Грим салу шебері
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/a5fcecb6-5936-447d-8dbe-490889ba72df-1-780x470.jpg)
Қылқаламды серік еткеннің бәрінің мамандығы суретші емес. Бірақ барлығы бірдей сурет сала білуі керек, яғни дизайнер, сәулетші, басқа да осы бағыттағы сан салалы мамандықтар, сол сияқты грим салушы да өнерінің бастауын суреттен алады. Суретшілік қанында бар, отбасында ата-анасынан алты балаға осы өнер дарыған, Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры ашылғалы бері грим салушы болып келе жатқан Жазира Есмағамбетова – осы бір қызықты әрі бүгінде сұранысқа ие мамандықтың иесі.
Жазираға өнер тегінен берілгенмен, грим салу ісін туған ағасы, Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист мүсінші Айдостың арқасында бастады. Талай талантты ұл-қыздар шыққан Арқалық қаласы – олардың туып-өскен жері. Отбасының өнер қонған әулет екенін көзін ашқалы біліп өсті. Әннен сабақ беретін анасы қанша бала тапса да, сұлулығын сақтаған, күн сайын әдемі болып жүргенді жақсы көретін жан. Суретші мамандығынан жоғары білім алғанмен ауылда өнерін дамыта алмаған әкесі де үйде шығармашылыққа уақыт табатын. Ал ағасы туған қаласындағы педагогикалық институттың сурет факультетін тәмамдап, арман қуып Астанаға бет алды, дарыны мен еңбекқорлығының арқасында талай шыңды бағындырды. Үйдегі төртінші бала Жазира да, екі әпкесі мен егіз інілері де сурет пен мүсіндеуге, қолөнерге бала кезден жақын болды. Мектептегі қабырға газеттері мен өнер байқауларындағы образдық киімдер Жазираның қолынан шығатын. Алайда мектеп бітіргенде грант болғаны үшін колледжде экономист мамандығын оқыды. Тұрмыс құрып, балалы болды. Бірақ қарапайым кассир мамандығын атқарып жүріп, бойына біткен өнері тұншығып жатқандай сезінетін. Сондай бір күйзеліспен жүрген кезде Astana Musical театрында грим салушы болып жұмыс істейтін ағасы оны қасына алдырып, екі жыл бойына осы өнердің барлық қыр-сырын қарындасына үйретіп шығады.
Заманауи грим өнерін әлемдік деңгейде меңгерген ағасының жанында жүріп ол грим салудан бастап, бұрым мен шаш жалғау, сақал тоқу, мұрт салу, жапсыру, бетке иек пен мұрын қосу, жас актерді кәрі адамға айналдыру, тарихи кейіпкерлерді келтіру, түрлі елес, әруақ, ауру, жылап көзі қызарған, соққыдан көгерген, жарақаттары бар образдарды жасау, адамнан жан-жануарлар бейнесін шығаруды толық үйреніп алды.
– Бала кезімде көршілердің кішкентай қыздарының шашын жинап, өріп, үйге әкеліп тап-тұйнақтай етіп киіндіріп қоятынмын. Арнайы оқымасам да, таныс қыз-келіншектердің бетін әрлеп, тәп-тәуір макияж жасап беріп жүрдім. Бояндыруды білгенмен, грим сала алмайтынмын. Себебі макияж бен грим салу ұқсас сияқты болғанмен, арасы жер мен көктей. 2018 жылы атақты Француз мюзиклі «Нотр-Дам де Пари» Астанада қойылатын болды. Менің ағам сол қойылымға грим салушы ретінде шақырылған, сол кезде көмекшілер көп керек етіліп, мені қасына шақырды. Төрт күндік жұмыс маған төрт жылдық тәжірибе бергендей болды. Грим салу жаныма жағатынын ұғындым. Сосын ағам мені белгілі визажист Назерке Козинованың студиясында ақшасын төлеп оқытып алды. Сөйтіп жүргенде 2020 жылы Музыкалық жас көрермен театры ашылып, ағам соған екінші грим салушы ретінде келуімді сұрап, бірақ өзінің қолы тимей, ақыры театрда мен ғана қалдым. Содан бері осы өнер ордасының жалғыз грим салушысы болып еңбек етіп келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Жазира көбіне басты және сырт келбеті күрделі рөлдердегі актерлерді бояуға уақыт бөледі, ал «массовкада» жүретін актерлер өздерін жеңіл-желпі бояп кете береді. Дегенмен бәрін бақылауда ұстап, тексеріп, білмегенін көрсетіп отырады. Осылайша аптаның дүйсенбісінен басқа күндері кешкі сағат 18.00 және 19.00-де басталатын қойылымдар үшін түс ауа жұмысын бастап кетеді.
