Қазақстанда қыздарға арналған ЖИ бойынша оқу өтуде
2025 жылғы 5-7 ақпан аралығында «Қыздарға арналған ЖИ дағдылары акселераторы» бағдарламасы аясында қыздарға арналған оқу өткізілуде. Іс-шараның ашылуына Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев пен онлайн форматта Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) ТМД аймағы бойынша өңірлік директоры Наталья Мочу қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оқыту қыздар мен әйелдердің жасанды интеллекттің заманауи технологияларына қатысты цифрлық дағдыларын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл екі жылдық бағдарламаны жүзеге асыру үшін ХЭО Даму секторы мен EY бірлесіп жұмыс атқаруда. Бағдарлама озық технологиялық білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
«Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Біз ЖИ-ді өміріміздің барлық саласына енгізуді жоспарлап отырмыз. Алдымызға үлкен мақсат қойдық – 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқыту. Оның ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың корпоративтік сектор өкілі және 30 мың басқа салалардың өкілдері бар. Барлық бағыттар бойынша белгілі бір пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қазіргі және болашақ мемлекеттік қызметкерлер үшін ЖИ бойынша оқытуды міндетті ету талаптарын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл пилоттық жобаны осы жылдың наурыз айында іске қосамыз. Көріп отырғаныңыздай, барлық азаматтар санатына арналған ЖИ бойынша оқыту бағдарламалары қарастырылған», – деп атап өтті министр Жаслан Мадиев.
Бағдарлама қыздарға цифрлық, этикалық және басқарушылық дағдыларды меңгеруге көмектесіп, олардың инновациялық шешімдер әзірлеуіне және ЖИ-ді өз қауымдастықтарындағы мәселелерді шешу үшін қолдануына мүмкіндік береді.
Екі жыл ішінде бағдарлама мынадай нәтижелерге қол жеткізеді:
- 1000 қыз офлайн семинарлардан өтіп, білім алып, менторлық қолдау мен сарапшылардың көмегіне ие болады.
- Семинарлар әлем бойынша 12 елді қамтиды (әрбір ХЭО аймағына 2 елден).
- Қатысушылар байқауға қатысып, жеңімпаздар ХЭО-ның халықаралық ЖИ іс-шарасына бару мүмкіндігіне ие болады.
Жоба ХЭО Даму секторы мен EY серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
«Жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту қыздарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл оларға тек озық технологияларды игеруге ғана емес, сонымен қатар оларды өз қауымдастықтарының игілігіне пайдалануға көмектеседі. Бұл бағдарлама – неғұрлым инклюзивті және тең құқылы цифрлық болашаққа қарай жасалған қадам», – деп атап өтті ХЭО-ның ТМД аймағы бойынша өңірлік директоры Наталья Мочу.
2024–2025 жылдарға арналған алғашқы қатысушы елдердің қатарына Үндістан, Иордания, Қазақстан, Кения, Мальта және Парагвай енді.