Басты ақпаратҚала мен сала

Отандық автоөндірістегі оң жаңалық

Өткен аптада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде кең отырыс өтті. Аталған жиында өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, геология және жер қойнауын пайдалану салалары бойынша былтырғы қорытынды шығарылып, осы жылға арналған жұмыс міндеттері талқыланған еді.

Биыл 149 мың жеңіл көлік шығады

Министрдің сөзінше, өткен жылда өңдеуші өнеркәсіп пен тұрғын үй құрылысында айтарлықтай жетістік бар. Мәселен, өңдеуші өнеркәсібіндегі өнім көлемі металлургия (+6,9%), машина жасау (+9,7%), химия (+7,7%) және басқа да салалардағы өсім есебінен 5,9%-ға өскен.

Ал вице-министр Олжас Сапарбековтың айтуынша, машина жасау өндірісінің көлемі 9,7%-ға артқан. Осы жылы 5%-дық өсім күтілуде. Былтыр жыл соңына қарай 134 мыңнан астам жеңіл автокөлік өндірілсе, оның 23 мыңы сапамен қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ биыл 149 мың дана өнім шығару жоспарланған. Жыл соңына дейін жинақтаушы бұйымдарды (қосалқы бөлшек) өндіру жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда, ал оның нәтижесі шығарылатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік бермек.

«Автомобиль секторын дамыту локализацияны тереңдету және құрамдас база өндірісін игеру есебінен жоспарлануда. Бұл мультимедиялық жүйелерді шығаратын зауыт іске қосылып, Алматы қаласында жоспарланған автокреслолардың сериялық өндірісі арқылы жүзеге асырылады» дейді өз сөзінде О.Сапарбеков.

8 кәсіпорынның міндетін айтсақ…

Қазір Қазақстан аумағында 8 негізгі автокөлік өндіруші кәсіп­орын бар. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы жеңіл көлік, автобус, жүк және арнайы техника (жылына 127 600 дана) өндіретін «СарыарқаАвтоПром», Алматыдағы жеңіл көлік және автобус пен жүк көліктерін шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» (жылына 50 000 дана) мен «Hyundai Trans Auto» серіктестігі, Семейдегі «Семаз» бен «Daewoo Bus Kazakhstan» кәсіпорны бар. Көкшетаудағы жүк көлігі мен автобус, сондай-ақ арнайы техника шығаратын «Камаз-Инжиниринг» АҚ пен Қарағандының Сарань қаласындағы «QazTehna» ЖШС және Оралдағы «Уральскагрореммаш» кәсіпорнын да айтсақ болады. Жалпы жеңіл көлікті айтпағанда, елімізде жүк көліктері мен арнайы техниканың ең жоғары өндірістік қуаттылығы жылына 10 000, автобустар бойынша 1 200 дананы құрайды.

Салада іске асырылып жатқан екі жоба бар. Оның біріншісі – Алматы қаласындағы «ASTANA MOTORS MANUFACTURING KAZAKHSTAN» жеңіл көліктер өндіретін кәсіпорны. Мұның бір жылғы өндірістік қуаттылығы 90 мың автокөлік болмақ. Ал екіншісі – Қостанай облысындағы «KIA QAZAQSTAN» ЖШС. Жеңіл автомобиль шығаратын кәсіпорын жобада бір жылда 70 мың көлік шығаруға қауқарлы деп көрсетілген.

Жеңіл не жүк көліктер шығарушы өндіріс орындарынан бөлек, елде автокөлікке қажетті қосалқы бөлшек өндіретін бірнеше кәсіпорын бар. Талдықорғандағы аккумулятор өндіруші «ҚАЙНАР АКБ» серіктестігі, құйма алюминий дисктерін өндіретін «ВЕКТОР ПАВЛОДАР» кәсіпорны, Қостанайдағы шойын құймаларын, жүк көліктерінің басты берілістерін өндіретін «КАMLITKZ» зауыты отандық тауар өндіруші ретінде тұтынушыларды қажеттімен қамтып отыр.

Автокөлікке арналған шина шығарушы «TENGRI TYRES» (Қарағанды облысы, Сарань қаласы), мультимедиялық жүйе­лер өндіретін «KAZAKHSTAN MOBILITY ENGINEERING» және көліктер ішіндегі арнайы орындық шығаратын «VEHICLES ALMATY» (Алматы қаласы) кәсіпорны да осы сапта тұр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде автомобиль компоненттерін локализациялау бойынша түрлі жобалар іске асырылуда. Мамандардың сөзінше, бұл автомобиль өнеркәсібін дамыту және ішкі нарықтағы қажеттіліктер үшін керек.

Атап айтқанда, елде автомобильдер мен жүк көліктеріне арналған шиналар, амортизаторлар және басқа да резеңке өнімдер өндірілмек. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы бөлшектер, бамперлер, сәндік панельдер, май сүзгілері, радиатор, ішкі құрылғылар және әртүрлі механикалық бөлшектерді өзімізде ғана шығару көзделіп отыр. Жобалар іске асса, елдегі көлік шығару ісіне қажетті қосалқы бөліктердің импорты азайып, отандық өндірістің алға жылжитыны анық. Бұл кәсіп­орындар бәсекелестігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын да ашады.

«Тазалықшы» көліктер кәсіпорны

Бұдан бөлек, Қазақстанда жүк көліктері мен арнайы техникаға арналған түрлі жабдықтар өндіретін зауыттар бар. Мысалы, Астана қаласындағы «STAHLBAU» компаниясын айтсақ болады.
Италиялық «IVECO» маркасымен арнайы жүк көліктерін құрастыратын «STAHLBAU» ЖШС елімізде 2015 жылдың көктемінде жұмысын бастады. Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан серіктестік нарыққа ең қажетті автомашина мен жабдықтар дайындайды. Дәлірек айтсақ, қыс айында қар тазалайтын, тайғақ болдырмау үшін тұзды құм себетін, енді бірі жаз айында жол үстін сыпырып, шаң басу үшін су шашатын «тазалықшы» жүк көліктерін шығарады.

Компания басшылығының айтуынша, жалпы машина құрас­тыру бойынша зауыт ішінде бес пост бар. Әр посттың өзіндік міндеті болады. Бірі – қаңқадан бастап алдыңғы және артқы көпірлерін жинап, жүрістік бөлігін нықтайды. Екіншісінде пневматикалық және электрлі құрылғылар, ал үшінші постта мотор мен қосалқы жабдықтары орнатылады. Төртіншісінде шанақ қойылып, оған қажетті заттардың барлығы бекітіледі. Ал бесінші постта құрастырылып болған көлікке қажетті сұйықтықтар (мотор майы, тосол, дизель, т.б.) құйылып, соңғы тексерістен өтеді. Осылайша, қажетті көлік әбден дайын болған соң зауыт басшылығы тапсырыс берушінің қолына кілтін ұсынады.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button