барлығы құмға сіңген судай болатын инста-кәсіпкерлер әбден меңгерген.
Екі жағы да бар
Сарапшылар Қытайдан тауар сатып алу бүкіл әлемдегі тұтынушылар арасында танымал құбылысқа айналғанын айтып отыр. Бұл – тауарлардың қолжетімділігімен ғана емес, сонымен қатар, баға арзандығы, кең ассортименті және интернет-сауданың ыңғайлылығынан болса керек. Бірақ зат сатып алғанда, осы процестің оң және теріс жағын ескермеске болмайды.
Мысалы, кедендік баж бен салық құнын арттыруы мүмкін. Сондай-ақ Қытайдан әкелінетін киімдердің өлшемдері бойынша мәселе жиі туып жатады. Себебі олардың өлшемі сіздің тапсырысыңызға сай болмайтын кез болады. Тағы бір кемшілік – ол жақтан танымал брендтерден жалған өнімдер сатып алуыңыз ғажап емес. Бұған қосымша жеткізудегі уақыт ұзақтығы және тауардың сапасы көрсетілген сипаттамасына сәйкес келмеуі болып отыр.
Онлайн-сауданың бір артықшы­лығы – уақыт үнемділігі. Кез келген жерден жарты сағат уақыт бөліп, телефон арқылы тапсырыс бере саласыз. Сауда үйлерін аралаудың қажеті жоқ. Бұған қоса, өзіміз сияқты тұтынушылардың тауарға берген бағасын және пікірлерін оқып, өнім жайында ақпарат алуға да мүмкіндік бар.
«Маған осы электронды сауда түрі ыңғайлы әрі тиімді. Мысалы, «Магнум» гипермаркетіне азық-түлікке тапсырыспен алдырамын. Олар да өз тұтынушысына ұнау үшін сапалы тауар жіберуге тырысады. Егер бүлінген не мерзімі өткен азық-түлік келсе, шағым беріп, орнына дұрыс тауар алдыра аласыз. Ал шетелге тапсырыс беруге келсек, кейінгі екі-үш жылда Қытайдың «Пиндуодуо» сайтынан өзіме керек-жараққа, көбінесе киімге тапсырыс беремін. Кейде алған затыма көңілім толмайды, кейде ойлағанымнан да жақсы болып шығады. Жеткізу уақытынан кеш келетін кез жиі кездеседі. Дегенмен онлайн-сауданың тиімді тұстары көп. Былтыр осы сайттан 50 мың теңгеге үлкен көлемде сауда жасадым. Ол сомаға екі түрлі аяқ киім, 4 жейде, 3 көйлек, бірнеше белдік кірді. Жергілікті дүкенде маған бұл тауарлар 3-4 есе қымбатқа түсер еді» дейді қала тұрғыны Бекзат Аманов.
Оның айтуынша, арзан баға, таңдау молдығы, қосымша көтерме бағада зат алу – ақшаға үнем болатыны өтірік емес. Сондай-ақ бүгінде Қытайдың көп интернет-дүкендері бүкіл әлем бойынша тегін жеткізуді қолға алған.
Жалпы, Қытайдан сатып алудың жақсы жағы да, зияны да бар. Сол үшін сатып алу шарттарын, сатушының пікірін мұқият зерделеу керек. Жоғарыда айтқандай, тосын сыйларға (алдану, тауар сапасыздығы, т.б.) дайын болған жөн. Ал аға буынға әлі де ыңғайлысы – дүкенге барып, тауарды қолмен ұстап, көзбен көріп сатып алу. Олар онлайн-саудаға келгенде сапасыз тауарға тап боламын немесе алаяққа алданамын деп қауіптенеді. Болмаса интернеттегі тауар тым қымбат болып көрінеді. Екіншіден, оларға базар мен үлкен маркеттерді аралап жүрген де ұнайды.
Олар не керек екенін біледі
Мойындау керек, бізде жеңіл өнеркәсіп болсын, не тұрмыстық заттар болсын,  жалпы оны шығаратын зауыт-фабрика аз немесе мүлде жоқ деуге де болады. Халық қажеттілігін өтейтін өндіріс болмаған соң қажеттінің бәрін сырттан арқалауға мәжбүрміз. Бұл – айна-қатесіз шындық. Қытай асып, қарекет қылып жүргендердің дені осы пікірді айтады. «Ең қарапайым мысал, біз етті жақсы көреміз, бірақ артынан тіс шұқығышты Қытайдан әкеліп отырғанымыз ойландырмайды» дейді Нұрсәуле Адаққызы.
