Түркі жұртына ортақ қазына

Ұлттық музейде «Диуани лұғат ат-түрк» энциклопедиялық сөздігінің жарық көргеніне 950 жыл толуына орай «Тіл – ізгіліктің бастауы: Диуани лұғат ат-түрк» халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Көрменің ашылуына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің Мәдениет министрлері қатысты.
«Диуани лұғат ат-түрк» – көрнекті ғалым, ойшыл Махмұд әл-Қашқари XI ғасырда жазған бірегей туынды. Бұл – араб тіліндегі баламалары бар 9 мыңға жуық сөзді, түркі халықтарының мәдениеті, тұрмысы, тіл білімі мен әдебиеті туралы бай материалды қамтитын түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөздігі. Көрмеге Махмұд Қашқаридың суреті, «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің көшірмесі, түрік және қырғыз тілінде ұсынылған түпнұсқа, таңдамалы сөздер мен мақал-мәтелдер, XI ғасырдағы түрік қоғамын бейнелейтін ерлер мен әйелдердің киімдері, сол кезеңнің өмір салты мен мәдени көрінісінен хабар беретін жәдігерлер ұсынылды. Қарахан дәуірінің нысандары мен Махмұд Қашқари салған картаны қазіргі картамен салыстыру түріндегі ақпараттар қамтылған. Аталмыш көрме 23 ақпанға дейін жалғасады.
Әсемай РИНАТҚЫЗЫ