Басты ақпаратМәселе

Теңіздегі тіршілік түлей ме?

Алдымен тарихтан аз-кем дерек айтамыз. Бір кездері көлемі жа­ғынан төртінші орын алған Арал теңізінің бүгінгі жағдайы айтпаса да түсінікті. Су тапшылығынан жағалаудан толқын қашқалы біраз жыл өтті. «Бар несібем – адамзатқа» деген Аралдың әлі
де берері жоқ емес.

 Арал жағасында 50-60 жыл бұрын балық аулау кәсібіне байланысты 2 комбинат, 10 зауыт, 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болғанын кейінгілер білмеуі мүмкін. Қолда бар мәліметке сүйенсек, теңізден 30-дан аса балық түрі ауланыпты. Бүгінде қарасы көрінбейтін бекіре де осы теңізде ойнақ салды. «Қызыл кітапқа» енген қаяз, салмағы кішігірім тайыншадай ірі жайын да осында жүзді. Ақбалық, сазан, мөңке, шабақ, дөңмаңдай, шортан, торта мен тыран, алабұға сияқты түрлері тіпті мол болыпты. Бүгінде теңіз жағалай отырған көп ауылдың тілімен айтсақ, «алтын балық» саналатын, бағасы да құнды, Еуропаға бірден-бір экспортталып отырған тісті де – Аралдың бір байлығы.

Сыр суының 5 пайызы ғана…

Аштыққа ұшыраған Еділ бойы тұрғындарына Лениннің хатына орай көмекке ұмтылған балықшы бабалар ерлігі жиі айтылып жүр. 100 жылдан асқан бір айтулы күннің тарихы Арал балықшыларына тиесілі. Бір тәулікте олар 14 вагон балық жөнелтті. Енді біз арнасынан асып, ең терең жері – 68 метр, ұзындығы – 426, ені 284 шақырым болған бұрынғы теңіздің бүгінгі тіршілігін баян­дап көрмекпіз.

Қазір ел аумағындағы Кіші Арал деген атпен белгілі теңіз Қазақстан мен Өзбекстан арасында жатыр. Яғни бұрынғы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. 2005 жылы Солтүстік Арал теңізін, дұрысы Кіші Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған «Көкарал» бөгетінің құрылысы аяқталған еді. Бұл теңіздегі су деңгейін көтеруге және аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға сеп болды. Тоғыз су өткізгіштен тұратын бөгет іске қосылғалы бүгінге дейін Сырдария өзенінен Кіші Аралға 48 млрд м3 су түсті.

Жалпы Сырдария өзенімен бізге келетін су көлемі көрші мемлекеттерге тікелей байланысты. Ашығын айту керек, дарияны көрші мемлекеттер көп пайдаланады. Кейінгі жылдары Сырдарияда су аз болғандықтан, Кіші Арал теңізіндегі су көлемі 27 млрд м3-ден 18,5 млрд м3-ге дейін азайды. Теңіз деңгейі 40,42 м БС белгісіне дейін төмендеді. Бұл ретте Сырдария өзені ағынының 75%-ы – Қырғызстанда, 20%-ы – Өзбекстанда, қалған бес пайызы ғана Қазақстанда жүретіні анық көрініп-ақ тұр.

«Министрліктің негізгі мақсатының бірі – Солтүстік Арал теңізіндегі су деңгейінің қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз ету. 2024 жылы Солтүстік Арал теңізіне Сырдария өзені арнасымен 2,6 млрд м3-ден астам су жіберілді, бүгінгі күні ондағы су көлемі 22,3 млрд м3-ге жетті. Осылайша теңіз деңгейі 41,04 м БС белгісіне дейін көтерілді. Былтыр Солтүстік Аралға су тұрақты түрде түсіп отырды. Суару кезеңінің ортасында Сырдария өзені арқылы теңізге секундына 80 текше метрге дейін су барды. Ал 2023 жылы вегетациялық кезеңде бұл шамамен секундына 6 текше метр ғана болған болатын. Жалпы вегетациялық кезеңде теңізге 977 млн м3 су түсті» дейді ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті су ресурс­тарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ғалымжан ­Қамбарбеков.

Құтқару қорының қарекеті

Былтырдан бастап Халық­аралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақ­станға өтті. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланып, аталған ұйымды үш жыл басқарады. Құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеті кіретін ХАҚҚ теңізді құтқару және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады.

Былтыр 18 қыркүйекте Астанада ХАҚҚ басқармасының кезекті отырысы өткен еді. Оның барысында Қазақстанның 2024-2026 жылдарға төрағалық ету кезеңіне ХАҚҚ атқарушы комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Мұның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның су мәселелеріне жетекшілік ететін Үкімет басшыларының орынбасарлары кірді. Біздің елімізден басқарма мүшелігіне Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа өкілеттілік берілді.

«Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігі Қызыл­орда облысы, Арал ауданында «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасын іске асыруда. Жоба мақсаты – Арал теңізін сумен қамтамасыз ету және халық тұрмыс-тіршілігінің жайлылығы мен әл-ауқатын жа­қсарту, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Арал ауданы балық шаруашылығының тұрақты дамуына қол жеткізу» дейді Ғалымжан Мұратұлы.

