Білім ұясы қауіпсіз бе?

Елорданың білім беру жүйесінде 391 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатқан 877 ұйым бар. Оқу ошақтарындағы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина және қалалық прокурордың аға көмекшісі Дина Нұрпейісова қатысқан брифингте кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатындағы іс-шаралар мен олардың маңызы сөз етілді.
«Қазіргі уақытта қаладағы барлық оқу орны автоматты өрт дабылы жүйесіне қосылып, 100 пайыз цифрлық бейнебақылау, турникет және бірінші санатты лицензиясы бар күзет ұйымдарымен жабдықталған. Сондай-ақ барлық камера мен дүрбелең түймесі басқару орталығына қосылған.
Білім басқармасы балаларға қатысты қауіпсіздік іс-шараларын күнделікті бақылауда ұстайды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс күшейді. 2024 жылы алдын алу кеңесі бойынша 2018 отырыс өтті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89,6%-ға көп (2023 жылы – 1064). Ювеналды полиция есебінде 193 кәмелетке толмаған бала тұрса, мектеп есебінде 785 оқушы тұр, бұл көрсеткіш 154,1 пайызға өсті, бұл білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстардың күшейгенін көрсетеді. Есепке алынған кәмелетке толмағандармен жұмыс жеке жоспар бойынша жүргізіледі. Әрбір мектеп оқушысы мен колледж студенті үшін әлеуметтік портрет құрастырылды» деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.
Астанада оқушылар арасында жанжал туындаған жағдайда, жедел әрекет ету үшін 16 мобильді топ құрылды.
Қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың баспанасы, тұрмыс жағдайы, материалдық жағдайы тексерілуде. 3673 тексеру өткізіліп, анықталған 42 отбасыға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілді. Білім беру ұйымдарында бұзақылыққа қарсы бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы мақсатта қанатқақты жобаға 5 мектеп енгізілді. Оның аясында бұзақылықтың алдын алу және азайту (сабақ, тақырыптық ауысым, бірлескен оқу) және анықталған буллинг жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Бұл ретте 5 мектепте DosbolLIKE бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарлама аясында мұғалімдер «Білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-тәжірибелік негіздері» тақырыбында білігін арттыру курсынан өтеді.
Елорданың білім беру ұйымдарында QR-коды бар «Bala qorgau» тақтайшалары орнатылды. Оқу орнының әр бөлімінде «111» сенім телефоны жұмыс істейді.