Бірлігі жарасқан елім бар

Биылғы жылдың атаулы күндерінің ішінде жыл бойында аталып өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы еліміздегі достық пен келісім рухын паш ететін мереке болып қалмақ. 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық қатынастар институты бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Мерейлі жылдың міндеттерін айқындады
Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайтуға, мәдениеттерді өзара байытуға, этностардың әдет-ғұрыптарын, дәстүрлері мен тілдерін сақтауға және дамытуға бағытталған. Ассамблея мәдени-ағарту және шығармашылық жұмыстар жүргізеді, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді.
Осы айдың басында Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті. Жиналысқа Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасарлары Лугмар Буларов пен Юрий Шин, Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы, өңірлердің ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларының, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар қатысты. Кездесуге қатысушылар мерейтойлық жылдың негізгі жобаларын, іс-шараларын және акцияларын талқылады.
Бірлікпен бекіген Достық үйлері
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 1000-нан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Өңірлерде ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Достық үйі бар. Бұл – ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталықтары (интеграция, медиация және волонтерлік) және ассамблеяның бірқатар республикалық және халықаралық жобаларын іске асырушы алаңдары.
Дәстүрлер мен мәдениетті, интеграцияны, мәдениетаралық байланысты сақтауда ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының жұмысы үлкен рөл атқарады. Ассамблеяның біріктіруші әлеуеті солар арқылы жүзеге асырылады. Елімізде Достық үйлері 100-ден астам әлеуметтік маңызы бар тиімді жобаларды жүзеге асырды.
Соның бірегейі елордалық Достық үйі – Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының беткеұстар айнасы. Мұнда халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар өткізіледі. Достық үйінде 23 этномәдени бірлестік, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ орналасқан. Ассамблея құрылымында 10 этнолингвистикалық мектеп, Қоғамдық келісім кеңесі, Медиация кабинеті, Ғылыми-сараптамалық топ, Аналар кеңесі, шығармашылық ұжым, «Ассамблея жастары» РЖҚ қалалық штабы, Ақсақалдар кеңесі, «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылық орталығы, «Мәміле» қазақ ситуациялық пікірсайыс клубы, «Жыр орталығы», АНК live тікелей эфир студиясы, дыбыс жазу студиясы бар.
Елордалық Достық үйінде қазақ тілі клубының дәрістеріне қызығушылық бар. Түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйрету мәселелері елордалық ҚХА-ның жұмысындағы басым бағыттарының бірі болып табылады. Достық үйінде өтетін «Мәміле» қазақ тілі клубының биылғы жылдың жаңа оқу жылында этномәдени орталықтардың өкілдері үшін еркін сөйлеуді қалыптастыруға басымдық беріледі. Клубтың әрбір сабағында тыңдаушылар жаңа сөз үйреніп, тілдік орта қалыптастырып келеді. Айта кету керек, аталмыш тіл үйрену курсының арқасында түрлі этнос өкілдері оқу мен жазуды үйреніп қана қоймай, өз ойларын еркін жеткізе алатындай деңгейге жетіп жатыр.
Ән мен жыр мерекесі
Жыл сайын Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өтетін қалалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары арасындағы «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты XXVI Қазақстан халқы достығының фестивалі – айтулы мерекелердің бірі.
Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған биылғы шараның негізгі мақсаты – қатысушылардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, жас таланттарды анықтау, жас ұрпақтың бойында рухани-патриоттық сана-сезімді қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту болып табылады.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанған қатысушылар Астана қаласы атынан Қазақстан халқы ассамблеясының шығармашылық ұжымдарының республикалық фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Жеңімпаздар қатарында «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі, корей этномәдени бірлестігінің «Сальмунори» барабан ансамблі, «Раздолье» орыс және казак әндерінің халық ансамблі, поляк этномәдени орталығының «Стокротка» ансамблі және Садиг Намазов пен Ниматтило Зкруллаев бар. Айта кетейік, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Қазақстан халқы достығының фестивалі елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін бірлік пен келісімнің, жақсы көңіл-күйдің айқын нышанына айналды. Шара соңында әр этномәдени бірлестікке ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды.
Айгүл УАЙС