Әлеумет

Жаңа ереже кімнің құқын қорғайды?

Биыл Қазақстанда тамақ жеткізу қызметіне қатысты талап күшейді. Енді курьерлер арнайы медициналық тексерістен өтіп, анықтама алуы шарт. Сауда және интеграция министрлігі ереже қызмет сапасын жақсартып, қоғамдағы денсаулық сақтау мәдениетін арттырады деп сендіруде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Тексеріссіз талап

Құқықтық құжатпен шегенделген ұлттық стандарт көптен бері айтылған-ды. Бірнеше жыл бойы қоғам талқысына түсіп, өткен жылы қарашада министрлік тиісті бұйрықты шығарды. Нәтижесінде, биыл 1 қаңтардан бастап курьерлерде тексеруден өткенін растайтын жеке медициналық кітапша болуы керек. Оған қоса кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуі, мінез-құлық ережесін басшылыққа алуы міндеттеледі.

Осы орайда «курьерлерге берілетін медицианалық кітапшада айырықша талап бола ма, оның үлгісі қалай жасалмақ?» деген сауал туындайтыны түсінікті. Аталған сұрақты Сауда және интеграция министрлігіне жолдаған болатынбыз. Жауап мәтінінен ұққанымыз, курьерлерге берілетін медициналық кітапшаның өзге анықтамадан айырмашылығы болмайды. Қарапайым жұмысқа тұру немесе оқуға түсу кезінде алатын медициналық тексеріспен теңестірілген.

«Тамақ өнеркәсібі және азық түлік сауда объектілерінің қызметкерлері, азық-түлік тауарларын тасымалдаумен айналысатын азаматтар алдын ала флюорографиядан өтеді. Оған қоса гельминт жұмыртқалары, дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі, А және В паратифтері, патогенді стафилококк қоздырғыштары секілді қауіпке қарсы тексерістен әрбір 12 ай сайын өтуі тиіс», – деді министрлік өкілдері.

Расында, өзгеріс тек мерзімінде. Мысалы, қоғамдық тамақтану объектісінің қызметкерлері осы мәндес бақылаудан өтетінін білеміз. Денсаулық сақтау министрлігі оларға флюорографиядан өзгесін 6 айда бір өтсе, жеткілікті деп санайды. Ал нормативтік-құқықтық актілерде курьерлерге арнайы қойылатын талап жоғын жеткізді. Тіпті курьер қоғамдық тамақтану объектісінің қызметкері болмаса, санитариялық талап міндеттелмейді екен.

Сонда ережені кім бақыламақ? Бүгінде жауапкершілікті еш министрлік мойынына алып отырған жоқ. Сауда және интеграция министрлігі ел аумағындағы курьерлердің техникалық талапқа сәйкестігін тексеру үшін мониторинг жүргізбейтінін ашып айтты. Денсаулық сақтау министрлігі де қатысы жоғын білдірген. Ең қызығы, стандарттың орындалуы ерікті түрде жасалады және курьерлер талапты орындамаса, ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.

«Тапсырыс емес, курьер маңызды»

Министрліктің курьерлерге салмақ салғысы келмеуінің өзге сыры бардай. Себебі саладағы жұмыс берушінің басым дені шетелдік компаниялар. Есте болса, осыдан 5-6 жыл бұрын ел нарығына жеткізу қызметін ұсынатын компаниялар ентелей енді. Ішінде Яндекс, Glovo, Wolt секілді алыптар бар. Әрбірі еңбек шартын ыңғайына сай қалыптастырған. Қазір бейресми дерек бойынша 500 мыңға жуық қазақстандық курьер болып жұмыс істейді. Бүтін бағытты қолында ұстап отырған олардың ие бермей отыруына да осы дерек ықпал. Сауда және интеграция министрлігінің өзі «ұлттық стандартты сақтау туралы нарықтағы шетелдік компаниялармен келіссөз жүргізілді ме?» деген сауалға талқылау шарасымен шектелгенін жасырмады.

Алайда курьерлер талапты орындауға қарсы емес. Астаналық Асылхан Бітімбектің пікірінше, медициналық тексерістен өту қиын емес әрі мұндай талап бұрыннан бар.

– Астана қаласына қоныс аударғаныма екі жылдан асты. Осы аралықта курьер болып жұмыс істеп келемін. Жаңа өзгерісті естідім, бірақ мұны бұрыннан бар талап секілді қабылдадым. Өйткені «Яндекс»-тің курьерлерге арналған қосымшасында медициналық кітапша енгізетін бөлік бар. Дегенмен әріптестерімнің арасында медициналық анықтаманы енгізгені жоқ. Арнайы термо-сөмке болса жеткілікті, тамақ жеткізуге рұсқат ашық. Компания тарапынан талап етілмесе, курьерлер арнайы тексерістен өтеді дегенге сенбеймін, – деді ол.

Тәжірибелі курьер ретінде Асылхан талаптың біршама шикілігін атады. Айтуынша, дәмханалар мен дүкендер тамақ өнімін курьерге тапсырар алдында мұқият қаптайды. Жеткізу қызметін жүзеге асыратын адам тамаққа қол тигізбейді, барлық процесс басқа тапсырыс секілді жүргізіледі. Демек, тамақ өнімін жеткізетіндерге бөлек талап қоюдың қажеті шамалы. Егер мәселе қауіпсіздікте болса, онда барлық курьерге бірдей медициналық тексеріс міндеттелуі шарт. Кейіпкер қандай тапсырысты жеткізгені емес, курьердің өзі маңызды деген ойда.

Жаңа стандартта мінез-құлық ережесі де айтылған. Бұл орайда сервистік қызметінде кемшілік аз секілді. Асылхан Бітімбектің сөзінше, компаниялар тұтынушымен қарым-қатынас талап-ережені мұқият үйретеді.

– Компаниялар жұмысқа қабылдар алдында арнайы этикалық ережені үйретеді. Қай сәтте айыппұл салынуы мүмкін, қай әрекеттен сақтану керегін ашып айтады. Мысалы, ауысымға келмей қалу, GPS жүйесін өшіру, тапсырыстан бас тарту, жұмыс уақытында ішімдік ішу, серіктес пен тұтынушыға дөрекі сөйлеу бірнеше рет қайталанса, жұмыстан қуылу қаупі бар. Сондықтан көп курьер сыпайы әрі жанжалдан алыс, – деді ол.

Қазақстанда курьерлер тұрақты жұмыс істемейді. Көбі қосымша табыс ретінде айналысатындықтан, аптасына бірнеше сағат қана мобильді қосымшаға кіреді. Курьер қатарына ену де, шығу да оңай. Ашық дереккөздегі мәлімет пен курьерлер сөзіне сенсек, жеке куәлік, есептесу шоты, жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжат жеткілікті. Компанияларға да қолайлы. Еңбек шартын екі негізде – Азамттық-құқықтық сипаттағы келісімшарты (АҚС) немесе жеке кәсіпкерлік (ЖК) бағытында әзірлеп, жауапкершіліктен арылады.

Тұтынушы мен жеткізуші арасында келісімшарт жоқ

«Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасының орынбасары Тұрсын Бәткенқызы мемлекет бекіткен ережені қолдайды. Оған қоса әлде де талап бағытын кеңейтуді ұсынуда. Оның сөзінше, тағам жеткізуші мен тұтынушы арасындағы міндеттемеге көңіл бөлетін кез келді. Өйткені жеткізу қызметінде тапсырыс сапасы кімнің жауапкершілігінде екені нақтыланбаған. Кешіккен тапсырыс үшін курьерді айыптайтын жағдай тыйылмай тұр.

– Тұтынушы мен курьер арасында келісімшарт жоқ. Тағам суық немесе сапасыз жетсе, кінәлі тек дәмхана. Ережеге сәйкес курьер дәмхана жеткізушісіне жатады. Дәмхана бәрін талапқа сай дайындап, курьер ұзақ уақыт жүрсе немесе асты төгіп алса, тұтынушы арызды курьерге жасай алмайды. Жауапкершілік дәмханада. Мұны ескеру керек, – деді сарапшы.

Кейінгі жылдары курьер саны артқаны рас. Табыс та молайды. Алматы мен Астана қалаларында кең таралған «Яндекс Еда», «Яндекс Go», «InDrive», қосымшасын қолданатын курьерлердің айлық табысы 400 мыңға жетіп жығылады екен. Сондықтан ережені қатаңдату саланы жетілдіру үшін қажет. Ал оның нәтижесіне күмән басым.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button