Сонымен қатар, министрлік Арал теңізі бассейніндегі экологиялық көрсеткіштер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларды одан әрі жақсартуға Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, грант қаражаты есебінен «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауда. Бұл жобаның 3 негізгі компоненті бар. Соның екеуі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналған.

Мұндағы екінші компоненттің бес бағыты – балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы. Оған 39 жоба енгізілген. Оның 13-ін Халық­аралық «Аралды құтқару қорының» атқарушы дирекциясы, 13-ін жергілікті әкімдіктер, 4 жобаны Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының Арал филиалы, 3 жобаны ­Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 6 жобаны әртүрлі ұйым, жеке тұлғалар ұсынған. Жобалар іске асса 1927 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жалпы мұндағы барлық бастама әрбір аралдықтың атакәсіптен қол үзбей, теңіз байлығына қол жеткізуге мүмкіндік береді деген үлкен сенім бар.

Иә, балық шаруашылығы – дария жағалай қоныстанған елге ежелден сіңісті кәсіп. Сырдария мен бастауын сол өзеннен алатын теңізді, көп көлді сүзіп, несібесін теріп жүргендер әлі де жеткілікті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде балық аулау тым қарқынды бола қоймады. Өйткені бұрынғыдай шалқыған теңіз жоқ. Бірақ Арал өңірі үшін ең маңызды болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы іске асқан соң бұл саланың біртіндеп дамығаны рас. Егемендіктің басында 400 тонна ғана ауланып келген балық көлемі 20 есеге өсіп, бүгінде 7-8 мың тоннаға жетті. Екіншіден, балықшыларға деген құрмет жыл сайын артып келеді. Оның дәлелі ретінде, 50 жылдан соң алғаш рет 2015 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Арал өңірі балықшыларының слеті өтті. Жалпы балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ресми түрде бекітілген. Олардың мәртебесі айқындалып, жыл сайын мерекеленіп жүр.

Құрғаған ұлтан қараусыз қалмайды

Аралдың тартылуы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат салдарынан жерді тұз басып, шөлейтті жер аумағының көлемі көбейіп, адамзат денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп-өсуіне кері әсерін тигізіп отырғандығын жиі айтып келеміз. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, аймақтан ұшқан құмды дауылдың ұзындығы – 400, көлденеңнен 40 шақырымды алады екен. Ал радиусі – 300 шақырым. Тартылған теңіздің мәселесі жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемге қауіп төндіруде. Өйткені осының салдарынан жыл сайын 75 млн тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның өзі Еуропа мен Антарктидадан табылған.

Экологиялық ахуалға алаң­даған Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанына 1,1 млн гектар орман екпелерін отырғызу жайлы тапсырма бергені белгілі. Аталған жоба 2021-2025 жылдары орындалуы керек. Осы орайда 2021 жылдан бастап өткен жылдың соңына дейін жалпы көлемі 672 мың гектардан астам жерге орман мелиорациялық жұмыстары жүрді. Оның ішінде 142 757 гектар жерге көшет отырғызылып, 333 131 гектар жерге тұқым себілген. Сондай-ақ 196 147 гектар жерге сексеуілдің табиғи өсуі бойынша жұмыстар атқарылған.

«Аралдың деңгейі 1968-1990 жылдар аралығында негізгі жағалаудан 100-150 шақырымға дейін қайтып, бұрынғы су жатқан ұлтан жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. Ондағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуалды жақсартуда бүгінге дейін біраз жұмыс атқарылды. Жалпы құрғаған теңіз ұлтаны қараусыз қалмайды. Президент тапсырмасымен қыруар жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, 2021 жылы аумағы 101 мың гектер жерге орман мелиорациялық екпе жұмыстары жүрді. Ал дәл осындай сексеуіл көшетін отырғызу, галофитті өсімдіктер тұқымын себу жұмыстары 2022 жылы 250 мың, ал 2023 жылы 193 мың гектар жерді қамтыды. Былтыр бұл жұмыстар 127 737 гектарға дейін жалғасты» дейді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, биыл 428 мың гектарға жуық жерге мелиорациялық жұмыстар жүреді. Яғни теңіздің кепкен табанына шөлге төзімді өсімдіктердің көшеті отырғызылып, тұқымы себілетін болады.

Иә, сексеуілді көптеп отырғызғанмен, оның түбіне балта шауып, жеке бас пайдасына жаратып жүргендер жайлы айтпасқа болмас. Оның үстіне көмiр жетiспеушiлiгi мен қымбаттауы ауылдағы ағайынға ауыр тиді. Сексеуiлдi отын ретiнде қолдана бастадық. Қазір оны ауыл іргесінен емге таппайсыз, 100-150 шақырым ұзап барып, кездестіруіңіз мүмкін. Бұдан бөлек, үлкен қалаларда кәуап пісіру орындары көптеп ашылып, сексеуiлге деген сұраныс барынша артқан. Міне, пайдаға құныққандар темір троспен сексеуілді түп-тамырымен қоса жұлып алатын болды. Бұл біздегі орман қорының өздігінен көбеюіне көп кедергі келтіретіні белгілі.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button