2025 жылғы қаңтардағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі

Бір жылда (2025 жылғы қаңтар 2024 жылғы қаңтарға қарағанда) пәтерлерді қайта сату бағасы 6,1%, жаңа тұрғын үйлерді сату – 4,1% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2025 жылғы қаңтарда 10% жоғарылаған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында жылдық мәндегі баға Павлодар – 13,8%, Ақтөбе – 13,6%, Көкшетау қалаларында 13,4% айтарлықтай өскен. Қолданыстағы пәтерлер нарығында бағаның ең жоғары өсімі Атырау (17,3%) мен Астанада (14,5%), тұрғын үйді жалға алу бойынша Астана (30,1%), Талдықорған (27,7%), Шымкент (19,6%) қалаларында байқалды.
Бір айдың ішінде (2025 жылғы қаңтар 2024 жылғы желтоқсанға) пәтерлерді қайта сату бағасы 1,5%, жаңа тұрғын үйді сату 1,3% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі қаңтарда алдыңғы аймен салыстырғанда 2% жоғарылады.
2025 жылғы қаңтар айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 917 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 153 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 764 мәміле жасалды. 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда (50 046) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 38,2% азайды. Мәмілелер саны бойынша Астана (6 548 – 21,2%), Алматы (6 137 – 19,8%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 411 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 378 мәміле (1,2%).
2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың қаңтарында барлық өңірде мәмілелер санының азаюы байқалды. Ең аз төмендеу Павлодар (-58,1%), Қызылорда (-54%) және Түркістан (-52,3%) облыстарында тіркелді.
2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі мәмілелер саны 37,4% (14 794 мәмілеге) азайды. 2025 жылдың қаңтар айында пәтерлер бойынша барлығы 24 764 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 80,1%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (26%), Алматы (23,4%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың қаңтар айында олар бойынша 9 523 мәміле ресімделген.
2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, 2025 жылдың қаңтарында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 41,3% (4 335 мәмілеге) азайды. Қаңтарда барлығы 6 153 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең аз төмендеуі Қызылорда (-63%), Ұлытау (-59,8%) және Абай (-53,5%) облыстарында байқалды. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының бір айдағы өсімі тіркелмеген.
2025 жылғы қаңтарда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 2,5%-ға азайған, ол кезде 31 713 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (+45,7%) байқалады, ең аз төмендеу – Түркістан облысында (-27,8%).
Жыл сайын қаңтар айында базалық объектілер іріктемесі өзектендіріледі. Қаңтар айындағы орташа баға белгілі бір сипаттамалары бар таңдалған тұрғын үй түрлерінің өзекті іріктемесінен қалыптасады. Есепті жылдың қаңтар айындағы баға индексін өткен жылдың желтоқсанына есептеу үшін өткен жылдың желтоқсан айындағы тұрғын үйдің әрбір түрі бойынша іріктеме, өткен жылдың желтоқсан айының орташа бағасын қайта есептеу жолымен салыстырмалы шеңберге келтіріледі.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.