Елорда жастарымен белсенді
Әрбір ұлттың болашағы – оның жастары. Жастар – өркениеттің қозғаушы күші, жаңа идеялардың қайнар көзі, елдің ертеңін қалыптастыратын маңызды буын. Бүгінде Астанада 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 455 мың адамды құрап отыр. Оның ішінде жоғары оқу орындарында 95 мың студент оқиды.
Тарихтың қай кезеңіне көз жүгіртсек те, әлемді өзгерткен, қоғамды алға сүйреген әрдайым жігерлі жастар болған. Сондықтан да жастарға артылатын үміт пен жүктелер жауапкершілік қашанда зор.
Қазіргі заманның басты талабы – жан-жақты, рухани бай, интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеу. Білім мен технологияның дамуы қарқынды жүріп жатқан дәуірде жастар заман талабына сай бейімделіп, үздіксіз дамуға, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылуы қажет. Бүгінгі таңда әлемнің кез келген түкпіріндегі ақпаратқа қол жеткізуге, білім алуға мүмкіндік мол. Бірақ мәселе тек білімді алуда емес, оны дұрыс қолдана білуде.
Қазіргі таңда көптеген жас кәсіпкерлер, IT мамандары, стартап жобалардың негізін қалаушылар – жастар. Олар өздерінің инновациялық идеялары арқылы ел экономикасын дамытуға, ғылымды ілгерілетуге зор үлес қосып келеді. Мәселен, елордадағы «Astana Hub» IT стартаптар халықаралық технопаркі бірнеше үздік жобалармен айтулы жетістіктерге қол жеткізуде.
Ақпараттық технологияларды меңгеру, жасанды интеллект, биотехнология, робототехника, жасыл энергетика салаларын дамыту – болашақтың басты бағыттары. Тәжірибелі мамандардан қалыспай, бас қаланың өзінде оқушылар тың идеяларын ұсынып қуантуда. Мәселен, қалалық М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары «Темірбек» атты роботты құрастырса, Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Бақтығали Ерланұы ақылды қоқыс жәшігін ойлап тапты.
Жастар тек мектеп немесе университет қабырғасында алған біліммен шектеліп қалмауы керек. Өзін-өзі дамыту, үздіксіз білім алу, жаңа дағдыларды меңгеру – нағыз табысты жастың басты қағидалары. Осындай бәсекелестікке толы уақытта білімді болу – жетістікке жетудің басты кепілі.
Әрбір жас Отаншыл болып өсуі тиіс. Отаншыл болу – тек елін сүйіп, Отанын құрметтеу ғана емес, сол елдің дамуына өз үлесіңді қосу. Өкінішке қарай, кейбір жастар шынайы патриотизмді тек ұрандармен, жалынды сөздермен шектеуге бейім. Алайда нағыз патриоттық сезім – қарапайым әрекеттерден басталады. Ол өз ісіңе жауапкершілікпен қарау, адал еңбек ету, туған жеріңнің гүлденуі үшін талмай қызмет ету. Мұның жарқын үлгісін «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының белсенді волонтерлері көрсетіп, өзгелерге дәріптеп келеді. Жас ұрпақ өз бойында қайырымдылық, өзгеге қол ұшын созу секілді құндылықтарды қалыптастыра алса, мемлекетіміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз.
Қоғамның қозғаушы күші – жастардың қандай болу керектігінің бірден-бір мысалы – астаналық белсенді жас буын. Ал жастардың саналы, білімді, отансүйгіш, еңбекқор болуы – тек өздерінің ғана емес, тұтас елдің тағдырына әсер етеді.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті