Есірткіге қарсы үндейді
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған S.O.S атты драма жанрындағы кезекті қойылым өтті.
Драматург Мәдина Омарованың туындысында қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық және оның зардаптары бір отбасының трагедиясы арқылы көрсетілді.
«Нашақорлық – бүгінгінің ең үлкен дерті. Сондықтан да біз бұл әлеуметтік драманың атын S.O.S. деп атадық. Осылайша көпшілікке дабыл қағу арқылы нашақорлықтың алдын алуға өз үлесімізді қоспақшымыз. Өйткені адамдардың психологиясына тән нәрсе, бұл – басты кейіпкеріміз сияқты еліктегіштік, мол ақшаға қызығушылық. Әсіресе оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдердің тағдыр тәлкегіне түсуі әп-сәтте. Бас кейіпкер Айбар да ойланбастан теріс қадам жасайды, қателікке ұрынады. Ал бұл бара-бара үлкен қайғыға ұшырататынын кеш түсінеді. Біздің кейіпкеріміздің де тап келген қателіктер салдарынан анасы жалғыз қалды, қарындасының өмірі быт-шыт болды, ағасы түрмеге түсті. Бұл бір отбасы және оның айналасындағылардың басынан өткен оқиға ғана, ал «есірткіге елітіп, көлеңкелі бизнеске үйір болғандардың қатары көбейсе, қоғамдағы жағдай қандай болмақ?» деген ойға қаласың. Иә, нашақорлық және есірткі бизнесі ешқашан жақсылыққа апармайды, бұл жолға қадам басқандардың алдынан тек қана қара түнек күтіп тұрмақ. Біз осыны көрерменге жеткізгіміз келді» деді спектакльдің қоюшы режиссері, мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров.
Спектакльде басты кейіпкер – Айбар рөлінде Бибол Байғараев, Абзал Арапов болса, Айбарша рөлін Аружан Бағзат пен Арелана Амангелдиева сомдайды. Ал анасының рөлін «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат орындайды. Ал есірткі сататын топтың басшысы рөлін Қазбек Есқара ойнады.
«Мен спектакльдегі жағымсыз кейіпкердің рөлін ойнадым. Рөлді сомдарда режиссермен ақылдастық. Жасөспірімдерді жаман әдеттерден сақтандыру үшін қойылған спектакль болғандықтан, режиссердің актерлерге бірқатар арнайы талап-тілегі болды. Сонымен қатар біз, актерлер де өз ой-пікірімізді ұсынып, қойылымды бірге жасап шықтық. Мен де ойымдағы кейіпкердің бейнесін сахнаға алып шығуға тырыстым. Яғни, есірткі сатушы топтың бастығын әдепкідей біржақты зұлым, қатыгез кейіпкер ғана емес, әлдебір психологиялық соққылардың салдарынан ауруға айналған адам ретінде де көрсетуге тырыстық. Аталған кейіпкер спектакльдің өн бойында көріне бермейді, дегенмен рөлді сомдауға біраз іздендік» деген пікірімен бөлісті Қазбек Есқара.
Айта кетейік, қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана – есірткісіз қала» акциясын іске асыру шеңберінде ұсынылған болатын. Көрермендердің пікірінше, S.O.S. өзіне жүктелген сенім мен мақсатты ақтады. Өйткені спектакльдің жастардың көңілдерінен шыққандары соншалық, олар қойылымды екінші мәрте көруге келіпті.