Тарихи жәдігерлер елге қайтарыла ма?
Күні кеше ғана Ұлттық музейге ұлт батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышы тапсырылды. Бұл құнды жәдігер Ресейден елге қайтарылды. Қылышты тапсырған адамдардың бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровтың айтуынша, тарихи тұлғалардан қалған осындай заттар өте көп. Жеке коллекцияларда сақталғаны да, шетел асқаны да жеткілікті.
«Түркияға барсаңыздар, таңғаласыздар. Бүкіл хандарының, батыр, билерінің жәдігерлері, киген киімдеріне дейін сақталған. Ал біздің жәдігерлеріміздің көбісі шетелдерде шашылып жатыр. Жеке коллекциялардан да талай құнды жәдігерді, Берке ханнан бастап ел билеушілерінің қылыштарын, Қасым ханға, Абылай ханға тиесілі дүниелерді көрдім. Сол заттарды ұстаған кезде көзіне жас келеді, жүрегің толқиды. Соның бәрін мемлекет қайтаратын болса, халықтың рухы көтеріледі ғой. Америкада Бейбарыс бабамыз бен Жалаңтөс баһадүрдің құрандары тұр. Бұл туралы өткенде Мәдениет және ақпарат министрлігіне жеткіздім. Қалай болатынын білмеймін.
Жалаңтөс баһадүрдің жәдігеріне өзбектер қызығып, алғысы келіп отыр. Енді бір жарты ғасырдан кейін Жалаңтөс баһадүр қазақ емес, өзбек болып кетуі мүмкін… Сондай жәдігерлерді жинақтау керек. Бұл балаларымыз біз үшін оққа түсіп, елді қорғады. Сондықтан еңбектерін бағалап, қолданған заттарын ұрпаққа жеткізуіміз керек» дейді Ардақ Назаров.
Ардақ Назаров бұдан бұрын Ұлттық музей қорына Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі болған «Джамбия» қанжарын тапсырған еді. Оның айтуынша, болашақта қолына тағы осындай құнды жәдігерлер түсіп, қолдайтын қалталы азаматтар болса, тапсыруға дайын.
«Мемлекеттен қаржы бөлінсін деп күтіп отыра бермей, Айдарбек Асанұлы (Жанқожа батырдың қылышын тапсырған екінші адам – А.Қ), достарымыздың қолдауымен бұл жәдігерлерді табыстаймыз. Өйткені мұндай жәдігерлер тарихта қалу керек» дейді Ардақ Назаров.
Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Берік Әбдіғалиұлының мәліметінше, ұлтымызға қатысты талай жәдігер АҚШ-тың «Метрополитен» музейінде жатыр.
«Әлемнің әр жерінде жатқан бабаларымыздың заттары туралы деректер бар. Мысалы, қазір «Метрополитенде» Жәнібек ханның дулығасы тұр. Оның АҚШ-қа жету тарихының өзі қызық. Бір америкалық турист Тибетке барып, антиквариат дүкенінде темірдің арасында шаң-шаң болып жатқан дулығаны көріп, арабша жазуы бар екен, соған қызығып алып кеткен. Музейге тапсырса, Алтын орда кезіндегі Жәнібек ханның дулығасы екені анықталды. Оған бәріміз қызығамыз. 2018 жылы Ұлттық музейде қызмет істеп жүргенімде көрмеге шақырайық деп «Метрополитенге» хат жаздық. Еш жауап болмады. Содан дулығаға қолымыз жетпей жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында сырттағы жәдігерлерді қайтаруды тапсырған еді. Соны мемлекет тарапынан ғана емес, демеушілердің қолдауымен іске асыру керек. Жәдігердің өзіне қол жетпесе, көшірмесін әкелу керек. Тиісті тапсырма берілді, осы уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі біраз жұмыстарды атқарып жатыр. Тарихи жәдігерлерді түгендеп, қайда жатқаны туралы анықталу үстінде» деді Берік Әбдіғалиұлы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Астананың 20 жылдығына арналған «Өнердегі өмір» атты көрмені тамашаладық. Онда белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың коллекциясындағы Салахитдин Айтбаев, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев, Жанатай Шәрденов, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Бақтияр Тәбиев, Әбдірашит Сыдыханов, т.б. Қазақстан бейнелеу өнері классиктерінен бастап, кейінгі буын суретшілерінің картиналары қойылды. Сонда кәсіпкер Салахитдин Айтбаевтың «Дала қосынындағы түскі ас» картинасын Лондонның атақты «Кристис» аукционынан сатып алғанын айтты.
«Картиналарды суретшілердің шеберханаларынан, олардың отбасыларынан жинадым. Біразын Англиядағы «Кристис» аукционынан, Израильден, Мәскеуден сатып алдым. Көп картиналар шетел асқанда соларды тауып, Қазақстанға қайтаруды өзіме парыз санадым» деген еді сонда Нұрлан Смағұлов.
Осындай тарихи жәдігерлер бір әулеттің, бір отбасының ғана мүлкі емес, ұлт мұрасы. Сондықтан оларды елмен қауыштыру өте маңызды екенін айтпасақ та түсінікті.
Бетті дайындаған Аманғали ҚАЛЖАНОВ