«Қытайдың ұтып отырған жері – қазаққа не әлемге керек екенін білуінде. Жалпы Қазақстанды кезіп жүрген мынадай аңыз бар. «Әр қытайдың ауласында бір-бір цех бар». Бұл нені білдіреді? Бұл – олардың зауыт пен цехты көптеп салып, керекті дүниені шығаруы және оны экспорттай алуы. Яғни, экономикасының жыл санап емес, күн санап өсуін білдіретінінен болса керек. Мен білетіндей, әр қытай ауласында емес, әр қаласында зауыт, цех толып жатыр. Тіпті шағын қалашықтарда қалдық қағаздарды жинап, өңдеп, қайта шығарады. Киім, техникаға қосалқы бөлшек, қазіргі қолданыстағы телефон брендтері мен аксессуарлар, т.б. шығару – олар үшін үйреншікті іс. Өзім білетіндей, сапа жағынан мықты, зауыттары өте көп, өнімін шетелге экспорттаушы екі қала бар. Ол – Гуанчжоу мен Иу (Цзиньхуа). Онда Қытайдың өзге жерінде сатылатын заттың сапасынан өте жоғары тауарлар табылады. Бағасы да көңілге қонымды» дейді бұрынғы кәсіпкер Нұрсәуле.
«Карго» дейтін дүние бар. Нұрсәуленің айтуынша, бұл – ұйым. Яғни, заттарды жеткізуші топ.
Өйткені мұнда екі немесе бес адам жұмыс істемейді, одан да көп қызметкер болуы мүмкін.
«Бұл жерде ұйымның екі нүктесі болады. Бірі – Қытайдың Гуанчжоу қаласында. Оны А нүктесі делік. Онда арнайы қойма болады. Сол жерге сатып алынған барлық тауар жиналады. Артынша жүк көлігіне артылады, шекарадан өтіп, екінші Б нүктесіне жетеді. Оны Алматы қаласында деп есептейік. Екі нүкте аралығындағы жол уақыты кемінде бір апта, әрі кетсе 10 күнге созылуы мүмкін. Алматыға жеткен соң карголықтар жеткен тауарды жан-жаққа такси немесе почта қызметі арқылы жөнелтеді. Ескеретін нәрсе, тапсырыс беруші әр заттың бағасынан бөлек, әр келісіне түрлі бағада (3,5-4,2 доллар) ақша төлейді. Мейлі ол киім болсын, мейлі, тұрмыстық бұйым болсын, белгілі баға бар» дейді ол.
Нұрсәуленің сөзінше, зат бағасы мен кедендік салықты қосқанның өзінде келген бұйым бағасы біздің нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Мысалы, Қытайдан 15 мыңға сапасы тамаша люстра алдың. Кеденнен өтерде әр заттың келісіне 3,5-4,2 доллар аралығында салық ұсталатынын ескерсек, салмағы 2 келілік люстраға шамамен 5 мың теңгеге жуық төлейсіз. Сонда барлық құны 20 мың теңгеге жап-жақсы жарықшамды үйге орнатуға болады. Ал дәл сол бұйым біздің елде 35-40 мың теңгеден кем емес.
2019 жылдан бері қарай біздің еліміз Қытайдан көбіне-көп киім-кешек, тұрмыстық заттарға тапсырыс берген. Тіпті тойшыл қазақтар құдалыққа қажеттілерді (киіт) де аспан асты елінен алдыратын көрінеді. Кейінгі хит тауарлар тізімінде оңай құрастырмалы жиһаздар, балаларға арналған, құламайтын, сынбайтын мүліктер, ұялы телефон, т.б. заттар бар.
«Қазір бизнеспен айналысып, тіпті өзінің брендтік үлгідегі заттарын сатып жүргендердің дені өзінің фабрикасы не цехында өндіріп жатыр деймісіз? Жо-жоқ, барлығы да қытайлық заттар. Сонда тапсырыс беріп, сонда арнайы брендтік атауды жаздырып әкеліп, саудаға шығарып жүргендер көп. Мұны отандық өнім дей аламыз ба? Екіншіден, Қытайда барлық дүние қайталама дүние десек болады. Мысалы, корей сериалдарындағы киінген әртістердің киімі ертеңгі күні қытай базарында тұрады. Өйткені Кореяның сериалын қызығып, соған еліктейтін жас буын көп. Оны қытайлар беске біледі. «Адидас» бренді. Мұның жақсы сапада да, нашар үлгіде де тігілетіні бар. «Зара», «Диор», «Эйпл» өнімдерінің люкс сападағы үлгісін шығаруда көршіміздің бәсі жоғары» дейді Нұрсәуле.
Әлемдік сарапшылардың айтуынша, бұл елдің сырт мемлекеттермен сауда қатынасы тым жылдам. Қазақстанмен де тауар айналымында алғашқы орында Қытай тұр. Былтыр екіжақты тауар айналымы 9%-ға өсіп, 43,8 млрд долларға жеткен.  Жалпы Қытай Қазақстанның 5 үздік инвесторының қатарына кіреді. Бүгінде 11 мың жұмыс орны ашу арқылы 8,7 млрд долларға 62 қазақ-қытай жобасы іске асқан. Сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ деректері бойынша 2024 жылдың 11 айында Қазақстан мен ҚХР арасында жүк тасымалдау көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 29,3 млн тоннаны құраған.
Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button