Айтпайын-ақ деп едім!

«Парадизге» бардың ба?..

Қаладағы қазіргі жүрген алпыс, жетпістегі құнан және дөнен шалдардың барлығы дерлік ауылымызды сағынумен жүреміз. Астана ашылғалы осындамыз ғой. Оның әрбір оң қадамына қуанамыз. Көз алдымызда көркейді шырайлы шаһарымыз. Әсіресе ұлтымыздың кескін-келбеті көрініп, салт-дәстүрі қайта орнығып келе жатқанына қатты қуанамыз.

Бәрінен де бұрын ұлттық дастарханымызды айтсаңызшы! Алғашқы болып астанамызда «Арнау» деген мейрамхана ашылды. Қуырдақ жеп, бас-сирақ мүжіп, бір жырғап қалдық. Одан кейін Алматы көшесінде «Шафран» деген осындай бір сәнді-салтанатты тамақтандыру орны тағы ашылып, бала-шағамыз, немере-шөберелерім бар, бәріміз отбасындағы қуанышты шараларымызда осында келетін болдық. Әсіресе, өзімнің сүйікті асым «қарынсай» деген тағамды айтсаңызшы! Неше түрлі дәмдеуіш қосып кәдімгі қарыннан жасалған қазақы тағам.

– Сіздердің Тәуелсіздік даңғылында «Парадиз» деген тамақтандыру орны ашылыпты, осы тағам сонда да бар көрінеді, – деді ұлым Самат.

Жақында көршім Асхаттың көлігімен Орталық мұражайда өткен бір іс-шарадан қайтып келе жаттық. Бір кезде жолдың жиегінде тұрған «Парадиз» деген жазуы бар ғимаратқа көзім түсіп кеткені.

– Мына жерге барып, бір-бір «қарынсай» жеп алуға қалай қарайсың? – дедім рөлдегі көрші-досым Асхатқа.

– Қарын дейсіз бе? – деп ол да елең ете қалды.

Келдік. Бірден аңғарғанымыз, теке сақалдылар мен ашық күні қара жамылған арулар баршылық екен. Сәл тіксініп қалдық. Жанымызға өрімдей жас жігіт келіп тапсырыс алды. Бір кезде әлгі даяшымыз алқын-жұлқын қайтып келіп: «Сіздің аузыңыздан иіс шығып тұр, шығыңыздар!» демесі бар ма дүңк еткізіп.

Ардагер журналист Асхат – көпті көрген әбжіл азамат.

– Ей, шырағым, не деп тұрсың? Рульде отырған адаммын ғой. Міне, кілтім, – деді шыр-пыры шығып.

Анау да қайтатын емес.

– Аузыңызды ашып, маған үрлеңізші, – демесі бар емес пе безеріп пайғамбар жасындағы атасына. Тура МАИ қызметкері дерсіз.

Үрледі. Дым таппаған соң, ­сілейіп шок болып отырған маған алайып бір қарады да, асүйге қайта кіріп кетті. Біздің діңкештердің (әсіредіншілдерді өзім осылай атаймын) ортасына түсіп қалғанымыз анық еді. Бір қызығы, бұл «Парадизіңіз» Әзірет Сұлтан мешітіне таяқ тастам жерде тұр. Тіпті араларында үй жоқ десе де болғандай.

Ал енді мұсылмандықтың жаршысымыз деп жүргендер осы тамақтандыру орнының атына келейікші. Бұл атау «жұмақтың төрі» дегенді білдіреді. Дәлірек айтсақ, исламға түк қатысы жоқ. Христиандардың «рай» дегендерінің төрі. Нанбасаңыз, «Словарь иностранных слов» дегенді қараңыз. Ал кезіндегі КСРО Орыс тілі институты шығарған «Орыс тілі» сөздігі 20-бетінде Алексей Толстойдың «Бірінші Петр» кітабынан «Данилич, парадиз, рай земной» деген сөзін келтіріп қойыпты. Ал Даль көкеміз одан да әрі тереңдепті. «Парадизка – райская птичка» дейді ол кісі. Ал енді Google деген білгішіміз бар ғой. «В старославянских и древнерусских текстах, начиная с XI века греческое paradeisos означает рай» деп ап-анық жазылып тұр. Тіпті бұл сөздің «ойын-сауық іс-шарасы» деген де мағынасы бар екен. Христиандарда шарап – қасиетті сусын. Сонда осы мақаламның атын «Парадизге» бардың ба, жүз грамын алдың ба?» деп қойсам да болғандай екен. Жеткізе алдым ба, жоқ па, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» бұл сөздің мұсылмандыққа, халал мейрамханаға титтей де қатысы жоқ екен. Сонда деймін-ау, келушінің аузын иіскеген діндарларымыздың пейіштің төрін өз дінімізде «фирдаус» деп атайтынын да білмегені ме?!.

Әбу САЯТ,

заңгер-публицист

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button