Қыстың қақаған аязына қарамай жұмыс істеуде
Елорданы таза сумен қамтамасыз ету «Астана су арнасы» серіктестігіне жүктелген. Кәсіпорында қиын әрі өте жауапты жұмыста ұзақ жылдарын арнаған кәсіби мамандар жұмыс істейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Су бұру қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаев кәсіпорындағы еңбек жолын осыдан 15 жыл бұрын үшінші разрядты слесарь болып бастаған.
Қуаныш – Түркістан облысының тумасы. Мектепті бітірген соң Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне «Сумен жабдықтау және су бұру» мамандығы бойынша оқуға түскен. Мамандығын да ойланып барып таңдаған. Айтуыншабұл таңдауына ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен әкесі себеп болған.
2010 жылы беделді жоғары білімі бар жігіт жөндеу-құрылыс алаңында үшінші разрядты слесарь болады.
«Астана су арнасы» – 65 жылдық тарихы бар кәсіпорын. Мен университетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс тобына қосылдым. Бір жарым жылдан кейін жөндеу-құрылыс учаскесіне прораб болып тағайындалдым. Одан кейін Сарыарқа, Есіл аудандарының кәріз жүйесі қызметінің басшысы қызметін атқардым. 2017 жылдан бері су бұру қызметін басқарамын», – деді Қуаныш Сұлтанбаев.
Оның бөлімінде 320 адам жұмыс істейді. Тәулік бойы жұмыс істейтін мамандар кәсіпорынның орталық диспетчерлік қызметі арқылы түскен хабарламалар бойынша жедел жұмыс істейді, бұл төтенше жағдайларды болдырмауға көмектеседі.
«Мекеменің басты мақсаты – елорда тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету. Біз сондай-ақ ағын суларды кәріздік сорғы станцияларында тазартамыз. Осыдан кейін ағын су тазарту қондырғысына құйылады, онда соңғы тазарту сатысынан өтіп, бастапқы таза күйінде табиғи ортаға қайта оралады. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар бөгде заттарды канализацияға тастап жатады, бұл үлкен апаттарға әкелуі мүмкін. Жұмысқа күндіз 20, түнде 3 бригада жұмылдырылған, яғни қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан жарылған кәріз құбырларын ауыстырып, ашық тұрған ұңғымаларды жауып, су құбырларын жаңартып, 200-ден астам кәріздік сорғы стансаларының жұмысын үнемі қадағалап отырамыз», – дейді кейіпкеріміз.
Компания басшылығының айтуынша, Қуаныш Сұлтанбаев өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тәжірибелі маман ретінде жас кадрларға үлгі болып келеді. Еңбек жолында қала әкімдігінің бірнеше Құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен марапатталған.
Қуаныш Сұлтанбаев өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, төрт бала тәрбиелеп отырған тамаша отағасы.