«Fake-овый арман» фильмі 27 ақпаннан бастап прокатта
Қазақстандық белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Fake-овый арман» атты жаңа картинасы 27 ақпанда прокатқа шығады. Туынды қазақтың ұлттық «Көкпар» ойынын жақсы көретін ағайынды екі жігіт Құрмаш пен Баханың өмірі туралы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Туынды көкпар десе ішкен асын жерге қойып, бір иығын беріп тұратын жігіттердің тартысын суреттейді. Шығармашылық ұжым ұлттық фильмде ұлттық құндылықтардың көрініс табуына ерекше басымдық берді. Қазақылықтың иісі аңқыған туынды көп ұзамай прокатқа шығып, көрерменге ұсынылатын болады», – деді режиссер.
Фильм желісі бойынша ағайынды Баха пен Құрмашты батылдар мен ептілер ойнайтын көкпар сайысының еркіндігі өзіне тартады. Ағайындылардың кішісі Құрмаш курьер болып жұмыс істейді. Құрмаштың күнделікті жұмысы арқылы көрермен курерьлік істің барлық шындығын бағамдайды. Ал ағасы Баха ауылда тұрады, ол – кішігірім шаруашылықты дөңгелетіп отырған үйдің үлкені.
Ағайынды екі жігіттің өз өмірі, махаббаты мен армандары, оған жететін өзіндік жолы бар. Олар сол мақсатына қол жеткізе ала ма, әлде шынайы құндылықтар арзандаған, гаждет-смартфондар әлемінде аялаған армандары алдамшы болып қала ма, оны фильмнің соңы көрсетеді.
Фильм Ақпарат және мәдениет министрлігі, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Сценарийін жазған Рүстем Әбдірашев пен Ғазиз Насыров. Картинаның продюсерлері – Мәдина Есманова және Азат Жапеков. Басты рөлдерде ойнағандар: Ербол Семқұлов, Олжас Тоғымбет ,Ержан Түсіпов,Ақбота Әбдібек және Светлана Тарасова.