Елордада халықаралық көрме ашылды
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/kashgari_map.jpg)
Елордадағы Ұлттық музейде «Диуани лұғат ат-түрк» энциклопедиялық сөздігінің жарық көргеніне 950 жыл толуына орай «Тіл ізгіліктің бастауы: Диуани лұғат ат-түрк» атты халықаралық көрме ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Көрмеде Махмұд Қашқаридың суреттері, «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің ең жақын көшірмесі, түрік және қырғыз тілінде ұсынылған түпнұсқа, XI ғасырдағы түрік қоғамын бейнелейтін ерлер мен әйелдердің киімдері, сол кезеңнің өмір салты мен мәдени көрінісін бейнелейтін жәдігерлер ұсынылды.
— XI ғасырда ұлы ғалым Махмұд Қашқари жазған «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегі тек әдебиет ескерткіші ғана емес, түркі халықтарының айшықты бейнесі. Біздің мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Өздеріңіз білетіндей, ЮНЕСКО шеңберінде 2024-2025 жылдары кітаптың 950 жылдығы тойланды. Бұл еңбек Орхон ескерткіштерінен кейінгі түркі мәдениетінің ең маңызды ескерткіші, – деді көрмені ашқан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова.
Оның айтуынша, бұл көрме өткен жылы Бішкек қалсында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының ХІ саммиті аясында алғаш рет ұйымдастырылған.
— 2024 жылғы 13 желтоқсанда ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб пәтерінде арнайы көрме мен әлемдік деңгейдегі және түркі дүниесі ғалымдарының басын қосқан халықаралық ғылыми фонференцияны өткіздік. Сонымен қатар көшпелі көрме 2025 жылы әлемнің әртүрлі мәдениет ұйымдарында көрсетілетінін ерекше атап өткім келеді, – деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Айта кетейік, осы жиында Аида Балаева Түркістанда реставраторлар даярлауды ұсынды.