– Басында қиын болғаны рас. Әсіресе, тарихи кейіпкерлерді шығару оңай емес. Ондай кезде қашан да ағамның көмегіне, кеңесіне жүгінемін. Жаңадан қойылым қоятын кезде әр актер өз образымен танысып, соның суретін әкеледі немесе сипаттап береді, сол бойынша мен олардың бетіне грим салып беремін. Ең қиын әрі ұзақ уақыт алатын процесс – қыздарға шаш, бұрым жалғау. Актрисалар шаштарын өргенмен, жалғай алмайды, шаш босап, сахнада түсіп қалмау үшін жалғаудың өзіндік техникасы бар. Қолым шебер болғасын шаштарын да түрлі образдарға сай сәндеп бере аламын. Сонымен қатар киімдерінің де жетпес жерін жеткізіп, түскен жерін түзеп, тігіп беремін. Сол себепті грим салушы тек бет бояумен шектелмей, жан-жақты болуы керек, – дейді Жазира.
Грим салушы болу үшін ең бірінші қабілет – алдыңа келген адамды сезіну қажет. Сол адамның сізге айтқанынан да артық етіп жасап, грим оған жарасатындай етіп салу үшін тәжірибе мен еңбек керек. Сахнадағы жарық адамның бетін «жеп қояды», яғни түрі көрінбей қалады. Грим сол жарықтың көлеміне қарай салынады. Бұл театр шағын, сахна көрермен залына жақын болғандықтан мейлінше гримді жеңіл, шынайы етіп салады.
– Жалпы грим салу арқылы біз бойымыздағы күш-қуатымызды тек еңбегімізге ғана емес, бетпе-бет кеп тұрған грим салынатын адамға да береміз. Сондықтан болар, бұл бір ауыр жұмыс емес сияқты көрінгенімен грим салып біткенде қатты шаршап, әлсіреп қалғаныңды сезінесің. Оның үстіне актерлер, басқа да бетін боятқызатын адамдар неше түрлі көңіл күймен келеді. Соның да әсері бар. Сабыр мен шыдам да керек, адамдармен жұмыс істеген соң біртіндеп психолог болып та кетесің, – дейді жас грим салушы.
Оның айтуынша, бұл – қазіргі таңда өте сұранысқа ие мамандық. Театр жалақысы аз болғанмен, қосымша мәдени жобаларға жиі шақырту алып, жұмыстан бос уақытта елордада өтетін түрлі іс-шараларға грим салушы болып барады. Ондай кезде де көбіне Айдос ағасымен бір командада жұмыс істейді. Жаңа жыл, Наурыз және басқа да мерекелер, Жамбыл, Абай, Ыбырайдың, басқа да тұлғалардың мерейтойлары кезінде екеуі түрлі мерекелік және тарихи, кино мен мультфильмдер кейіпкерлерін шығару үшін сахна сыртында грим салумен айналысады. Мұндай концерттер елорда болғасын Астанада жиі өтеді. Сондықтан бұл табысты жұмыс деп айтуға болады. Оның үстіне театрда жақында оған мемлекеттен пәтер беріліп, жас маманның баспана мәселесі де шешімін тапты.
Райхан РАХМЕТОВА