Ел тынысы

Елімізде нотариус қызметі қанша тұрады

Соңғы үш жылда нотариустардың қызметі 28% қымбаттады. Бұл АЕК көтерілуімен тікелей байланысты деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұрын нотариус қызметі елімізде ғана емес, бір аймақтың өз ішінде де әртүрлі болды. Адамдар үнемдеу үшін тиімді жолын іздей бастады. Бірақ 2012 жылы Қазақстанда бірыңғай тариф енгізілді. Бұл азаматтарға тең мүмкіндік берді. Сонымен бірге бірыңғай тариф адамдарға шығынды алдын ала жоспарлап, артық шығынның алдын алуға көмектесті. Төлем жүйесі қазіргі кезде АЕК-ке тікелей байланысты.

Нотариус кабинетіндегі қызмет бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, баж салығын (ҚР Салық кодексінің 536 бабы негізінде реттеледі) төлеу керек. Екіншіден, нотариус қызметінің бағасы құқықтық және техникалық («Нотариат туралы» Заңының 30-1 бабы негізінде реттеледі) болып келеді.

Аймақтық нотариаттық палата жергілікті жеке нотариустардың қызмет құнына еш әсер ете алмайды. Тарифті тек ҚР заңнамасы және Әділет министрлігі реттейді. Құжатты шұғыл рәсімдеу кезінде де қосымша ақы алынбайды. Тек үйге барып қызмет көрсеткен кезде қосымша ақы сұрауы мүмкін.

2022 жылы АЕК елімізде 3 063 теңге болды. Бір жыл өткен соң 3 450 теңгеге жетті. Ал былтыр 3 692, 2025 жылы 3 932 теңге болды. Сөйтіп барлық нотариаттық шығын 6,5% өсті.

Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде 41 пункт бар. Осының аясында Қазақстандағы жеке нотариус кабинеттері өз қызметтерін ұсынады. Біз көпшілік арасында кең таралған қызмет түрінің ақысын салыстырып көрдік. Соның ішінде жылжымайтын мүлікті, мұрагерлікті, сенімгерлікті және өзге де жеке құжаттарды рәсімдеу құнын салыстырдық.

Кең тараған қызметтің түрі – мүлік меншігінен айыру қызметі. Бұған сату-сатып алу, сыйға тарту, айырбастау, рента кіреді. Бұл қызмет құны қала мен ауылға әртүрлі. Қаладан үй сатып алсаңыз нотариусқа 19 660 теңге, баж салығына 27 524 теңге төлейсіз. Барлығы 47 184 теңге болады. Ауылда бұл қызмет 10 616 теңге тұрады. Мәселен, сіз жылжымайтын мүлікті туысыңыздың атына (бала, жұбайы, ата-анасы, немере, ініңіз немесе қарындасыңыз) аударсаңыз, екі есе арзанға түседі. Қалада қызмет 27 524, ал ауылда 5 898 теңге тұрады.

Қазақстанда мұрагерлік құқық туралы куәлік бағасы 15 728 теңге. Мүлікті пайдалану және иелік ету құқығына сенімхаттарды куәландыру бағасы 9 830 теңге. Сату құқығынсыз автокөлік құралдарын пайдалану және басқару құқығына сенімхаттарды куәландыру – 7 864 теңге.

Өсиеттерді куәландыру қызметі – 11 796 теңге. Құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін беру – 2 752 теңге.

Құжаттардағы қойылған қолдың, сондай-ақ құжаттардың бір тілден басқа тілге аудармасының дұрыстығын куәландыру (әрбір құжат үшін) – 2 083 теңге. Құжаттарды және бағалы қағазды сақтау үшін бірретік 1 966 теңге, ал ай сайын 393 теңге төлеу керек.

Баға жеке тұлғаларға бөлек қаралды. Заңды тұлғалар үшін бұл қызмет 50-70%, кейбір түрі екі есе қымбат.

Бұған дейін Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сақтандыру қызметі қанша тұратынын анықтап білдік.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button